«Жазды әкетіп барады жанарында…»

Cәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ
Ауыз әдебиетінде кейіпкер (қаһарман) басында болатын күйініш пен cүйінішті, психологиялық өзгерісті суреттегенде, табиғатта, не жануарларда болатын әр түрлі құбылыс қатарласа, жарыса бейнеленіп жүретінін білеміз. Сол қатарластыру арқылы адамның басындағы сезім дүниесін суреттеу психологиялық параллелизм деп аталады екен. Бұл ауыз әдебиетінде әбден бекіп, тұрақталған әдіс.
Кейіпкердің ішкі толғанысын, тебіренісін білдіру үшін қолданылатын психологиялық параллелизмге «Ер Тарғын» жырындағы Тарғынның монологын, Махамбеттің «Қызғыш құсын», Абайдың «Көк ала бұлт сөгіліп…» өлеңін, т.б. жатқызуға болады.
Сонау ауыз әдебиетімізден бастау алған, Махамбет пен Абай байытып, жалғастырған пихологиялық параллелизм тәсілін Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, тағы да басқа ақындар өз шығармаларында үздіксіз қолданып, жетілдіріп отырды.
Махамбет пен Абайды пір тұтқан, Қасымды қастерлеген Мұқағали осы тәсілді көп қолданған ақын. Соның бір дәлелі – біз талдап отырған «Гүлдер семіп барады» жыры.
Жер ылғалын, күн нұрын көріп толып,
Бал араға бар нәрін беріп болып,
Күннен-күнге дерт жеңген нәрестедей
Гүл сарғайып барады семіп, солып, – деп басталады ақын өлеңі. Табиғаттан аларын алып, берерін берген гүл мезгілі жеткесін солып барады. Оған ешкімнің жәрдем-көмегі тимесі анық. Тіпті, табиғаттың да еш шипа-шарасы жоқ. Ауруы меңдеген жандай көркінен айырылып, жүдеп, қурап барады.
«Параллелизм екі құбылысты салыстырып қана қоймайды, сонымен бірге біреуіне тән әрекетті екіншісіне телиді. Егіздеудің негізгі мәнін еске алсақ, гүлмен, ағашпен, т.б. көрінетін табиғат бейнесі адам өміріне ұқсастырылады», – деп жазады орыс әдебиеттанушысы, Мәскеу университетінің профессоры Алексей Николаевич Веселовский.
Көрік кеткен лала гүл, раушаннан,
Жапырағын, сабағын қырау шалған.
Сумандаған ұрыдай суық жел тұр,
Жабырқаған гүлдерге лаң салған.
Осындағы суық желді ұрыға теңеуі де психологиялық параллелизмнің жоғарыда айтылған талабына сәйкес келіп тұрған жоқ па?
Күнде көрсең тұратын күнде өртеніп,
Гүлдер сөніп барады,
Гүлдер сөніп…
Немесе:
…Гүлсіз көркі шамалы қаланың да!
Сабағынан үзілген гүл раушан
Жазды әкетіп барады жанарында.
Өлеңнің түйініндегі соңғы жолы гүлді адамға (бәлкім, балауса қызға) балап отыр. «Жазды әкетіп барады жанарында…». Қандай тамаша теңеу әрі шебер шешім.
Ғасырлық жыр, дәуірлік дүние деп осындай өміршең өлеңдерді айтса жарасады…