Жеңімпаздар жүлде алды

Қаламыздағы №46 гимназияда «Педагогикалық ізденіс: заманауи мектептегі инновация» педагогикалық идеялар фестивалінің қалалық кезеңінің соңғы айналымы өтті.

Фестивальді Алматы қаласының Білім басқармасы ұйымдастырды. Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскерлері фестивальдің ойдағыдай өтуіне барлық мүмкіндіктерді  жасады.

Рая ЕСКЕНДІР

 

Аталмыш фестиваль білім беру ұйым­дары педагогтерінің кәсіби дамуы тара­пынан маңызды мақсатты көздеп, өз тәжірибесіне озық  инновациялық әдісте­мелер мен технологияларды енгізетін мұға­лімдерді анықтап және қолдауды мақсат тұтқан еді. Соңғы айналымға  конкурстық сынақтардан өткен ең үздік, дарынды, креативті мұғалімдер қатысты. Олар өзде­рінің авторлық концептуалдық идеяларын, шығармашылығының квинтэссенциясы болып табылатын жеке тәжірибелерін ұсынды.

Әділқазылар алқасының төрайымы, филология ғылымының докторы, Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сәуле Ержанова қатысушылардың жоғары кәсіби деңгейін атап өтіп, ерекше авторлық қол­таң­баның кәсіби мәні бар концептуалдық идея мен оны мұғалімнің тәжірибеде іске асыруы маңызды болғанын айтты.

Фестивальге қатысушылардың көрсеткен әр жұмысы өзінше шеберлік сабағы болды, онда байқауға қатысу­шылар өздерінің тәжірибесімен қатар, шеберліктері мен шығармашылықтарын да көрсетті. Фес­тивальдің қалалық кезеңі «Мен сабаққа барамын» тақыры­бындағы эссе мен «Са­бақ­тар әр түрлі болады, бірақ әрқай­сы­сын­да шебер қолы байқалады…» атты  шығар­машы­лық идеясының презента­циясы бойын­ша өтті.

Құрамында ғылыми қоғамдас­тықтың, «Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» АҚ Педагогикалық шеберлік орталығының, Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ өкілдері бар қатал және құзырлы әділ­қазылар күрделі мәселені шешті: фести­вальге қатысу­шы­лардың ұсынған жұмыс­тарын бағалады.

Сонымен,  І дәрежелі диплом – №40 мектептің математика пәні мұғалімі Ербол Жолдасқа; ІІ дәрежелі диплом – №148 мектеп-гимназияның бас­тауыш сынып мұғалімі Мархабат Жошы­баеваға, ІІІ дәрежелі диплом – №198 мектеп­тің физика пәні мұғалімі Нұр­сұлу Көшер­баеваға берілді. Байқаудың «Педагоги­калық табыс» номинациясына – №152 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақбота Оспа­нова, «Мұғалім шеберханасы» номина­циясына – №175 «Жаңа ғасыр» гимна­зиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсемгүл Құлма­ғамбетова, «Педагогикалық бастама» номинация­сына – №200 мектептің тарих пәні мұғалімі Нұрсұлу Бабажанова, «Ше­бер­лік пен шығармашылық» номи­нациясына – №12 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нәзира Боста­нова, «Педагогикалық шабыт пен әртістік» номинациясына – №67 мек­тептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұға­лімі Базаркүл Шыныбаева ие болды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *