Желтоқсан айы келгенде…

Рая ЕСКЕНДІР

Осыдан тура төрт жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаламыздың Медеу ауданында орналасқан №125 бөбекжай балабақшаның ашылу салтанатына арнайы қатысқан еді.

Тұңғыш Президент күніне тартту ретінде ашылған бұл балабақшаның өмір жолы сол күннен бастап ерекше тарихпен басталып жүре береді.

Қаламыздың кішкентай тұрғындары қыстың алғашқы айын ерекше әзірлікпен қарсы алып, өлең-тақпағын, әні мен биін әзірлеп бір серпіліп қалады.

Биылғы жылы да №125 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Арайлым Қазбекқызы бастаған ұжым ерекше кеш ұйымдастырды. Кішкентай жүректері елім деп соққан бүлдіршіндер қолдарын сол жақ кеуделеріне қойып, мемлекеттік гимнді орындады. Осылайша ерекше сарынмен басталған кеш немерелерінің бақытты мекеніне қонақ ретінде келген ата мен әженің ақ батасынан соң басталып та кетті.

Қос мерекені атап өтіп отырған ұжымның қуанышына ортақтаса келген Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласының құрметті азаматы Аягүл Миразова өзінің ыстық ықыласын білдіріп, барша ұжым мен оның бүлдіршіндеріне деген ризашылығын білдірді.

– Көп баланы дүниеге әкеліп, оларға білім берген ардақты анамыздың перзенттерінің бірі Мұрат Әділханұлы өзінің үлкен азаматтығын қай салада да білдіріп жүр.

Бүлдіршіндерімізге балабақша салып берсе, заманауи үлгідегі мектеп тұрғызып, оқушыларымызға қуаныш сыйлаған еді. Болашақ ұстаз болсам деген түлектерге де арнайы грант тағайындап, мұғалім мәртебесінің асқақтауына өз үлесін қосып келеді. Тағы да бір тамаша жобасы қаламыздың ұстаздары арасында байқау жариялап, басты жүлдеге көлік тігіп отыр. Мұның өзі талантты ұстаздарымыздың танылуына, еңбекке деген қабілеттерінің шыңдалуына мол мүмкіндік береді, – деді.

Еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлы бүлдіршіндерге деген жүрекжарды лебізін білдірді.

– Бүгінгі бүлдіршіндеріміз күні ертең-ақ азамат болып шыға келеді. Осынау кездесу кеші олардың жадында жаңғырып, саналарында сақталып қалатынына сенімдімін дей келе, арнайы кездесуге келіп отырған кеш қонақтарына ризашылығын білдірді.

Келесі кезекте балабақша ата-аналары ардагер ұстаз Қуанышгүл Меңдіаяқова, Әсел Жүнісова сөз сөйлеп, ұжымға тілектерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Бөбекжай балабақша қонақтарына балақайлар өз тілектерін арнаумен жеткізді. Балақайлар «Елбасым», «Біз кішкентай жұлдыздар», «Нұр аға», «Тәуелсіздік ұраным», «Мен қазақпын» әндерін нәшіне келтіре шырқап, балабақшаның «Дара», «Қазына» бишілер тобы бірнеше ұлттық биді келістіре билеп берді.

Жарқын болашаққа ұмтылған балақайлардың бойынан елі мен жеріне деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім анық байқалады. Күні ертең бұл балақайлардан ел азаматтары шығатынына кеш қонақтары да, ата-аналар да нық сенімді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *