ЖЕЛТОҚСАН ЫЗҒАРЫ

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

…Арай шай қамына кірісті. Алайда, Жанар ас ішіп те, дәм татып та жарыт­паған. Аласа бойлы, жұмсақ, қоңырқай пішінді, кішілеу қоңыр көзді, нәті жұмсақ, ақжарма жан еді. Екі жылдық қалалық дәрігерлік оқуды бітіруін бітірсе де, әлі қызметке орналаса қоймаған. Жанұяға перзент сыйлаймын деген қуанышты желеу етіп, содан жанына жұбаныш тауып, жүріп жатқан еді. Ендігі халі мынау…

– Жанар, не болды саған, қай жерің ауырып тұр,– деп ана жік-жапар болды.

– Ішім,– деді келіні, – ішім ауырып тұр. Және сол сырқат сәт сайын күшейіп бара ма деп қорқамын.

– Қалай, ішің түйнеп ауыра ма, жоқ, бұрап тұр ма?

– Баланың қозғалысы жиілеп кетті.

– Баланың қозғалысы,– деп ана шошып кетіп, Арайға қараған. Құдай-ау, не деп тұр, шыныменен бе, әлде жәй әншейін алданыш па екен?

…Осы кезде Арай өзінің болашақ дәрігер екені есіне түсіп, іске құмыл кірісіп кетіп еді. Жас келіннің тамы­рын ұстады. Қолын жүгіртіп, жүрек қағысын тыңдады. Одан соң ауыр аяқты әйелдің ішіне құлағын тосып тың тыңдады.

– Апа, – деді содан соң барып,– апа, мен сізге бірдеме айтайын.

– Айта ғой, құлыным.

– Шынында да келініңіздің жағдайы нашар. Бала қозғалып қалыпты. Толғақтың қаупі сезіледі.

– Қойшы.

– Шын айтамын, келініңізді толғақ қысып тұр.

– Толғағы несі, жеті айға жаңадан ғана толды емес пе.

– Екіқабат әйелдің басында ондай жәйттер жиі бола береді. Алты, жеті, кейде сегіз айлығында бала қозғала береді. Мүмкін, бір тосын жағдайлар болған шығар.

– Не болды, – деп ана келініне қара­ды. Не болғанын айт.

– Апа,– деді келіні ыңырси сөй­леп,– жолда автобус аударылды. Бір аялдамаға келгенде, алдымыздан топты адам шықты да, автобусты аударып тастады.

– О, құдай, өзің сақта, өзің сақта,– деген ана дауысы қатты шығып кетті,– біз секілді ешкімге залалы жоқ пендені өзің сақтай гөр…

– Апа,– деді Арай тездете сөйлеп,– енді іске кіріселік. Сіз келініңіздің қасында болыңыз. Мен туытханамен хабарласайын.

Арай осыны айта салып, теле­фонның қармағына жармасып еді. Қанша хабарласса да, туытханадан еш жауап болмаған. Бірі салғырт тыңдайды, енді бірі қасақана үзіп тастайды. Келесі біреуі бүгін кімнің болмасын босануына ұлықсат та, уақыт та жоқ, сол үшін хабарлас­паңдар дегенді айтып, байланысты үзіп тастаған. Үйдегі телефоннан, көшедегі аспа телефоннан, керек десе почта үйіндегі байланыс жәшігінен еш хабар болмағаннан кейін Арай тәуекел деп көшеге шығып еді. Тезінен такси ұстап, өз аудандарына тиесілі туыт­ханаға келген. Туытхана маңы ығы-жығы адам екен. Біреуді біреу біліп болар емес. Арай кезекші бөліміне келген.

– Саған не керек,– деді кезекші әйел шаңқ ете түсіп.

– Дәрігер ханым, үйде жас ана толғағы ұстап жатыр еді. Соған сіздің жәрдеміңіз керек.

– Қандай жәрдем?

– Жедел жәрдем машинасын жіберіңіз. Екіқабат әйелді осында әкелу керек.

– Тапқан екенсің ақылды, – деді әйел түкірігі шашырап, қылғына сөй­леп, – тапқан екенсіңдер босана­тын уақытты. Осындай кезде де әйел бо­сана ма екен? Ол әйелдің дені сау ма, әлде жын қаққан ба өзін.

– Сіз не деп тұрсыз, байқаңыз, егер шарананың жағдайы қиындап кетсе, осы сөзіңіз үшін жауап беретін боласыз.

Мына сөзді естігенде әйел қар­қылдап күліп жіберіп, екі қолын жайып, тұрған орнында шыр айналды.

– Жауап дейсің бе, мен саған жауапты әлдеқашан беріп болғам жоқ па. Айналада не болып жатқанынан хабардар шығарсың. Жедел машина­ның бәрі үкімет алаңына кеткен. Кезекте тұрған ешбір машина жоқ. Ал машина керек болса, Үкімет алаңына бар. Бәлкім, жолың болып қалар…

– Сен секілді адамдардан құдай сақта­сын,– деді Арай дауыс көтеріп,– сендерден ешкімге де ешқашан жақсы­лық келмейді. Ал зұлматтарың жетіп-артылады.

– Сандалма, – деді кезекші әйел. Сөйтті де, дәлізде келе жатқан үш-төрт құтқарушы сарбазға қарап, бұйыра сөйледі.

– Сарбаздар,– деді саңқ етіп,– қараң­даршы, мұнда тағы бір декабрист келіп тұр. Өзі алаңда да болған сұры бар, ыңғылы солай. Мұндайларды дереу ұстамасаңдар, жағдай шұғыл өзгеріп кетері сөзсіз. Олай болатыны бұлар сәтінде талай адамды шабылға шақырып үлгіреді. Әкетіңдерші өзін, әбден миымды қатырып болды.

– Не дейді сонда?

– Келін босанғалы жатыпты.

– Бүгін бе?

– Иә, бүгін.

– Есі дұрыс па өздерінің, басқа күн таппағандай бүгін босанам дегені қай сасқаны.

– Мен де соған таң қалып отыр­мын.

– Бүгін ешкімнің де босануына болмайды, ұлықсат жоқ, – деп сарбаз­дардың жақын тұрған біреуі айтарын кесіп айтты.

– Сендер не деп тантып тұрсың­дар,– деді Арай енді бұдан арыға шыдамай,– не деп оттап тұрсыңдар. Қай әйелдің қашан босанатыны сендердің қолдарыңда ма? Өңшең есібас, не сандалып тұрсыңдар.

– Кім есібас,– деді өзіне ең жақын тұрған бір құтқарушы сарбаз,– сен не деп кеттің өзі?

– Сендер есібас,– деді қыз тай­салмай. Сендер барып тұрған нақұрыс­сыңдар.

– Нақұрыс.

– Иә, нақұрыс, орысшасы идиот.

– Сендер неғып тұрсыңдар,– деп енді кезекші әйел сарбаздарға тиісе сөйледі. Айтпадым ба мен сендерге, ол барып тұрған ұлтшыл, әрі бұзақы қыз. Ал жақсы онда, нақұрыс деген сөзді естіп, нақұрыс болып тұрсаңдар тұра беріңдер…

Мына сөзді естігенде қасында тұрған екеуі елең ете қалып еді. Өйткені, манадан бері істің ау-жайын түсінбей, бұлардың не деп жатқанын да біле алмай ділгірлеп тұрған қазақ тілін білмейтін қар орыс пішінді екі сарбаз енді мына сөздің мағынасын анық сезініп, аяқ асты қағынып шыға келген.

– Нақұрыс деп бізді айтып тұр ма,– деген орыс тілінде. Ендеше сол сөзді естіп тұра бермекпіз бе. Көрсетейік бұған нақұрыстың кім екенін. Машинаға алып жүріңдер.

Сарбаздар бұл бұйрықты табанда орындауға кіріскен. Қызды бас салып ұстап, қолын қайырып, дедектетіп, сүйрей жөнелуге айналып еді. Қыз байғұс дәліздің бұрышына тығылып, шыр-шыр етеді.

Осының бәрін бір мосқал жастағы әзербайжан әйелі көріп тұр еді. Не айтқандарын естіген. Не күлерін білмей, не күйінерін білмей, екі дай күйде, қапа болып тұрған. Енді жазықсыз қызды тарпа бас салып, сүйрей жөнелуге айналғандарын көргенде шалт кеткен.

– Тоқтатыңдар, – деп зекіді құт­қарушы сарбаздарға түсінікті болсын деп әдейі орыс тілінде сөйлеп,– тезінен доғарыңдар бұл бассыздықты. Сендер не деп сандалып тұрсыңдар. Қай кезде босанатын шағы жеткен әйел уақытқа қараушы еді. Өй, өңшең ақылынан адасқан ақымақ немелер. Ал мына қыздың не күнәсі бар,– деді өзіне жәутең-жәутең етіп, жалынышпен қарап тұрған қызға қарап, – біле білсеңдер ол қыз босанғалы жатқан әйелге жәрдем тілеп келіп отыр. Ол қызға жүкті әйелді осында алып келетін жедел жәрдем машинасы керек. Осы ма сендердің оған жасаған жақсылықтарың. Ол – бір. Екіншіден, айтпайын десе де айтқызасыңдар, осы қазақтар, сендер неткен имансызсың­дар. Сендерде иман, ұят, намыс, ұлттық рух деген бар ма өзі. Әй, жоқ-ау, сондай асыл қасиеттер сендердің бойларыңда. Мен сендердің бойларың­нан жылт еткен бір ізгілік, адамдық, азаматтық ұшқынын көре алмай тұрмын. Сендерден өзге ешқандай ұлт­тың азаматтары өздерінің адам­дарын, әсіресе нәзік жанды үлбіреген жас қыз­дарына таяқ көтермейді. Еш уақытта соққыға жықпайды. Тіпті, қол тигізбейді. Мәселен, әзербайжан жігіт­тері өлсе өліп кетер, алайда әзер­байжан қыздарына қолының ұшын тигізбейді. Ал сендер… Ит екеш итте өз ұяласын жөнсіз таламайды. Қарға да қарғаның көзін шұқымайды. Сендер адамшы­лықты былай қойғанда, сол хайуа­наттар құрлы болмағандарың ба, өй, өңшең ез немелер. Босатыңдар қызды.

Қыз да осы сөзді күтіп тұрғандай еді. Өзін тапжылтпай, бүріп ұстап тұрған неме­лердің қолын сілкіп тастап, әзербайжан әйелінің қолтығына тығылды… «Қызым,– деді әйел Арай­ды аялай өзіне тартып, – сен еште­меден де жасушы болма, сырыңды алдырма. Мен білемін, сендер жақсы және өте жақсы жұрт­сыңдар. Сен тұп-тура ер халықтың ұрпағысың. Сол жағын да толық сезінгенің жөн. Сендердің діндеріңді де, тілдеріңді де алалап, бұзып жатқан қарғыс атқан қоғам бар. Осы күнгі оспадарсыз­дықтың бәріне ескіден келе жатқан ата салт емес, сол жанамалай қосылған қызыл қоғам кінәлі. Еңсеңді түсірме, әліптің артын күт, бәрі де орнына келеді, бәрі де жақсы болады…».

Әйел осыны айтып, қызды қолынан ұстаған қалпы есікке беттеген. Құтқарушы сарбаздар да жәйіне кетіп үлгірген екен.

Еш іс тындыра алмаған Арай үйге жетуге асықты. «Енді не болар екен,– деп іштей күйінді. Енді бізді тағдырдың қандай сыйы күтіп тұр екен. Туыт­ханалардан көмек болар түрі жоқ. Жедел машина былай тұрсын, ең болмаса жөнді жауап та ала алмадық. Сонда қалай болғаны… Бәлкім, толғағы тоқтап та қалар, бәлкім үйде босанатын да шығар…

Құдай-ау, бұл құқайымызды айтар кім бар, кім бізге қолұшын бермек. Иә Жаратушы ием, өзің пана бола көр…».

Сол түні Жанар мерзімінен бұрын үйде босанып, ұл тапты. Балпанақтай нәрестенің атын Әділет деп қойды…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *