Жазира жеңіспен оралды

Қазақ мемлекеттік Қыздар педагоги­калық университетінің 2-курс студенті Жазира Көшкін Ресейдің Санкт-Петер­бург қаласында өткен «Поколение NEXT» XІX Халықаралық байқауында үшінші орынға ие болды.

«Сән индустриясы» атты жеңіл және тоқыма өндірісінің Халықаралық көрмесі аясында жас дизайнерлер арасында ұйымдастырылған сайысқа Ж.Көшкін «Костюм» аталымы бойынша қатысып, көпшілік назарына Art on Rocks этностиліндегі әйелдер киімінің топтамасын ұсынған еді. Конкурсқа Италия, Беларусь, Ұлыбритания, Фран­ция, Ресей және Қазақстаннан келген 100-ден астам дизайнер «Текстиль», «Графикалық дизайн», «Костюм» номинациялары сынаты.

– Үш күнге созылған байқауда 143 жоба ұсынылса, «Костюм» бағыты бойынша 34 жұмыс, «Текстиль» бағыты бойынша 51 жұмыс финалға жолдама алды. Онлайн дауыс беру нәтижесінде «Кәсіптік оқыту» мамандығының студен­ті Жазира Көшкіннің жұмысы жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды, – дейді жетекшісі, Кәсіптік білім кафедрасының оқытушысы Ұлжан Алашабаева.

Қыздар университетінің студент­терінің бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері бір бұл ғана емес. Бұған дейін де республикалық, аймақтық сән байқауларында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, жүлделі орындарға ие болған еді. Оқу орнының ұстаздарды әлі де сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды жастарға жете таныстырып, болашақ маман­дардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздеп отыр.

– Біздің мақсатымыз – студенттерге қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақталған эстетикалық, мәдени мұра­­ларын терең меңгерту арқылы олардың танымдық көзқарасын қалып­тастырып, қолөнерге қызығушылық­тарын ояту. Ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерге ендіріп, брэндтер қалыптас­тырсақ деген ойдамыз, – деді Ұлжан Алашабаева.

Жеңімпаз Жазира Көшкін сабақтан тыс уақытта дизайндық киім үлгілері мен коллекцияларды модельдеп, құрас­тыруды әдетке айналдырған.

– Бүгінгі таңда еңбек нарығында дизайнер мамандарына деген қажеттілік арта түскен. Бұған себеп те жоқ емес. Ұлтты бұйымдарға сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Еліміз бойынша сән орталықтары мен шеберханалар да көптеп ашылуда. Басты мақсатым – ата-баба дәстүрін кеңінен насихаттап қана қоймай, замандастарымды да төл өнерді бағалап, ұлттық мұраны сақтауға шақырамын,– дейді Жазира.

 

Іңкәр ШАҒЫРБАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close