Жазушылар одағының жаңа жарғысы қабылданды

Пленумда алдағы жылы атқарылар кең ауқымды міндеттер айқындалды

Қазақстан Жазушылар одағында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған ақын-жазушылардың І пленумы болды. Пленумға Одақтың облыстардағы басқарма мүшелері мен Алматы қаласында тұратын ақын-жазушылар қатысты. Алқалы жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың ежелгі тарихымыз бен мәде­ниетіміздің қадір-қасиетін таны­тып, астарын ашып көрсеткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдар­ламалық мақаласы баспасөз бетінде жарық көргелі бері оның мән-маңызы мен құндылығы үздіксіз талқылану үстінде, тиесілі жобалар да жасала бастады. Біздің бүгінгі алқалы бас­қосуымызда алдымен осы мақаланың ең басты бағыттарын бағамдап алуымыз қажет. Өйткені, біз отар­шылдықтың қиын-қыс­тауынан өткен­нен кейін, өзі­міздің тарихы­мызға өзіміздің қолымыз жетпей зәру болып келген елміз, – деді төраға.

Қазақ жазушыларының І плену­мында қаламгерлерге түзетулер енгізілген одақтың жаңа Жарғысы таныстырылып, көпшіліктің келі­сімімен бірауыздан қабылданды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жаңа­дан дайындалған Жарғының маз­мұнымен таныстырды. Жарғы­дағы заңға сәйкес келмейтін тұстары Жазушылар одағы қызметіне кері әсер етпеу үшін қолда­ныстағы жар­ғы ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының талаптарына сәйкестендіріліп отыр. Сондай-ақ, жарғы­ның 1 және 9 тармағындағы «Қазақ әде­биеті» газеті, «Жұлдыз» және «Простор» журнал­дары Жазу­шылар одағының ресми басы­лым­дары болып бекітілді.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет «Сөз патшасы» атты поэтикалық театр құры­латынын айтты. Жаңа театрдың көркемдік жетекшісі Ғ.Мүсірепов атын­дағы жастар мен жасөспірімдер театры­ның режиссері Бейбіт Кама­ранов болады. Театр 2019 жылдың басында ақын, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның ақын Әмірхан Балқы­бектің рухына бағышталған «Қас­қыр құдай болған кез» атты поэтикалық драмасымен ашы­лады. Екі айда бір шығарма сахналанатын болады. Алдағы уақытта театрдың репер­туары өзге де қаламгерлердің шығар­маларымен толы­ғып отырады.

Сондай-ақ, Ұлықбек Есдәулет Қазақ­стан Жазушылар одағы тұң­ғыш рет «Азия елдері қаламгер­лерінің І форумы» атты халықаралық кон­ференция ұйымдас­тырғалы отыр­ғандығын да атап өтті.

– Біздің бұл жобамыз жоғарғы жақ­тан қолдау тауып, 2019 жылдың бюд­жетіне енгізілгені жөнінде вице-министр Ақтоты Райымқұловадан қуанышты хат алдық. Бұл шын мәнінде 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушы­ларының 5-конферен­ция­сынан кейінгі орасан басқосу болмақ. Форум арқылы жаңа заманғы қазақ­стандық мәде­ниеттің әлем халықтарына кеңінен насихат­талуына, рухани кеңістігіміз бен бай әдебиетіміздің жан-жақты таныстырыл­уына жағдай жасай отырып, бүкіл Азия әдебиетінің болаша­ғы­на қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешу жөнінде алғаш болып бастама көтерген мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал етуіміз керек, – деді төраға.

Басқарма төрағасы 2019 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағының жанынан сараптамалық жұмыс тобы құрылып, Білім және ғылым министрлігіне барлық оқу­шыларға арналған әдеби оқулықтарға сарап­тама жасап, оқулықтарды Жазушы­лар одағының мақұлдауынан кейін ғана бекіту туралы ұсыныс дайындап отырған­дарын да жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ән мәтін­дерін қадаға­лайтын «Көркемдік кеңес» құры­лады. «Көркемдік кеңес» әннің естісін елеп, ессізін електен өткізіп, қазақ руха­ния­тының тамырына қан жүгіртіп, ұлттық идеологиямыздың жаңаша жаң­ғыруындағы ұстынымызды ұстап қалуды көздемек.

Ең маңызды істердің қатарында Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы тұр. Осыған орай, биыл Қазақстан Республи­касының Премьер-Министрі Бақыт­жан Сағын­таевтың қабылдауында болып, 2019 жылы Жазу­шылар одағының ғимара­тына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және осы Әдебиетшілер үйінің заманауи үлгіде жабдықтал­уына байланысты келісімі алынған. Қазақстан Жазу­шылар одағының 85 жылдық мерейтойы қалам­герлермен қатар, барша халықтың жаппай тойлайтын торқалы тойы. Сонымен қатар, «Қазақ әдебиеті» газетінің де мерейтойы.

Соңғы айлардың беделінде Жазу­шылар одағының мүшелері «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы бойыншы еліміздің бірнеше облы­сында болып, сол өңірдің рухани қазынасымен, киелі жерлерімен танысып, көптеген прозалық, поэ­зиялық шығармалар және таным­дық-зерттеу мақалалар жазған.

Жазушылар одағының мүшелері осы жоба аясында Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында шығарма­шы­лық сапармен болған. Әр облысқа Жазушылар одағы үш қалам­герден жіберді. Бұл жоба алдағы жылы қалған облыстар мен қалаларда жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің әдеби ұйымдарымен халық­аралық келісімдерге қол жеткізді. Түркия, Иран, Өзбекстан сынды іргелі елдердің жазушылар қауымдас­тықтарымен өзара ын­тымақ­тастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы меморандум­дардың негізін­де аталған елдерде қазақ қаламгер­лерінің кітаптарын басып шығару, антологиялар құрастыру, қазақ қалам­герлерімен кездесулер өткізу сынды іргелі шаруалар қолға алынатын болады. Сонымен қатар, Жазушылар одағы республика Кәсіп­одақтар федера­циясымен және «Нұр Отан» пар­тиясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. «Нұр Отан» партиясымен жасасқан меморандум негізінде төрт ірі жоба қолға алынады. 40 жасқа дейінгі қаламгерлер арасында «Ұлы дала» әдеби байқауы жарияланып, келесі Жастар жылында шығармашылық жас­тарға қолдау көрсетіледі. Бай­қаудың жүлде қоры да қомақты болмақ. «Ютуб» әлеуметтік желі­сінен арнайы контент ашып, көрнекті қазақ қаламгерлерінің ой-пікір, толғаныс­тарын, лекцияларын түсі­ретін жоба қаржыландырылады. Астана телеар­насында көзі тірі көрнекті жазу­шылар туралы деректі фильмдер циклын түсіріп көрсету, облыстардағы, аудан­дардағы кітап­ханаларда құрылған коворкинг-орталықтарда жазушы­лармен кез­десулер өткізу шаруалары да «Нұр Отан» партиясымен жасасқан мемо­рандум негізінде қолға алынбақ.

Қытай және Беларусь Жазу­шылар одағымен әдеби байланыс­тарды дамыту үшін алдағы кезде олар өз ел­деріне шақы­рып отыр. Олар ынтымақтастық жөнінде меморан­думға қол қоюға ұсыныс жасаған. Ал, Иран мемлекеті тамыздағы форум кезінде жасалған меморан­думға байланысты 70-ке жуық қазақ қалам­герлерінің шығармаларын аудару мәселесін күн тәртібіне қойған.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *