ЖЕКЕ ТҰЛҒА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Жолдау және жұртшылық

Адами капиталдың сапасын арттыруға күш саламыз

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын кезекті Жолдауын жолдады.

Бұл Жолдаудың аты айтып тұрғандай, қазіргі ХХІ ғасырдағы өзгермелі уақытта, әлемнің қа­рыш­тап, күн сайын жаңа иннова­циялық технологиялардың жаңа түрлері қолданысқа еніп жатқан кезеңде, халқымыздың осы көшке еріп қана қоймай, тұрмыс сапа­сын арттырып, табысқа қол жет­кізе білуі мемлекетіміздің басты міндеті. Президент бұл Жолдау­ында біздің еліміздің жаһандық дағдарыс қыспағынан жол тауып, мемлекетті алға сүйрейтін басты бағыттарды атап көрсетті.

Биылғы Жолдау ел экономи­касының әртараптанып, халқы­мыз­дың тұрмыс-тіршілігінің  жақса­руын, қазақстандықтардың болашақта қалай дамитынын анықтап берді. Жолдаудағы «Ха­лық табысының өсуі», «Тұрмыс сапасын арттыру», «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», «Аза­маттардың сұранысына бейім­делген мемлекеттік аппарат», «Тиімді сыртқы саясат» деп атала­тын бағыттары жаңа Қазақ­стан­ның алға қадам басардағы басты бағдаршамы. Бұл, әрине, еліміздің алдағы уақытта қай бағытта құлаш сермеуіне жол көрсетеді десе де, біз білім саласының қыз­меткерлері болғандықтан осы білімге қандай тың бастамалар мен жаңалықтар енеді деп құлақ түріп отырамыз.

Жолдауда Елбасы педа­гог мәртебесіне кеңінен тоқтал­ған. Өйткені, қазіргі таңда мұға­лімдердің мәртебесі мен олардың өлшеусіз еңбегі заң аясында қорғалу керектігін қоғамның өзі анықтап берді. Әсіресе, Прези­дент­тің «5 жыл ішінде білім, ғы­лым, денсаулық сақтау сала­ла­рына барлық көздерден жұмса­латын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жет­кізу қажет», – деп айтқаны білім саласына деген үлкен жанашыр­лық қамқорлығы деп білеміз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы­ның мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі өзгерту керек дегені болашақ ұрпақтың жан-жақты дамыған, кез-келген ортаға өзін бейімдей алуына жол ашары сөзсіз.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы білім сапасының жақсаруын күшейту, жоғары оқу орындарын ірілендіру деген ұсы­ныстары еліміздегі білім бәсеке­сінің артуына жол ашады деп біле­мін. Өйткені, маман даяр­лауда қазіргі заманауи сұранысқа қарай Қазақстанды дамытуға жағдай жасап, адами капиталдың сапасын арттыруға күш сала білетін оқу орындарының ғана жұмыс істеуіне толық мүмкіндік беріп отыр. Ұлт көшбасшысының әлемдік елдердің тәжірибесінен құралған Назарбаев Университе­тінің үлгісімен жаңа жоғары оқу орындарын құру қажет деген міндеттері бұдан былай білім саласына жауапкершілікті артты­ра­тыны сөзсіз.

Бұл салада 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне де нақтылы міндеттер артылатыны ақиқат. Біздің университетіміз ректор Такир Балықбаевтың бас­тамасымен көптеген тың баста­малардың бастаушысы болып, еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы деген аттан айнымай келе жатыр. Президенттің биылғы Жарлығы­мен мемлекеттік гранттардың саны артқаны баршамызға мәлім. Сол гранттардың көпшілігін біздің оқу орнымыз иеленіп отыр. Бұл да біздің оқу орнымыздың талапқа сай білім беретінінің айғағы. Биылғы оқу жылының өзінде-ақ көптеген жаңа бағ­дарлама құрылып, студенттері­міздің бәсекеге қабілетті маман болуына біршама жұмыстар жүргізілді. Оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Оқытушы-профессорлардың жауапкершілігі арттырылды. Білімді бағалаудың критерийлік үлгісі енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойын­ша біздің студенттеріміз шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқып келсе, шетелдік профессор­ларды да өзіміздегі  оқу үдерісіне көптеп тартып отырмыз. Бүгінде әлемнің 23 мемлекетінің 130 уни­верситетімен әріптестік қызмет атқарып келе жатқан оқу орны­мыз бұдан былай да өрісін кеңейте береді деп ойлаймын.

Қысқасы, Жолдау нақтылы міндеттер белгіледі. Енді оны жүзеге асыруға атсалысу барша­мызға сын.

 

Хайрулла ЖАНБЕКОВ,

Абай атындағы

ҚазҰПУАкадемиялық мәселелер жөніндегі

департамент директоры.

 

Жас мамандарға көңіл бөлініп отыр

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 27 жыл толуы қар­са­ңында Ұлт Көшбасшысы – Елба­сы Н.Ә.Назар­баевтың ха­лық­қа арналған «Қазақ­стандық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауы қоғамымызда зор серпіліс тудырып отыр. Жол­даудың бөлімдеріндегі  алға қойылған мін­дет­тердің орын­далуы Тәуелсіз Отанымыздың материал­дық және рухани мәдениет сала­ларының әлем өркениеті кеңіс­тігіндегі дамы­ған мемлекеттермен иықтаса да­муына тың серпін әкелетіні ақиқат.

Жолдаудағы Елбасының: «Жоға­ры оқу орындарының ма­ман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Біз грант­тардың санын көбейттік, енді жауап­кершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табысты­лығын бағалаудың басты кри­терийі – оқу бітірген студенттер­дің жұмыспен қамтылуы, жал­ақысы жоғары жұмысқа орна­ласуы» деген сөзі мемлекетіміздегі жас маман­дардың тағдырына қатысты өзекті мәселелердің айрық­­ша назарға алынуын таны­тады. Бұл – Қазақстан ауыл шаруашылығы салаларына бака­лавриат, магистратура, докто­рантура (PhD) мамандықтары  бойынша жоғары білікті маман­дар даярлау — Қазақ ұлттық аграр­лық универси­тетінің оқы­тушы-профессор ұжымы үшін де жоғары жауапкершілікті арттыра түсетін абыройлы міндет.

Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситеті – 90 жылдық тағы­лым­ды тарихында отандық ауыл шаруа­шы­лығы салаларына ғылы­ми-теория­лық білім негіздерін жетік меңгер­ген білікті мамандар даярлап келе жатқан көшбасшы жоғары оқу орны. Университе­тіміз – Отаны­мыз­дағы аграрлық-индустриалдық жаңашылдықтың іргелі орталығы. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы аясында негізгі мамандық­тармен қоса туған жерді, отандық және әлемдік рухани құндылық­тарды меңгерген мамандардың азамат­тық-отаншылдық рухпен білім, ғылым негіздерін игеріп жатқан­дығы мемлекетіміздің әлеуетті болашағына зор сенім ұялатады.

Университетіміздегі қазақ және орыс тілдерін оқытатын кафедра­мыздың педагогикалық ұжымы да ауыл шаруашылығы, өндіріс, өнер­кәсіп салаларында еңбек етуге даяр­ланып жатқан мамандары­мыз­дың мемлекеттік қазақ тілін және ресми қолда­ныстағы орыс тілін болашақта кәсіби қарым-қатынас жүйесінде қолдану бағда­рында оқу-әдісте­мелік жұмыста­рын жетілдіре еңбек етіп келеді. Мемлекетіміздің материал­дық және рухани мәде­ниеті салала­рында еңбек ететін білімді, білікті маман­дардың әлеу­меттік қарым-қаты­настар жүйе­сін­дегі сөйлеу, жазу мәдениетіне дағдыландыру, латын графикасы негізіндегі қазақ әліп­биімен жазуды меңгерту – кафед­рамыз­дың ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстарының арқауы.

Қорыта айтқанда, Елбасы­мыз­дың жаңа Жолдауында атап көрсе­тілген бұған дейінгі игерілген жетіс­тіктеріміздің енді жаңа нәти­же­лермен толыға, толыса түсетін­дігі ақиқат.

 

Алтынарай ТЕБЕГЕНОВА,

филология ғылымының

кандидаты (PhD), Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы.

 

«Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер»

Елбасының биылғы Жолдауында біз, яғни мұғалімдер үшін тосын сыйға татитын жағымды жаңалық айтылды. Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданатынын естіп, бір серпіліп қалдық. Бұл мұғалімдерге ғана емес, жалпы білім беру саласына тың өзгерістер әкелетіні сөзсіз.

«Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер» деген дана халық­тың ұрпағын тәрбиелеуде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатыр­мын.  Ұстаздықты бала күнімнен армандағанмын. Сон­дық­тан болар, жұмысымды ада­лы­нан істеп келе жатқан мұғалім­дердің бірімін. Мектебімді, шәкірттерімді сүйемін, әріптес­терімді құрметтеймін. Өйтке­ні, олардың бәрі де сөзсіз құрметке лайықты.

Ұстаздыққа кездейсоқ адам келмейді деп ойлаймын. Жүрегің­мен істеген ісіңнен береке таба­рың анық. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады.

Мен әр сабағымды есеппен немесе біреу мақтаса, көріне қал­сам екен деп емес, алдымда отыр­ған, маған сенім артып, үйренсем дейтін білімге құштар өрендердің жүрегіне білім дәнін себе білсем екен деген мақсатпен өткіземін. Содан ләззат аламын. Жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсы­лыққа тәрбиелейтін, білім беретін мұғалімнің мәртебесі қашанда биік болғанын қалаймын.

Күнде таңертең мектепке асыға­мын. Онда мені қоңырау соғылы­сымен жылы қарсы ала­тын аяулы шәкірттерім күтіп отырады. Оқушы­лармен аманда­сып, қысқаша ғана хал-жағдай­ларын, көңіл күйлерін бағам­дап алғаннан кейін күнделікті саба­ғы­ма кірісіп кетемін.

Ұстаз тек үйретіп қана қой­майды, сонымен қатар үйренуші де, ізденуші. Ұстаз мейлінше жан-жақты болуы керек деп санаймын. Өйткені, алдыңда отырған әрбір бала үшін сен жауаптысың, ал шәкірт үшін ұстаз­дан асқан ақыл­ды, білімді адам болмайды. Менің бүгінгі шәкірт­терім өз ойын ашық, еркін жеткізе алатын ұл-қыздар. Көкірек көзі ашық, сана­сы ояу. Сондықтан олар­мен өткізе­тін әрбір сағаттарым қызық­ты. Өз білгенімді көңілге түйіп, көргенімді қолмен ұстап, әр тақы­рыпты оқушыларыма жаңашыл инновациялық технологиялардың көмегімен қызықты етіп меңгер­туге тырысамын. Біз бірігіп талай биікті бағындырып келеміз. Түрлі деңгей­дегі байқаулардың төрінен көрініп келеміз. Осы күнге дейін алған марапаттарым да біршама. Бұл биіктерге мен сол шәкірт­теріммен бірге жеткенімді мақта­ныш етемін.

Дүниетанымдық көзқарасы кең, өз-өзіне сенімді, ұйымдас­тырушы­лық қасиеті жоғары, заманға сай жаңашыл әріптесте­ріме де, атап айтсам, №2 ЖББМ директоры  Болат Сатаев, Эльмира Иса­баева,  Гүлжа­зира Игілікова, Жеңісгүл Бақытова,  Сауле Тасирова,  Айгерім Абута­ли­пова сынды және өзге де ұлағатты жандарға ылғи сәттіліктер серік болсын деп тілеймін.

Жанат ҮМБЕТОВА,

№2 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мүғалімі.

Жетісу ауданы.

 

Дамудың негізі — ғылым мен білім

Қазақстан Республикасының білім беру реформаларының негізгі мақсаты — білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу болып отыр. Болашақта  дамыған елдер қатарында болу  үшін заман талабына сай білім қажет. Осы орайда, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деді емес пе?! Дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сон­­дықтан да әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, білім беру жүйесінде  оқушыға  сапалы білім беріп, олардың үйле­сімді дамуы мен тұлға ретінде қалып­тасуына ұстаздың кәсіби шеберлігі өте қажет.

Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте, кәсіби білікті болуы тиіс. Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етуі тиіс. Оқушының ой-өрісін кеңей­тіп, дүниетанымдық көзқа­растары мен танымдық белсенділігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамы­туда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұл­ғаны жан-жақты дамытуды жү­зеге асыруда оқу үдерісіне инно­вациялық технолгияларды енгізу шешуші рөл атқарады. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушы­лардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім маз­мұнын жаңартудың көптеген ком­поненттері, соның ішінде мұғалім­дердің біліктілігін арттыру бағдар­ламасы осы мақсатқа бағытталған.

«Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады», – деп Елбасы  нақтылап айтып берген болатын. Қазіргі кездегі  оқыту үрдісі жаңа әдіс-тәсілдерді, жаңаша идеяларды қолдануды талап етеді. Осыған сәйкес, біздің қоғамға әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек, ол заман көшіне ілесу үшін өз білімін жетілдіріп отыруы қажет.

Әр мұғалім мектептегі білім сапасын арттыру үшін сабақта интер­активті әдістерді қолдана білуі, әр оқушының психологиялық ерек­шелігін ескеруі, міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, мүм­кіндік деңгейлерін аша білуі қажет. Бұрынғы оқушы тек тыңдау­шы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға, еркін ойлаушы азамат  екендігіне мән беруіміз керек.

Алматы  қаласы  Алмалы ауда­нындағы  №67 жалпы білім беретін мектепте жаңартылған  бағдарла­маны меңгерген,  білім жетілдіру курстарынан өткен мұғалімдер сабақ береді. Мектепте мұғалімдердің   көп­­шілігі жас мамандар болған­дықтан, семинар, коучинг,  ықшам­сабақтар жиі өтіп тұрады. Оның маңыздылығы, тигізер көмегі  ерекше. Атап айтар болсақ, «Тоқ­сандық жиынтық  бағалауды моде­рациялау», «Критериалды  бағалау­дың тиімділігі»,  т.б. тақырыбындағы  семинар, коучингтерге  мұғалімдер қатысып, белсене пікірлерін айтты.

«Басқа халықтардан кем болмау үшін біз білімді һәм күшті болуы­мыз керек. Білімді болуға  оқу керек, бай болуға кәсіп керек,  күшті болу­ға  бірлік  керек» деген  ұлт ұста­зы А.Байтұрсыновтың сөзі жас ұрпаққа  заман талабына сай жаңар­тылған білімді   меңгеруге үлкен ой қозғау бола­тыны сөзсіз. Өмір – мәңгілік қоз­ғалыс. Қозғалыс екі бағытта жүреді: жоғары және төмен қарай. Егер сіз жоғары қарай дамып, көтерілемін десеңіз, заман талабынан қалмай, еңбек етіңіз, ізденіңіз, жалықпаңыз.

Бейбітгүл ДЕМЕУОВА,

Алмалы ауданы, №67 жалпы білім беретін мектеп директоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *