ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ КӨЛІК ЖОЛЫН ЖАПОНДЫҚТАР САЛУҒА НИЕТТІ

20Құттыбек АЙМАХАН

Негізі, Алматыда қазір көлік те, адам да көп. Оны күн­де­лікті көшеге шыққан сайын байқап жүрміз. Бүгіндері  бала­лар мен үлкендер  жазғы демалыстарда жүр дегеннің өзінде арлы-бері жүрген адамдардың өзінен аяқ алғысыз. Соның бір белгісі, қала көшелерінде көліктердің саны азаймай, кептелістер қатары да бәсеңсір емес.  Сондай-ақ, қоғамдық көліктер де сапырылысқан адамдарға толы.  Мұндай кездері автобустар мен троллейбустардың көп бол­ғанын  қалайды екенсің. Сол себептен де Алматы қала­сында жеңіл рельсті көлік жолдарын салу мәселесі  соңғы кезде жиі көтерілетін болған. 

Жалпы, Алматыда жеңіл рельсті көлік жолдарын салу мәселе­сінің қозғалғанына да  жиырма жылдай уақыт болып қалды. Бұл туралы  «Алматы ақшамы» газеті үнемі жазудайын жазып келеді. Бірақ, сонда да бұл ойымыз әлі күнге дейін жүзеге асар емес. Өйткені, жеңіл рельсті көлік жолы жобасы­ның тым қымбат болуынан оған шетелдік инвесторлар бел шешіп кірісе алмай отыр. Соның бір белгісі, осы жиырма жылда Алматыда ЖРК (жеңіл рельсті көлік) жолын  салу жұмысына 4-5 шетелдік компания ниет танытып, артынан бәрі де тайқып шыға берді.

Тіпті, бұл іске өткен жылдан бастап Еуропа қайта құру және даму банкі де қатысуға ниет танытып, ЖРК жолы құры­лысын салу бағдарламасына 1 млн. еуро бөлетін ойлары барын білдірген еді.  Сөйтіп,  олар Алматы қаласы әкімдігімен келісімге де келгендей болған. Одан қалды, бұл жобаның техникалық – экономикалық негіздемесі сингапурлық  мамандар кеңе­сімен жасалатын болып белгі­ленген еді. Бұл ретте болашақ ЖРК жолының қай көше­лер­мен өтетіні қайта-қайта айты­лып-жазыла берген соң алма­тылықтар оны жаттап та алғандай болатын.

Бірақ, соған қарамастан, Алма­тыға жеңіл рельсті көлік жолының аса қажет бола бас­та­ғандығын айқын сезінген қалалық әкімдік бұл бағыттағы өз ізденістерін бір сәтке де тоқ­татқан емес. Соның белгісі, осы­дан біраз бұрын Жапонияға іс­са­пармен барып қайтқан әкім­дік деле­гациясы жапон­дар­дың жеңіл рельсті көлікті жүр­гізуге ниетті екендігін біл­дір­ген ұсыныстарын естіп қайтқан еді. Соған орай, жа­қында шаһарда осы аталған зама­науи көлікті іске қосуға арналған алдын-ала рәсім де өтті.

Онда Алматы әкімдігі өкілдерінен құралған делегация Жапония аста­насы Токио қаласында қол жеткізген жеңіл рельсті жолдың құрылысын салу мәселесі қайта қозғалған болатын. Соған орай, енді Ал­ма­тыға  жапон делегациясы ат басын тіреп, бұрын қозғалған мәселені нақты­лағандай болды. Атап айтқанда, олар алғашқы жеңіл рельсті көлік жолын  Алматы қаласы арқылы Қаскелең мен Талғар қалалары аралығында жүргізуді жоспарлап келіпті. Бұл ретте жобаның тұсауын кесуші компания директоры Ербол Әділбековтің айтуынша, Алматы қаласының үстімен өтіп, Қаскелең мен Талғар қалаларын қосатын жеңіл рельсті көлік жолының ұзындығы шамамен 51 шақырымды құрайды екен. Ал, оған 8  вагоннан құралған 15  ЖРК құрамы қызмет көрсетеді екен. Сөйтіп, барлық вагондардың саны 160-тан асады деп күтілуде.   Нәтижесінде, таңғы 6 сағаттан бастап қызмет көрсетуге шыққан ЖРК құрамы 10  минуттық аралықпен түнгі 12.00 сағатқа дейін жұмыс істейді деп күтілуде. Әрине, бұл рәсім барысында жол жүру құны да айтылып қалды. Мысалы, осы ретте зейнеткерлер мен жеті жасқа дейінгі балалар жолда тегін жүреді деп күтілуде.

Қорыта айтқанда, Қаскелең мен Талғар стансалары аралығындағы жол уақытының ұзақтығы аялдамалармен есептегенде 1,20-1,30 сағатты құрайды деп белгіленіп отыр. Міне, сонда  қазіргі күні  қоғамдық көлікті лық толтырып жүрген жолаушылардың қатары да азайып, адамдардың белгіленген жерлеріне жету мәселесі жеңілдейді деп күтілуде. Әрине, Алматы сияқты ресми  түрде 1,5  млн.-нан астам халқы бар алып шаһар үшін  осындай заманауи жолаушылар көлігінің қажеттілігі бұрындары да айқын сезілетін. Сол мақсат  енді жүзеге асатыны көкейге қуаныш ұялатады. Сондықтан да, әзірге ойда жүрген, бірақ, жуық арада қолға алынуы мүмкін жобаның тезірек іске асырылуын асыға күтеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *