ӘЖЕ ӘЛДИІНДЕГІ ӘЛЕМ

13Ата мен әже… Жарық әлемнің есігін ашқан әрбір адамға сәбилік сәттен жүрегіне жақын ардақты атау. Асыл дінін сүйген, бабалар дәстүрін дәріптеген әрбір қазақ үшін ықылым заманнан ата мен әже деген – киелі ұғым.

Ақ ниетімен, ақ батасымен айналасын арайландырған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған ата мен әже атты абзал жандар – өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шұрайлы шежіре шертетін тірі тарих. Өмір атты тынымсыз тіршілікте көңілі таудағы таза ауадай, пейілі дархан даладай, даналығы дариядай қариялар – әулетінің арқа сүйер асқар тауы.

Шаңырағының шаттығын Тәңірден тілеген қариялар – Жер-Ана атты адамзаттың алтын бесігін ақ нұрымен арайландырған шырақтардай әзіз әулетінің қос шамшырағы әрі қос қанаты. Бірі – аспан әлемінен жаһан жүзіне мейірімін шашқан күн, бірі – тылсым түнде көк күмбезін нұрландырған алтын ай іспетті. Ескінің көзін көріп, естінің сөзін сыйлап өскен, тағылымға толы тіршілік кешкен ата мен әжең – тоқсан тарау тіршіліктегі қос тілекшің әрі қос тірегің. Жарқын жүздерінен шуақ шашылған, ақ жүректерімен дүниені нұрландырған ата мен әже – әрбір әулеттің алтын қазығы, түп-тамыры.                Өмірде бала атаулыны ақыл-өнегесімен балалық шақтан болашаққа, балалықтан даналыққа жетелейтін ата мен әженің балапан буынға тәлім-тәрбие берудегі маңызы ерекше. Әлемге әйгілі тарихи тұлғалардың тағдырына үңілсек, дүние жүзіне атағы жайылған даңқты Леонардо да Винчи әжесі Лучия ди Пьеро Зози да Бакареттоның әдемі әлдиін тыңдап, мейірімі мен махаббатына бөленіп өскенін ешқашан есінен шығармаған. Орыстың атақты ақыны Александр Пушкин кішкентай кезінде қиял-ғажайып ертегілерімен әдебиет пен өнер деген рухани қазынаға қызығушылығын оятқан өзінің сүйікті бала күтушісі (няня) Арина Родионовнаның нәзік бейнесін тамаша туындыларындағы әйелдер образын жасауда қолданған. Әйгілі жазушы Федор Достоевский балалық шағында ежелгі ертегілерімен кіршіксіз көңілін қызыққа, қуанышқа толтырған бала күтушісі (няня) Алена Фроловнаны әрқашан ерекше құрметпен, жылы лебізбен еске алғандығы жайлы деректерде айтылған. Мейірімді әжесі Елизавета Арсеньеваның ақылымен асқақ арманға талпынған ақын Михаил Лермонтов өзінің жалынды жырларымен орыс поэзиясының көгінде жұлдыздай жарқыраған. Жазушы Максим Горький әжесі Акулина Каширинаның тағылымды тәрбиесінің арқасында орыс халқы мәңгілік мақтан тұтар тұлғалардың біріне айналған.

 

«ОСЫ АЛА ҚАҒАЗЫҢНАН АЙРЫЛМА!»

