ЖАЗЫПТЫ АЛЛА, ЖАНАЗЫҒЫН АБАЙДАЙ

Бүгін — ұлт ұстазының туған күні

Іс басындағы кісіні іздейтіндер көп. Ат арытып, арнайы келеді. Телефонмен тауып алады. Зейнетке шыққанда жаңағы «сағыныш» саябыр табады. Түсінесің. Бірақ «жас зейнеткерлер» бұған бірден көндіге алмайды. Табиғи нәрсе. Бұрын олар артық таныстықтан қашқақтар еді. Енді өздері айналасына алаңдап, бары мен жоғын түгендейді. Бірқатары өмірдің өткіншілігіне өкініп, ат үстінде жүрген күндерін аңсайды. Тіпті, ғаламторда арқандалып, тірлік хақындағы «фәлсафаларға» жүгінеді. Жақында зейнетке шыққан аға-достың СМС сәлемінен де жаңағыдай, тоқырауық ауанды аңғарғанмын. Шындығында, әлеуметтік желідегі «ақылды әләулайды» оның өзі де, өзгеміз де жақсы білеміз. Кезінде, әрине еңбек қызуымен елемейміз. Ал қызметтен қолымыз мүлде босағанда өткен-кеткен мен алдан күткеннің бәрі алаңдатады. Осындайда ұлы Абайдың «Өмір, дүние дегенің (Ағып жатқан су екен. Жақсы-жаман көргенің), Ойлай берсең,  у  екен» деген ұлағаты есте тұрса ғанибет. Шіркін, қазақ Абайды ертерек оқып, тоқыса ғой. Сонда «торығу» деген, тіпті оның ойына да кіріп-шықпас еді. Бірақ екінің біріне Абай сөзінен арқатірек табу екіталай. Хакім рухы пендеңе жәй ғана жаттап оқумен қонбайды. Асыл мұрадан жаназығын табу үшін ұлы ақынды  жүрегіңмен қабылдап, оған шындап бауыр басуың шарт. Бұл дегеніміз –  Абаймен қосыла у ішіп, ұлы ақынның арманы мен азабынан бірге дерттенгендей хәл. Тек сонда ғана Абай өлеңі  мен  өмірін бір-бірінен еш ажырағысыз, біртұтас қалпында қабылдап, шүбәсіз құлай сүйесің. Жаназығы – Абай… ол – жалғыз, бірақ түсінген пендеңе әрқашан жалғыздықтан, «торығудан» араша.  Олай болса, өзім әбден иланып, сезінген Абай мұңын, Абай құдіретін өзгеге қалай жеткізермін. Жаны қысылғандар Абайға арқа сүйесін, дәтке – қуатты, жүрекке – сабырды, яғни жаназығын содан табады дегенімді замандас қалай түсінеді?

 

Адамды сүйген жүрек

Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғала­ры­мыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін «іші алтын, сырты күміс» қалпында ұрпаққа аманат ету ұлт бола­шағы үшін қажет. Ғалымдар, жазушы­лар мен журналистер заманалар керуені­мен жеткен асыл мұраны  жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда. Хакім Абай туралы айтуда да, жазуда да кемшін жоқтай. Дегенмен, «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау», оның жанының «нені сүйіп, неден күйгенін» сырт көзден жасырған сырсандықтың «ішін түгел көру» екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр – арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты «уәзінге салынып» сараланғанымен, соның бәрін сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді.  Олай болса, Абай қазы­на­сы­ның кілті қайсы? Байқап қарасақ, санамызды сейілтер асыл мұраның жұмбақ сырын ақын сөзінің «судай тұнық» сәулесінің өзі-ақ меңзейді. Міне, біз іздеген жасампаз  жырдың темірқазығы да осы – Абай сәулесі… адамдық талабы,  адам бақы­ты үшін күрескен елжанды тұлға аманаты. Әсіресе, ақын туралы естеліктер мұның жарқын айғағы. Олар адамды сүй­ген ұлы тұлғаға деген құрмет пен сүйіс­пеншіліктің терең адамгершілік деректері болып табылады. Абай сөзінің алтын өзегі де, ең алдымен, адам бақыты.

Жалпы адамзат қоғамында «бақыт» алғашқыда «қолайлы жағдай» немесе «жолы болғыштық» деп ұғынылған көрінеді. Айталық, ежелгі Грецияда «бақыт» – «мейірімді тағдыр» ретінде қабылданған. Демек, философиялық және психология­лық таным бойынша бақыт – адамның өз өмірінің қызығы мен қуанышына, яғни рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын ең байырғы этикалық ұғымдардың бірі.            Ал діни шығармалар мен аңыздарда «бақыт» ұғымы – «эвдемония» құдайдың қамқорлығындағы «мейірімді тағдыр немесе сәтті тағдыр» дегенді білдіреді екен. Осы тұрғыдан ислам тек қана дүниетаным емес, Құрандағы моральдық жазбалары қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтитын адам тағдыры мен бақыты жайлы ғылым. Абайдың айтар ұлағаты да осы: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез,/ Не қызық бар өмірде онан басқа?!». Сондықтан адам бақы­ты көп ойландырған ежелгі философ­тар мен саяси экономистердің адамгершіл рухы әрқашан бас игізеді. Абайдың «Ес­кендір» дастанындағы данышпан Арис­тотель «жан қызметі – бақыт қайнары» десе, Абай «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық…  Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» деп толғанады (жетінші сөзден).

Адамзаттық білім мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби (870–950 ж.ж.) адам бақытын «теориялық жағынан кемелдікке жету» деген тұжырым жасаған. Ол бақыт ұғымын  әрбір адамның  «өмірде алға қойған мақсаты» ретінде түсіндіреді және «адам бұ дүниеге бақытты болу үшін келген» деп дәріптейді. Абай қырық­тан асар-аспас шағында «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек… қайрат қайтты, ұлғай­ды арман» деп шерленеді. Бұл да, бірақ қартайған жанның емес, адам бақыты жолындағы майданға білек түре араласқан біртуар қайраткердің берік байламы еді. Ағалы-інілі, «жүрегі қырық жамау» қос ақынның мына бір өсиеттері-ақ сол жанпида күрескерлік пен терең адамгершіліктің жарық ұшқынындай: «Адам­заттың бәрін сүй бауырыңдай», «адам баласының бәрі –  бауырың» (Абай), «Адам­ның бәрі бір, болмайды аласы», «Ойласаң, барша адамзат туған бауыр,/ Бірін-бірі шұқылап, қылды жауыр» (Шәкәрім). Бірін-бірі шұқылап… шынында да пендеңе не жетпейді!? «Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз… Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» (жиырма төртінші сөзден). «Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,/ Тыныштықпен ішпейді тақта шайын» немесе «Тыныш жатсам, тепкілеп шыдатпайды» (Шәкәрім).

Адам баласында, әйтеуір тыным жоқ. Байлықтың да, мансаптың да… бәрінің де өткінші екенін түйсініп, көзді ашып-жұмғандай ғана жалғанда бақытқа жету үшін іскерлікті, ілкімділік пен ізгілікті, яғни «ақыл, қайрат, жүректі бірдей» ұстай алсақ, қандай ғанибет?! Қазақ өмірдің өткінші­лі­гін «бес күндік дүние», «қамшының сабын­дай»  деп пайымдаса, Еуропа жұрты «жар­ты тыныс» деп зарлайды. Сондықтан  дана Абай қай тақырыпты жырласа да адам мінезінің әр қырына ой жүгірте саралап, тірліктің көрген түстей ғана мезетінде адам мен оның өміріне, еркіндігі мен теңдігіне, яғни адам бақытына тең келер ештеңе жоқ екенін түйсінтеді. Ақын сөзіне одан әрі ден қойсақ, өмір пендең үшін ғажайып сый ғана емес: «Бұл бес күндік бір майдан ер сы­нарлық». Ендеше, дүние қызығы деге­німіз, атымызды «адам қойған соң» заман­дас бағасын білуге және осыны әрдайым есте ұстауға тиіс  тіршілік мәні. Демек, адам деген атқа лайықты өмір сүргісі келген жан үшін ақын аманаты әрдайым жарық сәуле: «Махаббатпен жаратқан адамзатты,/ Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» немесе «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,/ Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен. Арттағыға сөзің мен ісің қалса,/ Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2016 ж., 2-том, 16-б).

Рас, осынау тірлікте асығып, аптығудың немесе жанталасып, жарға жығылудың жөні қайсы? «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?/ Бір бес күннің орны жоқ апты­ғарға» (Абай, 2/21-б), адамдық парызды әрқашан есте ұста, – дейді хакім. Тіпті, бағзы замандарда-ақ небір ғұламалар адамды ерекше ардақ тұтады және оның бақыты үшін жүректері сыздайды. Соған орай, өнер атаулы, оның ішінде сөз патша­сы – поэзия да бақытты өмірдің жаршысы болып табылады. Абай адамзат данышпан­дарының, оның ішінде шығыс ойшылдары­ның бірталайын оқыған: «Фзули, Шәмси, Сәйхали,/ Науаи, Сағди, Фирдоуси,/ Хожа Хафиз – бу һәммәси/ Мәдәт бер я шағири фарияд» (1/36). Тумысынан таза, жаны жарық Ибраһим Құнанбайұлы үшін де адам және оның өз бақыты жолындағы қам-қарекеті ерекше қымбат. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,/ Еңбегің мен ақылың екі жақтап… Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,/ Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме» (2/13).

Барша ұлы тұлғалар секілді Абай Құнан­байұлы да адам бақытын ерекше ардақ тұтып, оған жетудің, яғни азамат ретінде қалыптасудың жолын талмай іздеп, тарата көрсетеді. Егер бақыт өз өміріңе қанағаттану болса, соның бірі… тірлікте «Бір тәуір дос/ Тым-ақ керек,/ Ойы мен тілі бөлінбес» (2/55). Бұдан әрі ойшыл «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп, өкініш білдіреді.  «Дос алады бермесең бұлт берем деп,/ Жауыңа қосылуға серт берем деп» (1/46), «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,/ Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп,/ Бірге тұрып қалады кім майданда» (1/50). Басқаша болуы, бірақ мүмкін бе еді? Әттең, «Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,/ Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?» (1/51), «Досың келіп досына жамандайды,/ Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (1/65).

Нағыз дос табудың пендеңе қанша­лықты сын екені ұлы ақынның да «жүре­гіндегі жалынды көзден жас қып ағызады»: «Сеніскен досым да жоқ, асығым да,../ Құдай берген бұл достық – кәннің бірі,../ Сол досты сая таппай іздейді жан» (1/66). Ақын бұдан әрі өмір шындығын ашына отырып жайып салады: «Бір сөз үшін жау болып,/ Бір күн үшін дос,/ Жүз құбылған салт шықты (1/67), «Жау көп болса басыңда,/ Бірі қалмас қасыңда» (1/69) немесе «Әркімде-ақ бар ғой туысқан,/ Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда,/ Күн ашықта мойныңда» (1/70). Өйткені, «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа,/ Аларында шара жоқ, алдамасқа… Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (2/3), «Қызығы зор қайран дос, қайран тату,/ Сендер өлдің, мен дағы өлсем керек!» (2/49), «Досты қайдан табасың,/ Кеңесерге адам жоқ» (2/50), «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,/ Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі» (2/59).

Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оның бақытын аңсап,  өлең сөзбен жырлап өткен дана ақын өмір сүрудің – өнер екенін пайымдатып, оның қалтарыс­тарына көзіңді аша түседі. Тыңдар құлақ болса «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады, – деп ой салады хакім. Олай болса, Абайдың ақындық асыл мұрасы адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып қайран қазағының өркениет көшінде өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле. Ғылым тілінде сәуле «белгілі бір жарық дене­ден бөлінетін жарықтың жіңішке жолағы болса, жарық – қоршаған ортаны көрінетін жасайтын сәулелі энергия». Ал жарық дүние – ғалам, жер, тіршілік және адам екені  аян. Зере анамыздың немересі Ибраһимді «жарығым» деп те еркелеткенін білеміз. Демек, жарық – сәбидей пәк таза­лықтың, қалтарысы жоқ жақсылықтың, боямасыз өмірдің және әлбетте, шуағы мол  білім мен мейірімнің қайнары. Жүзі жылы, ашық-жарқын, ақ жол… жарықтың, жарық жанның, жанашыр жүректің айналасына деген шапағаты.

Абай сәулесі де «көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашатын», дүбірлі дүниеде дұрыс бағдар сілтейтін темірқазық: «Білім­діден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз… Сәулең болса кеудеңде, / Мына сөзге көңіл бөл… Жүректің көзі ашылса, /Хақ­тық­тың түсер сәулесі» (1/86, 93, 126-б.б.). Ұлы ақынның сәулелі жыры «іштегі кірді қашы­рып», адам кеудесін «хикметке» бөлейді: «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,/ Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!.. Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс,/ Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» (1/54). Поэзия пайғамбарына, оның қараңғылық көгінен төгілген сәулесіне алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып пен Сұлтанмахмұттан бастап, ілгерінді-кейінді барша қазақ ақындары табынды. «Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін,/ Ермек үшін немесе өлмеу үшін…/«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» /Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін (Мұқағали Мақатаев, үш том­дық шығармалар жинағы,  2-том, 145-б.).

 

Келешекпен тілдескен кемеңгер

 

Ұлы Абайдың өлеңдері мен ғақлия сөздері қай тақырыпқа арналса да, жаңа айтқанымыздай, олардың баршасының арқауы – Адам мен оның мұң-мұқтажы, яғни Адам бақыты. Хакім жақсылыққа сүйіне, жамандыққа күйіне отырып ой толғайды. Бақытқа бастар білім мен өнерді, адал еңбек пен адамға деген сүйіспен­шілікті дәріптеп, қараңғылық пен надан­дыққа найза ұшын кезейді. Бірақ ақынның «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,/ Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар» деген ескертпе сөзін құлаққа ілмей­тін кейбіреу Абай «қазақты өлтіре сынай­ды» деп ділмәрсиды. Бұл да, амал қайсы, қазақты жұрттың бұ дүниедегі ең қоры етіп көрсетуге жанталасқан қызыл диктатура апиынымен уланғандардың сыбағасы еді. Шындығында Абай «қазаққа емес, қараң­ғылыққа қапалы» («Алматы ақшамы», 20. 05. 2017 ж.) болатын. Ол, сон­дай-ақ, «қай­ран сөзім қор болды» немесе «көп пысыққа молықты» десе, бұл жерде де ақынның нақты Тобықтының, яғни жалқы­ның емес, жалпы жұрттың ортақ мінін көрсетіп отырғанын  түйсінеміз. Хакім, сондай-ақ, айналасындағыларға арнау өлеңдерінде де аты аталған қарындас­тары­на ғана емес, қалың қазағына және барша адам баласына  тән кемшілікті сын тезіне алады: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенті­лерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (парсыша – ескерт­кіш) қалдырайын… Әуелі адамның адам­дығы ақыл, ғылым деген нәрселер­менен».

Абай, тіпті басқаға қарата айтқанымен, туған жұртының тағдырына алаңдаған жеке басының уайымын да улана жайып салады. Мысалы, «Сорлы Көкбай жылайды,/ Жы­лайды да жырлайды… Мынау азған қу заман/ Қалыбында тұрмайды» деген өлең туралы ақын шәкірті Көкбай: «…мен қылып қойып, (Абай) өзін айтып еді», – дейді (1/205). Сол сияқты «Ойға түстім, толғандым,/ Өз мінімді қолға алдым» деп, «ғаділетті жүректің әділетін бұзған» заман­дастарымен сырласа отырып-ақ барша адам санасына сәуле түсіреді: «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар…/ Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар… Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,../ Cөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?/ – деп іштей булығады ақын. – Демей­мін жалпақ жұртқа бірдей жағар… Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой…/ Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» (1/58).

Ұлы тұлғалар адам бақытын ойлап жандары ауырса, заманынан әлдеқайда озып туған Абай да қараңғылық қапасын­дағы еліне сардар сөзі арқылы өсиет айтады. Ол, әсіресе өз тұрғыластарынан бұрын келе­­шекпен тілдескенге көбірек бейіл. Ақынның жас ұрпаққа тағылымы өмір мен өнерді, білім мен ғылымды, еңбек пен табыс­ты, достық пен адалдықты, жүрек биле­ген ақыл мен қайратты бақыт қайнар­лары ретінде тануға көмектеседі. Ақын «Көкірегі сезімді, тілі орамды,/ Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп, өз келешегімен сырласады, егер түйсігің болса, бақытқа кенелуің үшін «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,/ Сонда толық боласың елден бөлек».

Зерттеушілер әл-Фарабидің «Қайы­рымды қала тұрғындарының көзқарасы» және басқа трактаттарында ғұламаның бақытты кемелдікке теңей отырып, оған жетудің білім арқылы мейлінше мүмкін екенін атап көрсететініне назар аударады. Олай болса, ең алдымен, адам баласының көзін ашу, надандықтың  құрқұдығына жарық түсіріп, пендеңді қараңғылық құрсауынан құтқару керек еді. «Ержеткен соң түспеді уысыма,/ Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп қамығады ақын: «Бұл маһрұм қалмағыма кім жазалы,/ Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?» (1/45-б.) Алай­да, кінәлі жалғыз өзі ғана ма еді?! Өкінішке қарай, «замандасы болмады сөзді ұғарлық» (Шәкәрім). Адам болған соң «өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді, – деп күрсінеді одан әрі Абай. –  Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз» (жетінші сөзінен). Алайда, «Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?.. Мұңдасып шер тарқа­тысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік»  (бірінші сөзден). Тағы да сол надандық етектен тартып, қол байлайды «Ағайын табылмаса, ой салар­лық… Түбінде тартқызбай ма ол бір зар­лық?» (54), себебі «Бір ғылымнан басқа­ның /Бәрі де кесел асқанға» (2/62).

Өскен ортасында жас Ибраһимге жөн-жоба сілтер жарық солғын: «Ойшылдың мен де санды бірімін деп,/ Талап ойсыз, мақтанды қалдым күтіп» (1/65-б). Мұны да ақынның өзіне деген қатаң талабы ретінде қабылдаймыз. Шындығында, данышпан көп оқып, көп ізденді: «Білім-ғылым үйрен­­бекке талап қылушыларға әуелі біл­мек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар… Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек». Сонымен қатар, ақын сөзі «ақиқат мақсатпен үйрену, көзің жеткен нәрседен айырылмау, ақылға кеселі тиетін нәрселерден аулақ болу және мінезді болу» керектігін зерделетеді (отыз екінші сөзден).

Ал осы ақиқатты неғұрлым ертерек ұққанға не жетсін. Сондықтан Абай жас­тарға зор үміт артып, ел келешегімен кеңе­седі: «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,/ Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық…», ендеше «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,/ Ең болмаса еңбекпен мал табалық…» (1/53). Сонда кімге қарап ой түзейміз? «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,/ Өзі зордың бола­ды ығы да зор (1/57). Яғни тірлік тала­бына ерте бастан көңіл қойып, оның терең мәнін ертерек түйсінген абзал. Әрине, «Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен» жастыққа не жетсін! Бірақ «осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық… Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат… Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,/ Абайлар әрбір сөзді өз халын­ша… Керек іс бозбалаға талап­тылық… Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» (54-б), «Иждихатсыз, михнатсыз/  Табыл­мас ғылым сарасы» (1/58).

Оқымаған, тоқымаған жанға бақыт жолы тым алыс: «Ғылымды іздеп,/ Дүниені көздеп,/ Екі жаққа үңілдім» (1/92), «Жастықтың оты, қайдасың,/ Жүректі түртіп қозғамай?/ Ғылымның біліп пайдасын,/ Дүниенің көркін болжамай» (1/102), «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84), «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,/ Қартаймастай көрме­лік, ойланалық» (1/53), «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,/ Бүгінгі өмір жар­қылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің,/ Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» (2/48).   Демек, білмекке ұмтылып, ғылымға талап қылу әрбір жас үшін адамдық парыз: «Жастықтың оты жалын­дап /Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап,/ Әр қиынға салған шақ» (1/127), «Ынталы жүрек сезген сөз/ Бар тамырды қуалар» (2/21). Демек, өмірге келген соң, жатпай-тұрмай білім ізде дейді ғұлама: «Ондай болмақ қайда деп,/ Айтпа ғылым сүйсеңіз… Сөз мәнісін білсеңіз,/ Ақыл – мизан, өлшеу қыл» (1/61), «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84). «Аспаса ақыл қайраттан,/ Тереңге бармас, үстірттер… Атымды адам қойған соң,/ Қайтіп надан болайын?» (2/23).

Хакім Абайдың өсиетін қазақ ауқы­мымен ғана шектеу, мұны жоғарыда да айттық, ақын мұрасын бетінен ғана қалқу болмақ. «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,/ Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық. Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,/ Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» (2/6). Кемеңгер «адамның баласы – бауырың» дей тұрып та, ең алдымен ауызбірлікті қарын­дастарына аманат етеді: «Біріңді, қазақ, бірің дос/ Көрмесең, істің бәрі бос» (1/89). Өйткені, бірте-бірте орыс патшасының отарына айналған қазақтың тағдыры тал  қармағандай тым мүшкіл еді. Аласапыран заманда адамдық азайып, болашақ буыл­дыр тартқан: «Өздеріңді түзелер дей алмай­мын,/ Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың… Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,.. Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын» (1/49). Дархан да еркін даланың тынысы Абай заманында барған сайын тарылып бара жатты. Орыстың заңы, әсіресе болыс сайлауы қалың қазақ орта­сына оңдырмай жік салды: «Болды да партия /Ел іші жарылды» (2/20).

Ұлттың турашыл, әділ, қайсар, мәрт әрі жомарт мінезі «құрт» түскендей іріді. Өтірік пен өсек өңмеңдеп, арызқойлық пен жалақорлық алқымнан алды: «Барып келсе Ертістің суын татып, /Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, /Елді алып, Еділді алып есіреді, /Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып… Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, /Әр­кім, бір ит сақтап жүр ырылдатып» (1/50). Бас көтерер игі жақсының көбі орыс патшасының билігіне жалтақ күй кешті: «Орыс сыяз қылдырса,/ Болыс елін қармай­ды… Орыссыз жерде топ болса,/ Шақырған кісі бармайды» (1/71), «Орныңнан тұра шабасың,/ Атшабар келсе қышқырып/ Ояз келсе, қайтер ең,/ Айдаһардай ысқырып» (1/79). Қарындастарының күйкі тірлігіне әбден жаны күйген ақынның тілегі біреу-ақ: «Ұрысса орыс,/ Елге болыс,/ Үйден үрген итке ұқсап» (1/115). Алайда,  атқа мінер­лердің ойына шен-шекпеннен өзге ештеңе кірмей, бос мадаққа мас: «Болыс болдым мінеки,/ Бар малымды шығындап… /Күштілерім сөз айтса,/Бас изеймін шы­бындап…/ Оңашада оязға/ Мақтамаймын елімді, / Өз еліме айтамын:/ «Бергем жоқ, – деп, – белімді» (1/81), «Мәз болады болы­сың, / Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, / Шенді шекпен жапқанға» (1/85).

Абайдың тым болмаса, кейінгі ұрпақ ойланар деген сабыры да, өкінішке қарай, сарқылып бара жатты: «Көк тұман – алдың­дағы келер заман,/ Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (2/12), «Заманақыр жас­та­ры, / Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа – / Қойнына тыққан тастары» (1/126), «Пысық кім деп сұрасаң – / Қала­ға шапса дем алмай,/ Өтірік арыз көп берсе, / Көргендерден ұялмай» (1/79), «Құ­тырды көпті қойып аз ғанасы,/ Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны,/ Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (1/103). Ақын аса қапалы, жансырын өлеңге шағады: «Қайғы шығар ілімнен,/ Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң,/ Зар шығады тілімнен (1/135), «Жалын мен оттан жарал­ған/ Сөзді ұғатын қайсың бар?/ Партия жиып пара алған,/ Пейілі кедей байсыңдар» (2/60). Өмірді шынайы жырлап, адам бақытын ардақтаған ақынның «өлең – сөздің патшасы» сырлас та мұңдас серігіне айналды. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла,/ Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» (2/22), «Жүректе қайрат болмаса,/ Ұйықтаған ойды кім түртпек?» (2/22). Абай ғақлия­сы­ның он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, тала­сып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылым­ның осы үшеуін де тыңдап алған соң айтар тағылымы да  терең адамдық дерегіндей: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді… Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді… Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет… Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» (2/104-105).

Міне, Абай сөзінің сәулесі санамызды әрдайым шайдай ашады. Ұрпаққа ұлағаты мол асыл мұраның шуағын енді біз де ептеп қана сезіне бастағандаймыз. Бірақ сол аздың өзі-ақ ерекше рахат. Ұлы ақын сөзінің сәулесі, тіпті  құлазыған көңілді жалғыздық­тан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды. Абай жалғыз болғанымен, енді Сіз жалғыз емессіз. Шіркін, Жарат­қан­ның алты Алаштың маңдайына Абайдай құдіретті жазғанын жете ұғына алсақ қандай! Әлде, бұл ақын сөзінен уланған өзім секілді жан­ның жеке сыры ғана ма? Қателеспіппін. Хәкәм сырынан жазыл­мас­тай дертті жан­ның бірі – Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедханов ол сауал­дардың жауабын баяғыда беріп кеткен екен. «Абай­ды танып білген, сондай-ақ Абай өнегесімен сусындаған адамға, өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ, – деп толға­нады ғалым аға. – Оған басқадай моральдық кодекстің қажеті шамалы. Десек те, мұндай адамдар көбірек болса…». Көрдіңіз бе, Абай мұрасы –  Жаназығы. Ол, ең алдымен, Сіз бен бізге керек екен. Абай сәулесі адам бақы­тын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салар ұлы сабыр.

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

   Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

 

 

ІЗДЕГЕН ЕЛІМІЗ СОЛ МА?

(Абайдың бесінші қара сөзі)

Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан таныр­сың: әуелі – «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзің­де жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, ерік­кенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Бай­дан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленші­лік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаз­даушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыз­дағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?

 

АБАЙ

РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

«Қайда қаңғып барады

осы қазақ?»

Деп едің ашынтқаңда

тосын азап.

Жұртың жұтап, ел жүдеп

ұрпағыңды

Етуде жатың тұрмақ

досың мазақ.

Қан мен майға толтырған

екі ұртын

Азайған жоқ әлі де

өңшең қыртың.

Еліріп, кежегесі кейін тартып,

Дүркін-дүркін бұзып жүр

елдің шырқын.

«Өнерді үйрен, сосын жирен»

деген,

Сөзіңнен ғибратты именбеген,

Қалың тобыр келеді салып ұрып

Сара емес, сүрлеу жолмен

иреңдеген.

Мыңмен жалғыз алысқан,

Абай баба,

Деп едің бес нәрсеге

маңайлама.

Сөзіңнің қадіріне жетпедік пе,

Ата жолдан адастық

қалай ғана?!

Ел азды ма, болмаса жер

азды ма,

Шалдығып қайғы-шерге

ер азды ма?

Азайды қартта нақыл,

жаста ақыл,

Тағдырға есіл елім,

не жаздың, ә?!

Шуағы мол, сөзі нәр,

абзал жаны,

Осы күні халқында

шал қалмады.

Иекте сақал, ауызда

мақалы жоқ,

Өршіл кеуде, кінәмшіл,

«сардар» бәрі.

Алғысына бөленіп халайықтың,

Кимешек киген,

анам, ғажайыпсың!..

Бұл кезде кимешекті

келін тұрмақ,

Кемпірлер де барады

азайып тым.

Елің үшін жай таппай

жаның жайлы,

Жабырқадың тұмшалап

қалың қайғы.

…Көпбай менен

Ерболдың інілері

Өзіңді де тонаудан

тайынбайды.

Заман-сарбаз найзасын

мың біледі,

Дәуір зары не деген

мұңлы еді…

Тәнін сатып, шарапқа

шашалып жүр

Тоғжан мен Әйгерімнің сіңлілері.

Ел оңар ма қонғанмен

жалқыға бақ,

Байлық емес, жүр

жұртың артып азап.

Жарты ғалам таныған,

данышпаным,

Әлі сені  білмейді жарты қазақ!..

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *