Жеке куәлiк бiр жетiде жасалады

  • Қазақстан

Жеке куәлiк бiр жетiде жасалады

Аса маңызды құжаттарды жасайтын Блокнот фабрикасында жаңа қондырғы орнатылды. Онымен бұрынғы 10 мың дана құжаттың орнына, 16 мың құжатты басып шығаруға болады. Нәтижесiнде, жеке куәлiктi жедел жасауға мүмкiндiк туған. Мысалы, ендi жеке құжатты 7 жұмыс күнi iшiнде дайындау – 1989 теңгеге, 10 күнде – 904 теңгеге, 15 күнде – 563 теңгеге түседi. Құжаттарды жедел жасау былтырғы тамызда тоқтылған едi.

Жасасын, бостандық!

Биыл Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы. Соған орай үстiмiздегi жылы жазаны өтеу орындарындағы 5 мыңдай сотталушыға рақымшылық берiледi. Оның iшiнде 1,5 мың сотталушы қамаудан босатылып, қалғанының жаза өтеу мерзiмi қысқартылады. Осы ретте қазiрдiң өзiнде 160 шақты адам бостандыққа шығарылыпты.

Оралға әдемiлiк оралды

Соңғы жылдары Орал қаласы жылдам абаттанып келедi. Мысалы, мұнда тек былтыр ғана 3 гүлзар, 43 аула, 8 көше қайта жөнделiп, 8 мың –ағаш, 9 мың шаршы метр көгал отырғызылды, және 18 көшеге жарық жүргiзiлдi. Осындай жұмыстардың арқасында «ТМД және ЕуроАзЭҚ-ның үздiк қаласы» байқау-конкурсында Орал қаласы «Қаланы көрiктендiрудегi кешендi жұмысы үшiн» аталымы бойынша жеңiмпаз деп танылды.

  • Бiле жүрiңiз

Тексеру – шiлдеден басталады

Биылдан бастап автомобильдердi техникалық тексеруден өткiзу бәсекелес ортаға түскенi белгiлi. Бұл ретте техникалық тексерудi ұйымдастыру iсi ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң құзырына өттi. Әзiрге мұнда өтпелi кезең өтуде және биылғы 1-шiлдеге дейiн созылады. Ал ендi автокөлiктердiң техникалық тексеруден өтуiн бұрынғысынша ҚР Iшкi iстер министрлiгi қадағалайды.

Әр баланың нәпақасы – өзiнде

Бүгiнде елiмiзде 18 жасқа дейiнгi мемлекеттiк жәрдемақы алатын 745,8 мың бала және жасөспiрiм бар. Оның 74,4 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Осы ретте 4-5 бала туылғанда отбасына 70 650 теңге бiр реттiк жәрдемақы берiледi. Ал бiрiншi баланың күтiмi үшiн алғашқы жылы – 7772 теңге, екiншi балаға – 9185, үшiншiге – 10 598, төртiншi және одан көптерге – 12 001 теңге ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған.

«Киров» қауiп төндiрiп тұр

Тараз қаласы және оған жапсарлас жатқан 40 елдi-мекенге қауiп төнiп тұр. Өйткенi, Қырғызстандағы Киров су қоймасының деңгейi 2005 жылдан берi әлi тексерiлмептi. Ал егер ол су бөгетiн бұзып-жарар болса, онда биiктiгi 10 метрдей топан су аталған аумаққа ағуы мүмкiн. Осы жағдайды ескерiп, қазiр БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы аясында үкiметаралық комиссия тексерулерi жүрiп жатыр.

  • Керек дерек

Электр қуатын үнемдеңiз

Қазiр электр қуатын үнемдеу – басты мәселе. Осы орайда жатын бөлмедегi шам жарығы тәулiгiне 4 сағат жанғанда – 200 Вт, ваннадағы – 200 Вт, асханадағы шам 3 сағат жанғанда – 200 Вт, дәлiз бен қонақ бөлмедегi шамнан тәулiгiне – 300 Вт электр қуаты кетедi. Нәтижесiнде, бiр күнде пәтердегi электр шамдары – 2,6-3,6 кВт/сағат қуатты шығын етедi.

  • Әлем

Төңкерiстер Ливияда жалғасуда

Тунис пен Египеттегi төңкерiс Ливияға ауысты. Әзiрге, Ливия БҰҰ Адам құқығын қорғау кеңесiнен шығарылды, Швейцария Ливия президентi М.Каддафидiң банктердегi есебiн жапты, Еуропаның басты елдерi әуе байланысын үздi. Бiрақ, бәрiбiр Ливияда наразылықтар жалғасуда. Сенбi түнi оларға қарсы қару қолданылып, бiр түнде 200-ден астам адам өлген. Халыққа қару қолданғандардың денi Африка елдерiнен ақшаға сатып әкелiнiптi.

39 әйелi бар «Зион әке»

Үндiстанның Бактванг деревнясының тұрғыны Зион Чанның 39 әйелi, 94 баласы, 33 немересi бар екен. Бiр ғажабы, 181 адамнан тұратын бұл отбасы аталған ауылдағы 10 бөлмелi 4 қабатты үйде тұрады екен. Және бiр ғана кешкi тамақты жасауға 30 тауық, 100 келi күрiш және 60 келi картоп жаратылады. Осы жағынан алғанда Зион Чан Гинесстiң рекордтар кiтабына енетiн шығар.

Жаңа Зеландиядағы зiлзала

Өткен сейсенбiде болған зiлзаладан Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында 400 шақты адамның өлi денесi табылып, 200-ден астам адам жоғалып кеттi деп танылып отыр. Есте сақтайық, Жаңа Зеландияда 6,3 баллдық жер сiлкiнiсi өткен ғасырдың 30-жылдары болыпты. Сондықтан да Жаңа Зеландияда осы «Қаралы күн» деп жарияланды.

  • Бiле жүрiңiз

Адам баласы өмiр сүрiп жатқан Құс жолы галактикасында қазiргi таңда 500 млрд. жуық планета бар екен. Ал оның ең кемi 500 млн. астамында өмiр сүруге жағдай бар көрiнедi.

Мексика шығанағы түбiн мұнай жапты

Өткен жылы «Ақшам» Мексика шығанағында ағылшынның «Бритши Петролеум» компаниясының бұрғылау құрылғысынан көп мөлшерде мұнай аққанын жазған едi. Қазiр ондағы апаттың бетi қайтқан. Бiрақ, шығанақ түбiне отырған мұнай өнiмдерi су астындағы табиғат пен жан-жануарларға орасан зор зиянын тигiзiп жатыр екен.

Наразылықтар Азияға жайылып барады

Араб елдерi мен Таяу Шығыс мемлекеттерiн шарпыған наразылықтар үнi Солтүстiк Корея мен Үндiстан мемлекеттерiнен де шықты. Бiрақ, коммунистiк тұрғыдағы, монархиялық жағдайдағы Корей Халық Демократиялық Республикасында шерудi күшпен басу қолданылса, Үндiстанда әзiрге халық жемқорлыққа қарсы шығуда.

  • Керек дерек

Отанға оралған қандастар

Тәуелсiздiк жылдары Қазақстанға 825 мың қандасымыз оралды. Оның iшiнде, Өзбекстаннан – 59,3 пайызы, Моңғолиядан – 14 пайызы, Қытайдан – 9,9 пайызы, Түркiменстаннан – 8 пайызы, Ресейден – 4,5 пайызы және басқа елдерден – 4,3 пайызы оралған. Олардың барлығы Оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарына қоныстанған.

Әзiрлеген – Құттыбек АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close