«ЖАЗДЫ ҚАЛАЙ ӨТКІЗІП ЖҮРСІЗ?»

dsc_0225

Мұз салынған су мен бал­мұздақ, түріктің тұзды айраны мен қарбыз және өзен-көлдің жағасы. Болмаса, қаланың ішіндегі бассейндер. Иә, 40 градус ыстықтың ар жақ-бер жағындағы Алматының аптапты шілде айы үшін бұлардан өзге ештеңе қажет болмай тұрған секілді. Дәл осы күндері су жағасында демалып жатқан­дарға біз «әппақ» қызғанышпен ғана қараймыз. Өйткені, демалысын алмай, жұмыс істеп жүрген қаншама алматылық бар. Сонымен, кім демалысын қалай жоспарлауда? Немесе қайда демалып жатыр? Биылғы жаз алматылықтар үшін несімен ерекше? Бүгінгі сауалнамамыз 12 айдың ішіндегі ең сүйікті маусым – жазғы демалысқа арналады.

Бану СЕРІКОВА,

мұғалім:

– Жыл бойы жазғы демалысты кәдімгідей күтіп, жоспарлаймын. Өзім үшін емес, алдымен балаларым ел-жер көрсе екен деген тілектен шығады ғой. Былтыр үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, демалыс уақытын соған арнап едім. Биыл өткен жылдың есесі бар, биылғы жаз бар сыртқа, су жағасына барып демалғым-ақ келіп жүр. Бірақ, «жомарттың қолын жоқ байлайды» деуші ме еді?! Қалтамдағы аз-маз тиынмен қайда барып арзанға демалуға болады екен деп басым қатып отыр.

 

Жұмагүл МАРАТХАНҚЫЗЫ,

талапкер:

– Жазғы демалысымды әлі бастамадым. Себебі, биыл мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, Алматыдағы ұлттық университеттердің біріне оқуға тапсырдым. Өткен жылғы жазды Астана, Қарағанды, Павлодар қалаларын аралап, қызықты өткізгем. Биылғы демалысымда туған жерім Қапалда боламын.

dsc_0282

ИНДИРА,

мемлекеттік қызметкер:

– Жазғы демалыстың бұрынғылардан аса ерекшелігі жоқ. Босануды күтіп жүрген соң ба, көп жоспарларға қол жеткізе алмадық. Жолдасым Алакөлге барып келген. Енді ЭКСПО-ны көргіміз келіп жүр. Биылғы жаз – сіңлім Алтынның ұзатылуымен ерекшеленді. Енді үйде тосап жабу деген жұмыс жүріп жатыр. Күнделікті кешкілік отбасымызбен серуен құрамыз. Күзге қарай банкі жауып аламыз. Биылғы жаз өте ыстық болып тұр.

МАРАТ,

жұмысшы:

– Демалысымды күзге қарай аламын. Қазір жұмыс қауырт, қызып жатыр. Мына күннің ыстығы біраз қиындау болып тұр. Әйтпесе, ораза біткелі бері ағайындардың тойында жүрміз. Шыны керек, кейде «тойға шақыру келмесе екен» деп тілейтін болдық. Демалыста ауылға, әке-шешеме барып келемін. Нағыз демалыс ауылда ғой, шіркін. Судың жағасына қармақ салып қойып, қарбызды жарып жеп алып, түтіндетіп тұрып сірне жасайсың. Одан басқа қандай демалыс болуы мүмкін?

 

Арайлым АҒЫБАЕВА,

жоба үйлестіруші:

– Биылғы жаз өте ыстық болып тұр ғой Алматыда. Қыс бойы қалың қар жамылғасын әрі ұзақ болғасын, осы жаз құрғақ ауасымен, жауынсыз күндерімен біраз мазасыз болып тұр мен үшін. Әлі демалысқа шықпадым. Тамыз айында, Алла қаласа, ауылға, Ыстықкөлге барып әжемнің қал-жағдайын сұрап қайтамын.

 

Үния ИМАНХАНҚЫЗЫ,

 лаборант:

– Сыныптастармен басқосуға Астанаға барып қайттық, жолдасым екеуміз. Балалар демалыстан келген соң, отбасымызбен ЭКСПО-ға баруды жоспарлап отырмыз. Өзім сертификатқа тапсыруға дайындалып жүрмін. Соны тапсырғаннан кейін төркініме, ауылға барып қайтамын. Екі баламыз қазір шипажайда демалып жатыр. Үлкен ұлымды тамыз айында Бурабайдағы демалыс орнына жібереміз деп отырмыз.

 

Жанна, 

тігінші:

– Демалысымды сәуір айында алып, шет елде демалып келдім. Қазір қызу жұмыс жасап жатырмыз. Өзім белсенді өмір сүргенді жақсы көремін. Сенбі күні таңғы сағат 6-да міндетті түрде Тұңғыш Президент саябағында жүгіремін. Ал жексенбі күні достарымызбен тауға, Медеуге шығып келеміз. Бір жылдай болып қалды. Тау адамға керемет күш-қуат, сергек көңіл-күй сыйлайды.

Сауалнаманы жүргізген –

Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *