Жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске асырылуда

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков тарқатты.
Спикер сөзінің басында банк секторы бүгінгі дағдарысты жағдайларға барынша дайын болғанын атап өтті.
Бүгінгі пандемия жағдайында, карантиндік режим кезінде сұраныстың, табыс көздерінің төмендеуіне, кәсіпорындар қызметінің уақытша тоқтатылуына байланысты экономиканың негізгі секторына және қаржы секторына әсер ететін жаңа қатерлер туындайтыны ақиқат.
Спикер коронавирус пандемиясына жол бермей, бизнесті қаржылық жағынан қолдау және қарыз алушылардың борышқа батып қалмауы үшін дағдарысқа қарсы қосымша шаралар қабылданғанын атап өтті.
– 2020 жылдың 30 наурызынан 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңге пруденциялық реттеудің уақытша контрциклдық шаралары енгізілді.
ШОБ-ға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда, оған 600 млрд. теңге бөлінді.
Коронавирус инфекциясының пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына тигізіп отырған зардабына байланысты төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерін, жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк агенттігімен бірлесіп ШОБ субъектілеріне жеңілдетілген несие беру Бағдарламасы әзірленді, – деді ол.
Спикердің сөзіне сүйенсек, Бағдарлама екінші деңгейлі банктердің ШОБ субъектілеріне, оның ішінде төтенше жағдай кезінде зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыруға 12 айға 8% жеңілдікті несиелер беру жолымен іске асырылады.
Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктерге депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға тыйым салынады.
Осы жылдың 14 сәуіріндегі жағдай бойынша, яғни Бағдарламаны іске асыру сәтінен бастап 12 күн ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінен 213,9 млрд. теңге сомасына 1 131 өтінім келіп түскен, оның ішінде 41,7 млрд. теңге сомасына 92 өтінім мақұлданған.
Агенттік кез-келген сауал бойынша жауап беретін жедел желісін (call-орталық +7 (727) 2788 144 және +7 (727) 2788 122, электрондық почта: Fingramota@finreg.kz) іске қосты. Қазіргі таңда жедел желі арқылы 16 мыңнан астам адам кеңес алу үшін хабарласқан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *