Жазықсыз жандардың аты асқақтасын

Менің үлкен әкем, яғни әкемнің туған ағасы Тебеген Қожаназаров 1938 жылы 8 қазанда ауданымыздағы әкімшілік, мәдени-ағарту салаларында басшылық қызмет атқаратын көптеген адамдармен бірге жазықсыз қамауға алынады.

Олар ауылдардағы колхоз басқармаларының, ауылдық кеңестердің, болыстық атқару комитеттерінің төрағалары, мектеп директорлары, ел орта­сының зиялылары еді. Мысалы: Мырзатай Байсақалов, Мәдір Дайрабаев, Әбзәли Егізбаев, Тілеу Ерекешов, Бұқарбай Есбаев, Тілеу Жұбаев, Қожамжар Жүсіпов, Бисары Кентібаев, Ақбала Күнтуарова, Өмірбай Қаражанов, Тебеген Қожаназаров, Нұржан Құтышев, Байділда Найзабаев, Назар Тұрабаев. Бұл деректер «Аза: Қызылорда облысы». Бірінші том (Бас редактор Х.Емергенов.-Алматы: «Боз­дақтар» естелік кітабының редакциясы, 2000 жыл. 544-б; 134-174-бб.) кітабында жарияланды.

Жазықсыз жазаланғандардың бірі Тілеу Ерекешовтің Қармақ­шы ауданындағы қазіргі Тұрмағамбет ақын (бұрынғы Ленин атындағы совхоз) атындағы ауылдағы баласы С.Тілеуовтің арыз хатына Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі Ж.Жұмашевтің жауап хатындағы деректер ақиқатты айғақтайды. Анықтамалық жауап хат аталған 15 адамның РСФСР ҚК-нің 58-2-7-10-11-баптарымен айыпталып жауапқа тартылғаны, оның ішінде Ерекешов Тілеуге 20 жыл бас бостандығынан айыруға, сайлау правосын 5 жылға жоюға үкім шығарылғаны баяндалған.

Сот үкімі бойынша Ерекешов Тілеу Қармақшы ауданында құрылған контрреволюциялық ұйымға мүше болып, колхоз басқармасы төрағасы бола тұра колхоз құрылысына қарсы зиянкестік әрекеттер жасап, егістікті уақытында суармағаны, мал басын кеміту мақсатында колхозшыларды малдарын сойып алуға үгіттегені үшін айыпталған.

Прокуратураның осы анық­тамасында сотталғандардың бірі Күнтуарова Ақбаланың Қызыл­орда  түрмесінде  1939   жылдың 6 маусым күні қайтыс болғаны, 15-20 жылға сотталған 14 адамның Шығыстағы НКВД лагерлерінде (Магадан, Владивосток, Нагаева, т.б.) жазаларын өтеуге этаппен Владивосток станциясына жіберілгені баяндалған.

Жазалау лагерлеріне бар­ғаннан кейін Құтышев Нұржан­ның 1939 жылдың 8 қазанында Владивосток лагерінде, Дайрабаев Мәдірдің 1940 жылдың 18 та­мызында Нагаева лагерінде қайтыс болғаны, ал Қожаназаров Тебеген мен Есбаев Бұхарбайдың, Ерекешов Тілеудің қай жерде, қашан қайтыс болғаны туралы деректер жоқ екендігі айтылған. Мемлекеттік кауіпсіздік комитеті Қызылорда облыстық басқармасы архивіндегі №454 санды іс материалдарында 1939 жылы 31 тамызда Қазақ КСР Проку­рорының Қазақ КСР Жоғарғы сотына Қызылорда облыстық сотының үкімін бұзу, істі қайта тергеуге жіберуге бақылау наразылығы жолданған. Жоғарғы сот 1939 жылы 21 қыркүйекте наразылықты қараған ұйғары­мымен облыстық соттың үкімін бұзып, істі қайта тергеуге жол­даған. Сөз арқауындағы Қызыл­орда облыстық проку­рорының аға көмекшісі, юстиция кеңесшісі Ж.Жұмашевтің анық­та­масындағы (17.09.90. №13/31-90) деректер әді­летті шешім шындығын айғақтайды: «Қайта тергеу қоры­тындысы бойынша айыпкерлер (аталған 15 адамның аты-жөндері — Т.Т.) …іс-әрекеттерінде қылмыстық сипаты болмаған­дықтан қылмыстық іс 18 қараша 1940 жылы өндірістен қысқар­тылған. …Ерекешов Тілеу және онымен бірге сотталған 14 адам қайта тергеу кезінде 18 қараша 1940 жылы тергеушінің істі қысқарту қаулысымен оларға тағылған айыптан ақталған».

Тебеген Қожаназаров (1894–1940) саяси қуғын-сүргін құр­бандарының бірі үлкен әкем (әкем Сақаның туған ағасы) Тебеген Қожаназаров (1894–1940) бұрынғы Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария облысы, Қазалы уезі (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы) Ақжар және Тұрмағамбет ақын ауылдары аралығында орна­ласқан «Ақбел-Көкиін» елдіме­кенде дүниеге келген. Ол 1910 жылы Қармақшы кентіндегі орыс-қазақ мектебін бітірген. 1910–1916 жылдары жергілікті әкімшілік, мәдени-ағарту меке­мелерінде аудармашылық, іс басқарушы-хатшылық қызмет­терін атқарады. 1917–1923 жыл­дары Қармақшы ауданын­дағы қоғамдық-әлеуметтік жұмыс­тарға (жаңа еңбек қатынастарын ұйымдастыру, халықты жаппай сауаттандыру, мектептер ашу, т.б.) белсене араласады. Ауыл­дардағы дәстүрлі ислам ағар­тушылығы мен кеңестік білім алуды ұштастыра жүргізуге өзіндік үлесін қосады. Оқымысты ахун-ұстаздар Ораз-Мұхаммед Бекетайұлының (1836–1894), оның шәкірттері Алдашбай ахун Ерназарұлының (1858–1936), Әлібай ахун Қосқұлақұлының (1835–1928) және т.б. ағарту­шылық жұмыстарының жаңғыра жалғасуына мүмкіндіктер жаса­ған.

Тебеген Қожаназаров 1924–1934 жылдары Қармақшы аудан­дық революциялық комитетінің мүшесі және Қуаңдария болыс­тық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1935–1938 жылдары Қармақшы ауданы, Қуаңдария болыстық атқару комитетіне қарасты №6 ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Осы аталған қызметтері кезінде аудандағы отырық­шылықты дамытуға, егін егу мен мал өсіруді нығайтуға, ұжымдық еңбек етудегі жаңа дәстүрдің қалып­тасуын ұйымдастыруға өзіндік үлесін қосады. Басқару, ұйым­дастыру жұмыстарының аясында Омар Шораяқұлы, Жүсіп Ешнияз­ұлы, Тұрмағамбет Ізтілеу­ұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Молдахмет Дабылұлы және т.б. қазақ халық әдебиетінің көрнекті ақын-жырауларымен тығыз қарым-қатынаста болған. Әсіресе, 1936 жылы Қазақ ССР Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің шақыруымен «Шаһ­нама» дастанының аудар­малық-нәзиралық нұсқасын жазу үшін Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Алматыға аттануына, елдегі отбасына қамқор болуға Тебеген де ұйымдастырушылық-басшы­лық қызметімен ықпал етеді.

Тебеген Қожаназаров 1931–1932 жылдардағы ауданды жайлаған аштық апатынан халықты құтқару, аман сақтау іс-шараларын да қолынан келгенше атқарады. Мал-мүлкінен айрыл­ған халықтың күнкөріс кәсіптерін (балық аулау, егін егу, т.б.) ұйымдастыруға белсене күш-жігерін жұмсайды. Халықтың тағдыры сынға түскен қиын-қыстау жылдардағы қамқор­шылық, басшылық қызметіне риза болған ел-жұрты оны Тебеген би деп атай бастаған, оның мекен-жайы «Тебеген ой» географиялық-топонимикалық атауымен белгіленген.

Менің үлкен әкем Тебеген Қожаназаров пен аталған жазық­сыз жазаланғандар ақырында ақталған, бірақ халықтың бақытты болашағы үшін аянбай еңбек еткен сол азаматтарға қазіргі ұрпақтардың лайықты құрмет іс-шаралары жасалуы тиіс емес пе?! Менің әкем Тебеген Қожаназаров еңбек еткен Қар­мақшы революциялық комитеті, Қуаңдария, Жамансыр болыс­тықтары туралы белгілі жур­налист Мырқы Исаевтың («Қар­мақшыда революциялық комитет болған ба?»// «Ленин жолы» газеті, №91 21.05.1991 ж. «Сынық­шылар ұрпағы»// «Ленин жолы» газеті, №154 14.08.1990 ж.) және журналист Сақтаған Есмаханов­тың, сонымен бірге ауданымыз­дағы еңбек ардагері Жаңаберген Сәденовтің («Тағдыры тәлімді де, тауқыметті тұлға» // «Қармақшы таңы» газеті, №55 29.06.2005 ж.) мақалалары жарық көрді. Соны­мен бірге, менің өзімнің («Мәң­гілік оралу»// «Қармақшы таңы» газеті. №23 7.05.1997 ж., №24 14.06.1997 ж., №25 20.06.1997 ж.; «Сырдария кітапханасы» серия­сы­мен шық­қан «Толғаныс теңі­зінің тол­қындары» кітабындағы эссе-очерк те тарихи деректі жарияланым сипатымен халыққа белгілі. Қазіргі кезде репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялы­ларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының демеуімен «Тебеген Қожаназарұлы» атты тарихи-мәдени танымдық кіта­бымды баспаға даярлаудамын. Осындай жұмыстарды барлық әулеттегі жаңа буын ұрпақ­тардың жүзеге асыруы – уақы­тымыздың талабы.

Қорыта айтқанда, жазықсыз жазаланған, жерленген жерлері белгісіз боздақтарымыздың ұр­пақтары қазіргі рухани жаң­ғырудағы жаңа тарихымызда азаматтық, отаншылдық рух қуатын танытуы тиіс. Әділет­сіздікті әшкерелеп, озбырлықты айыптаушы жаңа буын ұрпақтар арқылы Тәуелсіз Қазақстанның әділеттілік салтанат құратын мемлекеттілік тұғырнамасы нығаятынына кәміл сенеміз.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының  академигі,

Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *