ЖАЗУШЫ мен ТЕҢІЗ

Өмір жолын, тағдырын теңізбен байланыстырған, Аралды зерттеуге бақандай 25 жылын арнаған, әсем Алматыдан жырақта жүрген Сыр елінің қаламгері, эколог-жазушы, публицист, «Парасат» орденінің иегері Сайлаубай Жұбатырұлының жуырда «Абыржы» атты трилогиясы жарық көрген болатын. Кеше Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының шаңырағында, академия кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сол кітаптың таныстырылымы өтті.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Кино және телевизия фа­культеті студенттері жинал­ған шығармашылық кешті Т.Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының тәрбие ісі жөніндегі прорек­торы Ш.Ергө­бек құттықтау сөзбен ашып, жазушыға қонақкәде ретінде картина сыйға тартты.

Академия профессоры, кино­драматург-режиссер Ғанижамал Әбілдина тізгінін ұстаған кеште жазушы Молдахмет Қаназ, академия профессоры, белгілі режиссер Болат Шәріп, суретші Қайыр­бай Закиров, ардагер жур­налист Сәтімбек Рысбаев қалам­гер туралы, оның біре­гей шығар­масы жайында лебіздерін айтты. Ал «Абыр­жының» лентасын жазушы Мереке Құлкенов және танымал журналист Ахмет Өмірзақ кесті.

Сайлаубай Жұбатырұлы кезінде туған жерім деп, Арал проблемасын зерттеймін деп, Алматыдағы қызметін де, үй-жайын да тастап, еліне кеткен болатын.

Абыржы. Ол бір келеді. Жәй келмей, тұтқиыл­дан, дауылымен, лайсаң тасқы­нымен келеді. Су жағалап күн көрген, балық аулауды кәсіп еткен жұрт ашқұрсақ тарығу күн кешеді. Алыс-беріс, хабар-қатынастан дағдарады. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзіледі. Өліара шақ. Мұны сол бір су бойындағы ел абыржы деп атаған.

Бірақ Арал экологиялық-әлеуметтік дағдарысын эколог ретінде ұзақ жыл зерттеп, теңіз­бен күнелткен халықтың тыныс-тіршілігін қаламгерлік көсем­сөзімен өрнектеген жазу­шының бұл жолғы  «Абыр­жысының» айтары басқа.

– «Абыржы» – қаламгер­дің ұзақ уақыт бойы аса ыждағатпен, тынымсыз ізде­ніс үстінде дүниеге әкелген сом дүниесі. Әдебиетімізге романтикалық соны серпінде келген қазақтың танымал жазушысы Сайлаубай Жұба­тырұлы бұл көлемді туын­дыны ел-жер жолындағы көп жылдық экологиялық-әлеу­меттік ізденістер соңында дүниеге әкелді. Роман заты – алып империя күйреп, тәуел­сіз ел тұңғыш қадамдар жа­сап, формациялар қинала ауысып жатқан күрделі кезеңдегі ойлы адамның жан дүниесі, өтпелі кезең шын­дық­тары. «Абыржы» атауы­ның өзі – осындай өліара сәттің жәдігер сөзі. Автордың шығармашылық даралығын танытқан  «Абыржы» қазақ әде­биетінің соңғы ширек ғасырда дүниеге келген сүйек­ті де сүбелі олжасы деу­ге негіз бар, – дейді «Абыр­жы» трилогия­сының редак­торы ақын Байбота Қошым-Ноғай.

Сайлаубай Жұбатырұлы ҚазМУ-дің Журна­листика факультетін бітірген. «Қазақ­стан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Қазақфильм» кино­сту­диясында, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ телевидениесінде, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жауапты қызметтер атқарған. Тұңғыш рет 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласымен және «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған «Боз айғыр» әңгімесімен танылған. 1971 жылы жастарға арнал­ған шығармалардың жабық бәйге­сінде «Алыстағы арал­дар» повесімен 2-орынды жеңіп алған.  «Отты өткел», «Бумеранг» повестері, бір­сыпыра әңгіме-новелласы «Жасыл сағым», «Алыстағы аралдар», «Зеленый мираж» жинақтарында және бірнеше ұжымдық жинақтарда басыл­ған. Ал «Алақандағы ұя» әңгімесі әлемнің бес тілінде жарық көрген. Елуге тарта көркем фильмді аударған. 1967 жылдан бастап Арал, Сырдария, Байқоңыр, Балқаш көлі мәсе­лелерін көтерген эколог-жазу­шы. «Кіші арал», «Қазақстан арнасы» идея­ларының авторы.

Кеш барысында трилогия авторы жайында «Арал және жазушы тағдыры» тақырыбы­мен түсірілген деректі фильмнен үзінді көрсетілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *