ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАҒА КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ ҚАЛАЙ?

3Қаламызда соңғы жылдары жекеменшік балабақшалар жиі ашылып, олардың саны артып отыр. Бұл, ең алдымен, балабақшаға деген қала тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Дегенмен, мұндай балабақшаларға қарапайым халықтың қарадомалақтары бара бермесі тағы анық. Мұндағы төлемақы ақылы жоғары оқу орындарының төлемақыларына пара-пар.

Балабақшадағы төлемақыны орташа еңбекақы көрсеткішінен асырмау туралы Алматы қаласы әкімінің 2012 жылғы шешімі бар. Ал жекеменшік балабақшадағы төлемақы 40 мыңнан бастап 100 мыңға дейін жетеді. Өздерін жабық мекеме санайтын жекеменшік балабақша мәліметтері де аса құпия болып сақталады. Жекеменшік балабақшаға деген сіздің көзқарасыңыз қалай?

 

Анар СҰЛТАНОВА,

кәсіпкер:

– Менің үш балам да жекеменшік балабақшада тәрбиеленді. Мен үшін өте ыңғайлы болды. Арнайы көлікпен келіп алып кетеді. Өздері үйге дейін жеткізіп салады. Бұл қызмет түрі де төлемақыға кіреді. Балаларым таңертең жылап, «бармаймын» деген кезі болған емес. Топтағы балалар саны да көп емес. Қазір кенже қызым барып жүр. Біраз нәрсе үйреніп қалған сияқты. Қаржы жағынан аса қысыла бермейміз. Сондықтан, әркім өз қалауын жасаған жөн-ау.

 

Хамит БІРКЕНҰЛЫ,

ата-ана:

– Менің немерем жекеменшік балабақшаға барып жүр. Ұлым мен келін солай деп шешті. Өздері компанияда қызмет етеді. Төлемақысын уақтылы өздері төлеп отырады. Менің міндетім – немеремді апарып, алып қайту. Кейде баяғы өзімнің балаларымды 11-ықшамаудандағы балабақшадан алып қайтатын кездерімді сағынамын. Балалар у-шу болып думандатып жататын. Ал мына бақша ондай емес. Әркім өз ойымен әуре. Бір-бірімізді танымаймыз. Көбі орыстілді, қаланың жаңа қазақтары. Немерем өлең-тақпақтан гөрі, достарының ата-анасын, қайда барып демалғаны, үйіндегі ойыншықтары туралы айтқан әңгімесін ғана айтып келеді.

 

Дина БЕКТҰРҒАНОВА,

тәрбиеші:

– Жекеменшік балабақшаның мемлекеттік балабақшадан басты ерекшелігі – айлық төлемақысында. Сосын, ондағы баланың санында. Бәріміз жас ұрпақ тәрбиешісі болғандықтан, міндетіміз де ортақ болуы керек. Жекеменшік балабақшаларда 5 салаға негізделген бағдарламаны пайдаланғанымен, ауытқулар көп болып жатады. Мемлекеттік стандарт бойынша мемлекеттік балабақшада кіші топтағы бала саны 20-дан, ал ересектер тобы 25-тен аспауы керек болса, жекеменшік балабақша 10 бала болса да топ аша береді. Мекеме иесі, құрылтайшы белгілеген баға оның Жарғысында көрсетіледі. Сондықтан, ондағы бағаны бір жүйеге келтіру керек сияқты.

 

Мәдина РЫСҚҰЛОВА,

ата-ана:

– Біздің үйге жақын маңда жекеменшік балабақша орналасқан. Ашылған кезде «бағасы арзандау болады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына да арналған топтар бар» деп естіген едім. Сөйтсем, олай болмай шықты. Сондықтан, жекеменшік балабақша десе, мен үшін ол бір табыстың көзі сияқты көрінеді. Жалпы, жекеменшік балабақша, мектеп дегендерде білім сапасы онша емес. Оны ата-аналардың өзі де мойындайды. Ақшадан қағылмас үшін балаға өтірік «бестік» қоя береді. Жекеменшік балабақша немесе мектептің мақтаулы, ең озатын өзіңіз естідіңіз бе?

 

Сауалнаманы жүргізген – Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *