Желмен жарысқан «OFО»

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

Алматы көшелерінде жүйткіп жүрген сары түсті велосипедтерді көрмеген адам кемде-кем шығар. Әсіресе, жастар жағы осы көлік құралын «ерттеп» мініп алған. Бұл – Ofo велосипедтері екен.

Ofo компаниясы алғаш 2014 жылы Қытайда ашылыпты. Оның негізін қарапайым 5 студент қалаған екен. Қазір Оfo компа­ниясының әлемнің 17 еліндегі 180 қалада қыз­мет көрсететін орта­лықтары жұмыс істейді. Қытайдан бастау алған стартап жоба Син­гапур, Австралия, АҚШ, Ұлы­бри­тания, Ита­лия, Испания, Ав­стрия, Таиланд, Чехия, Малайзия, Португалия, Израиль, Жапония, Нидерланд, Ресейге және кейіннен Қазақстанға таралған.

Біздің қалада Оfo велосипедтері мегаполистегі бірнеше жоғары оқу орындарының маңайына қойылды. Атап айтқанда, әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университеті, Қ.Сәт­баев атын­дағы Қазақ Ұлттық техни­калық зерттеу және Нархоз уни­верситеттерінің аума­ғына орналас­тырылған.  Ofo велосипедтерінің ар­найы вело­тұрақтары жоқ. Яғни кез-келген адам велосипедке отырып, көздеген жеріне жетіп алған соң, сол жерде  қалдырып кете береді. Сөйтіп, келесі адам вело­сипедке мұқтаж болса, сол жерден алып кетеді. Бұл жүйенің тағы бір ыңғай­лы жері осы. Сонымен қатар, артық құжатты қажет етпейді. Барлық мә­се­ле ұялы телефон арқылы шешіледі.

Мұндай сары велосипедтер Алматы қаласынан бөлек, Астанада да қолже­тімді. Ескеретін жәйт, өткен жылдың қараша айынан бастап енген бұл велосипедті қолдану тегін болған еді. Өйткені, компания бұл жүйені елімізде сынақ ретінде енгізді. Осы көктемде Оfo велосипедтері толық­қанды іске қосыл­ды. Наурыз айынан бастап сары вело­сипедтер ақылы қызмет көрсете баста­ды. Экология­лық таза көлік құралының жарты сағаттық қызметі – 80 теңге. Тұты­нушылар сағатына 160 теңгені құрай­тын  «Ofo»-ның қызметі қымбат деген пікір білдіруде. Дегенмен, жоба жетекшілері алдағы уақытта бірқатар жеңілдіктер науқанын енгізуді жоспар­лап отырғандарын  мәлімдеуде.  Жалпы, қала тұрғындары бұл жүйенің ұзаққа баратынына күмән­мен қараған еді. Өйткені, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демек­ші, аяқ астынан пайдаға кенелуді көздеген кейбір адамдар аталған велосипедтерді ғаламтор арқылы сатуға қойды. Ал «Вконтакте» әлеу­мет­тік желісінің пайдаланушысы екі жігіттің велосипедті үйіне кіргізіп жатқан сәтін суретке түсіріп алып, желіге салды. Тағы бір әлеу­меттік желі қолданушысы әлдекім­нің дүкен­ге кірмес бұрын, Ofo велоси­педін басқа біреулердің алып кетпесі үшін құлыптап, меншіктеп алғаны туралы жазған еді. Ол-ол ма, қаладағы барлық велосипедті жинап, үйінің есігінің алдына қойып таста­ған сурет­тер әлеуметтік желіде толып жүр­ді. Ал дөң­гелектері қисайып, жүруге жарамсыз, сау-тамтығы қалмаған велосипедтер қаншама?!

Осылайша әлеуметтік желі қолда­ну­шылары бірауыздан «жаңа жүйе толыққанды іске қосылғанша қалада бірде-бір Ofo велосипеді қалмауы мүм­кін» деген пікір білдірген еді. Ал жоба ұйымдастырушылары алдағы уақытта оңай олжа табудың жолын іздеген адамдармен күресудің тиімді тәсілдері енгізілетінін айтып, халық­ты сабырға шақырып отыр.

 

 

Ofo велосипедін қалай пайдалану керек?

 

  1. Алдымен телефонға «ofo» деп аталатын бағдарламаны жүктеп алу керек. Оны «AppStore» немесе «PlayMarket»-тен табуға болады.
  2. Бағдарламаны жүктеп алған соң, оған тіркелу керек. Ол үшін тұтыну­шының телефон нөмірі, банк картасының нөмірі мен элек­тронды поштасын көрсету жеткілікті. Құжат тасып, ресми орган­дарға тіркелудің еш қажеті жоқ. Ескерте кететін жағдай, қазір сервис уақытша тегін болған­дықтан банк картасынан қаражат алынбайды.
  3. Тіркелген соң велосипедтің артындағы кодты телефон каме­расына сканерлеу арқылы құлыптан ашасыз. Сканерлеу кезінде ұялы телефоныңызда Bluetooth қосулы болуы шарт. Осылайша сары велосипедті тегін тізгіндеп, қалаған жеріңізге бара бересіз.
  4. Межелі жеріңізге жеткен соң велосипедтің артқы дөңгелегін қайта құлып­тап, жолда жүру ережесіне сәйкес тұраққа орналас­тыруыңызға болады. Сізден кейін тіркелген басқа адам оны GPS арқылы тауып, қолдана алады.

 

Білесіз бе?

Ең алғашқы велосипед­тер ХІХ ғасырда Еуропада пайда болған. Ефим Арта­мо­нов есімді өнертапқыш жа­саған велосипед 1801 жылы Мәс­кеуде көпшілік назарына ұсынылған бола­тын. Оның алдыңғы үлкен доңғалағын басқыш арқы­лы қозғалысқа келтірген. Ал артындағы ша­ғын доң­ға­лақ сүйемел­деу­шінің қыз­­­­метін атқарды. ХІХ ға­сыр­­дың 50-жылдары неміс механигі Ф.Фишер велоси­педтің алдыңғы доң­ғала­ғына педаль кигізілген ша­тун орна­туды ұсынды. Дәл осы кез­ден бастап вело­си­пед көптеп шығарыла бас­таған еді.

 

Есіңізде болсын, жолаушы!

 Велосипедпен жүрген кезде:

  1. Жолға шықпас бұрын, велосипедтің сыртқы техникалық жағдайын тексеріп алыңыз. Әсіресе, тежегіш жүйесіне көңіл бөлгеніңіз абзал.
  2. Көшеде велосипедпен жүру қауіпті. Сондықтан көшедегі велосипед жүргізушінің жасы 14-тен кем болмау керек.
  3. 14 жасқа толмасаңыз, сізге көшеге шығуға рұқсат етілмейді.
  4. Велосипед тізгіндегендер көшеде оң жақ шеткі жол жолағымен мүмкіндігінше оңға таман бір қатармен қозғалуы тиіс.
  5. Велосипед тепкендерге жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етілмейді.
  6. Тоқтау белгісі велосипед жүргізушісінің қолын жоғары қарай көтеруімен айқындалады.
  7. Оңға бұрылар ол оң қолын оңға қарай тіке жазып немесе сол қолын оңға қарата шынтағынан бүгу керек. Ал солға қарай бұрылған кезде сол қолын солға қарай тіке жазу керек. Немесе оң қолын солға қарата шынтағынан бүккен абзал.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close