«Қарашығым, қоңыр қозым» деп ерекше жақсы көріп, еркелеткен немересінің Абайдай асқарға айналуына, әлемнің биігіне көтерілуіне, рухани шыңға шығуына тірек болған – Зере әжесінің алақан жайып, Алладан тілеген тілегі екені ақиқат. «Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы Зеренің (1785-1873) азан шақырып қойған аты – Тоқбала. Әкесі Бектемір –  Найман ішінде Матайдың Қойгел руынан шыққан сыйлы адам. Абайды қойнына алып жатқызып, еркелете-еркіндете өсірген ақылды, зейінді, жұмсақ мінезді, мейірімді Зере немересіне Абай деген аяулы ат қойған» («Абай» энциклопедия. «Қазақ энциклопедиясы», «Атамұра» 1995 ж. 265-б). Кішкентай кезінде Зере әжесінің ертегілері мен әңгімелерін тыңдаған сайын бала Абайдың ақылы асқар таудай биіктей берді, ұшы-қиыры жоқ тұңғиық теңіздей тереңдей берді. Жансарайы ақылдың алтын қазынасына толы әжесінің әдемі әңгімелерін әрқашан қызыға тыңдаған бала Абай оларды көңіліндегі даналық дәптеріне дастандай жазып жүрген. Көкірегі даналықтың көз жеткісіз дариясы болған Зере әжесінің әңгімелері арқылы Абай ұлттық құнардан қуат алған, көңіл қоржынын рухани байлыққа толтырған.  « – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?» – деп, кішкене тақпақтап бастайтын әжесінің әңгімелері бала Абайға өмір сабақтарын түсіндірген, қоршаған дүниенің қатаң қағидаларын ұқтырған. Кішкентай кезінен ертегілерді ұнататын Абай бұрынғыдан бір үзік сыр шертетін әжесінің әңгімесін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да тыңдаудан ешқашан жалықпаған. Көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» деген тарауында баға жетпес даналықтың тереңіне үңілдірген Зере әжесінің Абай өмірін, жандүниесін нұрландырғанын шебер баяндаған. Жүрегіне таза тамшы болып тамған әжесінің ақылы мен әңгімелерінің арқасында Абайдай мұхитқа, Алатаудай асқақтай беретін асқар шыңға айналған. Көне замандарда ел өмірінде болған оқиғалар жайлы қызықты әңгімелерімен бала жүрегін баурап та алған, жаулап та алған Зере әжесі Абайдың санасына сәуле түсірген, көңілінің аспанын ақылымен арайландырған рухани ұстазына айналған. Халқымыздың дастан, жырларын жанына рухани азық қылған бала Абай Зере әжесінің көңілінің күні әрі жанарының жарығы болған. Ерекше жақсы көретін немересін дұғасына қосып, тілеуін тілеп отырған Зере әжесінің ақыл-парасаты кемеңгер Абайдың қазақ халқының «кірпіші болып қалануына» қуат берген, өмірде «мыңмен жалғыз алысқанда» қасиетті қорғаны болған. Ғұмыр дариясының дауылдарында тағдырдың ызғары құлатуға тырысқанда әжесінің даналығы демеу болған, ұлт рухына қызмет қылған ұлы кемеңгердің кең дүние сыйған жүрегін жауратпаған. Тұңғиық сезімге толы әжесінің ақылы ақын жанына нұр құйған, әже ақылынан көңілі рухани күш-қуат алған. Әже ақылымен болашағын жалғаған дана Абай қазақ еліне ғасырларды жарып өтетін мәңгілік қымбат қазына қалдырған. Халық мұрасынан рухани нәр алған Зере әжесінің өнегелі өсиеті Абайдың жүрегінде ізгіліктің шырағын жаққан, өмірдегі ізгілік жолына бастаған. «Аздан соң, кешкі шайдан асқа шейінгі мезгілде Абай кейбір оқып шыққан кітаптарын үй ішіне әдемі әңгіме қып, айтып беріп отыратын әдет тапты. Бұған әжесі себеп болды. Зере Абайдың кітапқа берген ықыласын байқап бір күні кешке:

– Қарағым, осының ақыл. Ішкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама аналарға!.. – деген. Әжесі кітап қадірін жақсы айтқанға Абай ырза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды»… «Осы ала қағазыңнан айрылма!» деген ақылды Зере әжесінің өнегелі өсиетін жүрегінде сақтап, болашаққа алып барған Абай даналығымен өмірде биік шыңды бағындырған данышпанға айналған.

Әже әлдиі – әлемдегі ең әдемі ән. Парасатты әжесінің даналық мектебінен нәр алған, ұлттық қасиеттерге сусындаған Абайдың жүрегінде сүйікті әжесінің жан әлеміндегі сезім жылуын сездіретін әдемі әлдиі мәңгілікке ғаламдағы ғажап ән болып қалған. «Шыңғыс жаққа қараған терезенің алдында қос тізерлеп, екі шынтағын терезенің алдына салып, иегін қолдарының үстіне қойып Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта, жер төсектің үстінде бала уатқан Зере бар. Тізесімен тербетіп отырғаны – Айғыздан туған немере қызы, үш жасар Кәмшат. Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтады. Өте бір өзгеше, ескі жыр. Абайдың өз әжесінен басқа ешкімнен естімеген жыры. Бірақ кәрі әжесінің өзіндей соншалық жақын, ыстық, сүйікті жыры. Кішкентай күнінде Абай өзі де кеш сайын осы жырдың тербеуімен ұйықтайтын. Сол күндерден бір ырғағы ауыспаған, бір сөзі де өзгермеген. Ана жүрегіндей айнымас жыр. Осындай қоңыр кештің қоңыр күйі. Бейуағына жеткен әженің өмірлік гөй-гөйі. Сырт қарап отырған Абай әженің кейде шерлі, кейде мейірбан рақым күйін өзін тербетіп отырғандай сезеді. Аяқталмай созыла түссе екен дейді. …Абайдың құлағы әжесінде, екі көзі сонау алыс көк тау, қатарлы қалың Шыңғыс жотасын қыдырады». Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясының «Жолда» атты тарауында адамзат жүрегінде әже әлдиінің әрқашан ыстық, сүйікті әрі қасиетті жыр болып қалатынын осылай айтқан. Өмірде рухани биіктікке, рухани тазалыққа тәрбиелеген әжесінің әдемі әлдиі мен әңгімелері арқылы адамдық асыл қасиеттерді бойына сіңірген асқақ Абай талантымен тарихқа із қалдырған әлемге әйгілі ұлы тұлғалардың қатарына қосылған.

 

АТА КӨРГЕН… АЛЫП ТҰЛҒА

Қазақ халқының бағына жаралған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке кішкентай бала кезінде жүрегіне ақылдың дәнін еккен атасы Әуез Бердіқожаұлы (кейбір деректерде Бердіұлы) (1830-1917) өмірдің әліппесін үйреткен. «Түрік, шағатай, парсы әдебиетінен хабары мол, арабша білігі, мәдениет-парасаты жоғары Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. Әуез Абай өлеңдерін құмарта тыңдайтын, қағазға түскен тың дүниелерімен алғаш танысып, ашық пікір бөлісетін жақын адамдарының бірі болған». («Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. 2-том. «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, Алматы 1999 ж, 5-б).  Қазақтың қара сөзінің құдыретін қастерлеген Әуез атасының арқасында бала кезінде қасиетті құндылықтарды сіңірген жазушы әдебиетімізге баға жетпес байлығын қалдырған.

«Жасаған тек Мұхтарымның жанына жамандық бермесе екен. Құдай аман қойса, ертең дәмім түгесілгенде Әуез атымды менімен бірге көрге көмбей, өзімен бірге көрініске алып қалатын осы қарашығым болады әлі!».. (Зейнолла Қабдол «Менің Әуезовім». Алматы «Санат» 1997 ж, 144-б), – деген қадірлі қария немересінің болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмаған. Ақылды атасының тәлім-тәрбиесінен ұлттық рухты бойына дарытқан бала Мұхтар биік мақсат пен асқақ арманға асығып, жазушылық жолға шыққан.

Мамай батырдың жауынгер серіктерінің бірі, Бақшайыш батырдың ұрпағы болған атасы Әуез жазушы жүрегінде мәңгі өшпес шырақ жаққан. Дүниенің тірегі білім-ғылым екенін терең түсінген қадірлі қария немересінің білімге қызығушылығын оятқан ұлағатты ұстазы болған. Бойына парасатты­лықтың дәнін дарытқан, кіршіксіз көңіліне даналық­тың нұрын тамызған атасы жөнінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өз қолымен жазған өмірбаянында былай деп еске алған: «Балалық шағым ауылда өтті. Немерелерін атамыз Әуездің өзі оқытатын. Бес-алты жасар кезім. Бір күні кешкісін ас алдында атам мені қасына шақырып алды. Оқуға жараған-жарамаға­нымды сынамақ екен, «р» дыбысы бар сөздерді айтқыза бастады. Бұл дыбысқа тілің келмей тұрып, қара танимын дегенді ойыңа да алмайсың… Өйткені, ең алғашқы сабақ Құранның «Бісмилләхи рахман иррахим» деген сөздерін жаттаудан басталады… Атамның маған көңілі онша болмады-ау дейім, келесі күні тағы алды қасына. Әлі күнге есімде. Көктемнің тамылжыған ашық күні. Аспанда әжем айтатын ертегідегі ақ қанатты перілердей боп, күн нұрына шағылып аққулар тізіліп ұшып барады. Атамыз тап-тар, аласа үйіне шақырады бізді. Қолындағы қалың қолжазбаны көргенде неге шақырғанын біле қоям. Атам маған кітаптағы араб әріптерін көрсете бастайды. Айтуға бір оңайы болса игі, бірінен-бірі өткен қиын… Бұл кітап – Абай өлеңдерінің жинағы. Абаймен дос болған әрі ақын талантына таңырқап ден қоюмен өткен Әуез оның өлеңдерін кітап қып көшіртіп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады. Немерелері ұлы ақынның өлеңдерін жақсы көріп өссін деп те ойлайды. Молдаға ұқсап атамыз бізге таң атқаннан күн батқанға дейін кітаптан бас алғызбайтын. Ал күні бойы жаттағанымызды кешкісін атамыз бен әкемізге айтып береміз» («Менің өмірбаяным». «Мұхтар Әуезов». Он екі томдық шығармалар жинағы, Алматы «Жазушы» 1967 ж, 1-том, 21-22 б). Міне, осылай Әуез атасы өмірде немересін тағдырдың сан тарау соқпағында адаспауға, білімнің биігін бағындыруға баулыған. «Абайды білсең де оқы, білген сайын оқы, ғұмыр бойы оқы. Сонда сен одан өміріңнің әр кезеңдегі қызығын әр кезде табасың да таңдап аласың. Сонда сен Абайды ғұмырыңның әр кезеңінде әр қырынан танып-білесің, ұғып-түсінесің» (Зейнолла Қабдол «Менің Әуезовім». Алматы «Санат» 1997 ж, 141-б), – деп Абай өлеңдерімен тәрбиелеген Әуез-ата немересіне өнегелі өсиет айтқан. Ата-әжесінің үмітін қос қанат қылып, ұясынан ұшқан ұлы жазушы олардың сенімін абыроймен ақтаған. Адамзаттың дәуірлеу тарихында сан ғасырлар белесінен асатын жазушының туындылары ұлтымыздың рухани қазынасына айналған. Кішкентай кезінен немересіне қасиетті Құраннан рухани нәр берген, Абайдың асыл мұраларынан қазақтың діні мен рухын сыйлауды үйреткен асқар таудай атаның тағылымды тәрбиесі деген міне, осы!

ӘУЕЗОВТІ АБАЙҒА АЛЫП БАРҒАН ӘЖЕ

Әлемдік әдебиеттің қазынасын толтырған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жанының жылуымен жылытқан Дінәсіл есімді әзіз әжесінің жанарындағы қуаныш нұры болған. «Дінәсіл Малдыбайқызы (кейбір деректерде Жарқынбайқызы) (1820-1907) – Әуездің бәйбішесі, Омарханның анасы, Ақтайлақ бидің шөбересі. Ақылды, мейірімді, жұмсақ мінезді адам болған. Көп немересінің ішінен өзі өте жақсы көретін сүйкімді, кішкентай Мұхтарды еркелетіп: «Қоңыр қозым» деп атаған. Дінәсілдің сөзге шешен, кісілік қасиеті Мұхтар Әуезовтің бойына дарыған. Жазушы өзі туралы мақалаларында әжесін құрметпен еске алады («Мұхтар Әуезов». Энциклопедия. Алматы  2011ж, 242-б). Найман ішіндегі Сыбан руының белді ауылынан шыққан Дінәсіл әжесі әлемдік әдебиеттің биігіне көтерілген жазушының рухани өмірінде өшпес із қалдырған. 1903 жылы қоңыр күзде әжесі алты жасар Мұхтарды Абайдың ауылына апарған. Кішкентай кезінде әжесімен бірге қыдырып барғанда Абайды өз көзімен көрген кезін жазушы жүрегінде мәңгі сақтап қалған. Бұл туралы академик-жазушы Зейнолла Қабдолдың «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінде айтылған. Алып Абаймен алғашқы әрі ақырғы кездесу – ата-әжесінің ақыл-өнегесімен болашаққа қанат қаққан жазушының өміріндегі ешқашан ұмытылмас ұлы оқиға болған. Ұлы жазушының тағдырында терең із қалдырған, жан дүниесіне әсер еткен, Абай ауылында болған бұл оқиғаны автор былай баяндаған: «Абай көзін Мұхтардан тайғызып әкетіп, оның әжесі Дінәсіл-бәйбішені өзіне қарай еңкейтіп алыпты: – Менің көзіме бала тұрмақ батыр-балпаның да батып, тік қарай алмаушы еді, мына «қоңыр қозың» қадалып тұр, қарғам-ау, не күтсеңдер де осы қоңырдан күтсеңдерші! Болайын деп тұрған бала ғой мынау!..». Осыны айтыпты да, жүзін әрі қарай бұрып, «Тіл-аузым тасқа!» дегендей бір иығына үш рет «тіфә, тіфә, тіфә» депті. Бұл – Әуез әулетінде ғұмыр бойы құпия аңызға айналған сыр. Бұл – Мұхтар санасында ғұмыр бойы арайланған ақ шұғыла нұр»…

«ӘРІДЕН КӨП ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАЙТҰҒЫН…»

«Әжем есімде. Әрнеге қозбайтұғын, Әріден көп әңгіме қозғайтұғын» деген «Отыз бесінші көктемім» атты өлеңінде асқақ ақын Мұқағали Мақатаев. Балалық шағы соғыс жылдарында өткен ақынның ақ жаулықты әжесінің аты – Тиын болған.

… Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

  Өліге мен өзіңді телімегем.

 Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

 Ақ кимешек жоғалса…нені көрем?

– деп, ақын сағынған асыл әжесіне жыр арнаған. Жүректегі сырлы сезімнің суретін сөзбен салған, сезім сырларынан өлең өрген ақынның Тиын әжесі туралы филология ғылымдарының кандидаты, мұқағали­танушы Жұмаш Өтеев былай деп сыр шертеді:

– Сырлы сезіммен өрнектелген жырларына өмірдің мәнін сыйдырған Мұқағалидың бала күнінен өмірінің соңына дейінгі жан досы, сырласы мен мұңдасы – Сыдық Ахметов болған. Сондықтан оның айтар әңгімесі, шертер сыры сан алуан. Жетпістің желкесіне шыққан әлі де қимыл-қозғалысы тың, сөзі ширақ Сыдық ағадан әңгіме-естелік жазып алғанмын. Ол «Қара өлеңнің қас шебері» атты кітабымда толығырақ айтылған. Сонда Мұқағалидың әжесі Тиын туралы мынадай дерек келтіріп еді: «Сырғабай деген үш жас кіші інім мені емханадан шығарып алуға келді. Ауыл жаңалығын айтқанда, Мұқағалидың әжесі Тиынның қайтыс болғанын жеткізді. Әрі Лашыннан хат әкеліпті. Ол кезде бүгінгідей күнбе-күн хабар жетпейді. Апталап, айлап кешігетін. Хатты беруге Мұқағали тұрған үйге келдік. Үй иесі ардагер қазақ еді. Сол кісіге өлімді естіртіп беруін өтіндік. Інім арақ әкелді. Ақсақал кісі көп жасаған, жөнін білер дегенбіз. Сөйтсек, мүлде олай болмай шықты. Нағыз орысша өскен жан екен. Бірер рөмкеден кейін, «әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізер», әжең өліпті» дегені. Мұқағали үні өшіп, басын ұстап, не өкіріп жылай алмай, теріс қарап отырып қалды. Әрең кеудемізге жан кіріп, інім Лашынның хатын ұсынды. Көз жүгіртіп оқып шығып, «Үһ!..

Жүрегім тоқтап қала жаздады ғой. Бірден осы хатты бермедің бе?» – деді. Лашын хатта: «Аяулы­мыздан айрылдық. Бәйтерегің құлады. Тас бастауың суалды. Тиын апа дүниеден озды» деген сөздермен жұбатыпты. Әже қашанда сыйлы адам ғана емес, білімді, данагөй, суалмайтын дария ғой. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл дүниеге келген. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері – Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ халқында үйдің тұңғышы – әке-шешесінің бірінші перзенті болғаны­мен, ата-апасының соңғы баласы болып есептелген. Сол салт бойынша ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс екені айдан анық. Сол себептен Мұқаң әжесі Тиынның қолында өскен. Ал, анасы Нағиманды жеңгесіндей көріп кеткен. Мұқағалидың әжесі Тиын келіні Нағиманға әйел затының істейтін барлық өнегесін бойына сіңдіруге ұйытқы болды. Қонақты қалай күтуді, малдың мүшелерін жіліктеп салуды, кәделі қонаққа тартатын табақтың жөн-жоралғысын жасауды, ерін сыйлауды, ізет көрсетіп,  иіліп сәлем беруді үйреткен. Мұның бәрі – ене мектебінің тәлім-тәрбиесі. Осындай ибалы келін тәрбиелеген Тиын ененің немересі – Мұқағали болған. Ал, немере – өз балаңнан да ыстық болады. Бағып-қағумен қатар, барын үйіп-төгеді. Ол кезде әжелер аңыз-дастандарды, ежелгі ертегі-қиссаларды жатқа айтып, баланы бесік жырымен тербеткен. Мұқаңның да әжесі сол үдеден шыға білген. Ол ақиық ақынның өлең жырларында көп кездеседі, тіпті, әже түгілі, әженің ақ жаулығын өлең шумақ­тарында керемет суреттеген. Жалпы, Мұқағали, нәзікжандылар қауымын қатты қадірлеген. Оның ішінде, әлбетте, әжесі Тиын, анасы Нағиман, әйелі Лашын, қызы Шолпан, Майгүл бар. Тиын әжесінің қайғылы қазасы Мұқағалиға қатты батқан. Өйткені, ол өзінің әжесін қатты жақсы көрген еді, – дейді мұқағалитанушы Жұмаш Мұқаметнұрұлы.

«АТАЛАР СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ»           

«Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген ата-бабаларымыз.  Дүниеде мейірімін ешқашан аямайтын, алақанында аялайтын, асылдығынан айнымайтын атасы мен әжесі бар барша бөбек бақытты. Ақыл-парасатымен адамның дүниетаным кеңістігін кеңейткен ата мен әженің кеуде сарайы – ақыл-ой қазынасының ордасы. Өмірде көрген-білгенін көңіл түйіншегіне түйген ата мен әженің ақылы – бала көңілін нұрландырар, жүрегін жылытар, өмір жолына жарық түсірер сәуле. Балалық шағында бақыттың бағында жүргенде жапырақтай жүрегінде тамыр жайған ата-әженің ақыл-парасаты адамға періштедей пана болады. «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! Дария шалқар даналығын ал, тыңда!» деп ақын Мұқағали Мақатаев жауқазын жастарға насихат қалдырған. Ата мен әже – өмірдегі тағылымды тәрбиеші.

Парасатты әжесі Айғаным Сарғалдаққызының айтқан ақыл-өнегесі озық ойлы ғалым Шоқан Уәли­хановтың рухани өсуіне игі әсерін тигізгені тарихтан аян. Күллі Алаш азаматын білім-ғылымға шақырған жазушы Ыбырай Алтынсарин «Үміт еткен көзімнің нұры – балам» деген атасы Балғожа Жаңбыршы­ұлының тағылымды тәрбиесінен тамыр жайған. Бала жанының тылсымдарын сергек сезінген атақты ағартушы болашақтың есігін жұдырықтай жүрегіне білім сәулесінің ұшқынын шашқан ата ақылымен ашқан. Атасы Жұмабай қажының тәлім-тәрбиесін көрген ақын Мағжан Жұмабаев та ұлты­мыз­дың аласармайтын асқарына айналған. Демек, «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған.

Жастық дейтін көктеменің шағында,

Өскен едік сенің анаң екеуміз,     

Осы қарттың мәпелеген бағында.

Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,

Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.

Жинап алып жүрер еді жарықтық,

Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін, –

деген ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіндегі жыр жолдары есіңізде ме? Қойны-қонышынан сан алуан ертегі төгілген дана… қадірлі қарияны тыңдау үшін айналасына жіпсіз байланған ауылдағы күллі бала… Қандай әдемі көрініс. Немере-шөберелеріне көне қисса-дастан, аңыз-әңгімелерін айтып ата-әжелеріміз арамызда әрдайым жүре берсін дейміз. Өркен жаяр өрекениетті елдің ертеңгі болашағының бастау-бұлағы солардың еншісінде.

Балнұр АХМЕТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *