ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН АҒАЙЫНДЫ ОМАРОВТАР

Әсел ДАҒЖАН

Сонау тоқсаныншы жылдары бас­тауыш мектепте оқып жүргенімізде сыныбымызда «Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» деген жазу ілініп тұратын еді. Көз алдымызда тұра­тындықтан, оқи-оқи жатталып қалғаны­мен, оның не мақсатпен айтылғанын түсінбейтінбіз.

Аңғарсақ, бұл сөздер өткен тарихымыз бен ұлы тұлғаларымыздың заман озса да, ұрпақ жадынан шықпайтынын меңзеп тұр екен.

Бүгін Ұлы Жеңіске 74 жыл толғанымен, ол бізге оңай әрі жеңіл келген жоқ. Бүгінгі Тәуелсіздіктің құны шыны керек, мил­лиондаған қазақтың көз жасы мен қанымен келген Тәуелсіздік. Сол үшін ол бізге қастерлі, сол үшін ол бізге құнды және баға жетпес байлығымыз.

Бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп отырған бейбіт елдің Тәуелсіздігі жолында қан кешкен қаншама азаматтың арасында Омаровтар отбасының тағдыры да бар.

Ағайынды Әбілдабек пен Асылбек Омаровтар Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Көкбұлақ ауылы мен Абай ауылында дүниеге келген.

Әбілдабек Омаров Ұлы Отан соғысы­ның алдында ауылда мұғалім болып қызмет еткен. Үйленіп, шаңырақ көтермеген. 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Сайрам аудандық әскери есепке алу және тіркеу бөлімімен Кеңес армия­сына шақырылған. Соңғы жазбаша байла­ныс 1941 жылғы 20 маусымда Батыс шекарасында қызмет етуде деп келген. Ал 1941 жылдың  қыркүйек айында хабарсыз жоғалды деген мәлімет бар. Анасы Тұмар Саламатова 1982 жылы өмірден озғанша ұлын аузынан тастамай, айтып отыратын. Майданға тірі аттанған баласын сарғайып күтумен, келген-кеткеннен көрген жоқсың ба, естіген жоқсың ба, тірі екеніне сенімдімін деп айтып отыратын дейді көзкөргендер. Тіпті, туған-туыстары оның қай жерде қайтыс болғанын, жерленгенін осы уақытқа дейін білмейді, бәлкім, тірі болар, ұрпақтары да бар шығар. Бірақ мұрағаттан іздегендері нәтижесіз болған.

Ал Әбілдабектің бауыры Асылбек Омаров еңбек және соғыс ардагері, ел сыйлаған қадірлі қария, ұлағатты ұстаз. Орта мектепті ауылда бітіріп, Шымкент қаласындағы мұғалімдер курсын тәмам­дап, Ұлы Отан соғысының алдында ауылда мұғалім болып жұмыс жасаған.

1942 жылы соғысқа өз еркімен аттанып, Украина, Днепр өзенін азат етуге қатысып, Венгрия, Румыния, Германия елдерінде соғысып, Берлин қаласын алумен батыс­тағы соғысты аяқтап, Қиыр Шығыстағы соғысқа қатысып, 1946 жылы әскерден оралады.

Соғыстан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих және қоғамтану факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы Әсия Жәкишевамен шаңырақ көте­ріп, оқуын бірге жалғастырады. Ерлі-зайып­тылар жұмыс жолын Балықты ауылында мұғалім болып бастайды. 1961 жылы Ванновка ауылындағы Абай атындағы орта мектебіне ауысып , 40 жылдан астам уақыт мұғалім болады. Арасында Ванновкадағы санаторий мектебінің директоры болып та жұмыс жасаған.

Ал отбасылық өмірде жеті ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіріп, барлығын жоғары оқу орындарында оқытқан. Бүгінде ұл-қыздары дәрігер, фармацевт, заңгер, қаржы-экономика мамандықтарын тәмамдап, аурухана, дәріхана, әкімшілік, прокура­тура, Ішкі істер министрлігі саласында қызмет етуде. Ең кенже қыздары Омарова Кәмеля Асылбекқызы әке-шешесінің жолын қуып, Т.Рысқұлов ауылындағы мектеп-гимназияда ағылшын тілінің мұғалімі болып қызмет етуде.

Әсия Омарова 1999 жылдың 10 мамы­рында дүние салса, Асылбек Омаров 2005 жылы 26 қарашада өмірден озды.

Жеңісті, Тәуелсіздікті жақындатқан ағайынды Әбілдабек пен Асылбек Омаровтардың аты-жөні, тегі бүгінде Шымкент қаласы Абай саябағындағы мемориалдық тақтада жазулы тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *