«Жазаларыңды театр берсін»

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Театр өнері  факультетінің  студенттері  Мұхтар  Әуезовтің  «Қарагөз» трагедиясын сахналады

Ғашықтар ғұмырын, махаббат мұңын, сарқылмас сезімін, оттан күшті лаулаған ғашық жүректің дертін, жан тебіренісін, ішкі сезім арпалысын хикаялайтын дипломдық қойылымға қанат қақтырып, жаңаша жан бітірген курстың көркемдік жетекшісі – Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімұлы.

Бұл қойылым жанары жалындаған жастардың жаңа толқыны киелі өнердің есігін ашып келе жатқандығын айқын аңғартты.

Актер шеберлігі және режиссура кафедрасы, Драма театры және кино әртісі мамандығының студенттері сырлы сезіммен өрнектелген дипломдық қойылымдары арқылы көрерменнің жан-дүниесін тербеп, өздерінің таудай талабымен тамсандырды. Өнер әлемін бетке алып, енді ғана қауызын жарып, жаңадан бүршік атып келе жатқан жалынды жастар көрерменнің сезім толқындарын теңіздей тебірентті. Әсіресе, махаббат мұңы­ның мұхитына батқан Қарагөз бен Сырымның бейнесі көрермендерге сүйіспеншілік пен сағыныштың сиқырын сездіріп, сезімге сүңгітті. Кейіпкер келбетін кескіндеген қыз бен жігіт сахна төрінде кіршіксіз таза жүректің тебіре­нісі мен тілегін жұртшылықтың жүрегіне жеткізіп, көңі­ліндегі күйігін көрсете білді. Қараңғы қайғы қапасын­дағы Қарагөздің шуақсыз шырайы арқылы оның жан-дүниесіне  үңілген жұртшылықтың жанары жаңбыр­лы күнгі терезедей болып бұлдырап бара жатты. Әлем әдебие­тінің қазынасын толтыратын, баға жетпес байлы­ғымыз болып табылатын жазушы мұрасын сахнала­ған студенттер көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл қойылым жанары жалындаған жастардың жаңа толқыны киелі өнердің есігін ашып келе жатқандығын айқын аңғартты.

Махаббат туралы трагедияның басты кейіпкері – Қарагөздің бейнесін студенттер сахнасында Мақпал Қасенова, ал оның ғашығы – Сырымның бейнесін Қуаныш Құдайберген сомдады. Сондай-ақ, дипломдық қойылымда Айдын Беріков (Нарша), Роза Әбішева (Мөржан), Балнұр Әбдіғалиева (Ақбала), Абылай Тұяқбай (Асан) сияқты жастар да өз өнерлерімен ерекшеленді.

 

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның

Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері:  

 

 Болашақта жастар театрын ашсақ деген ниетіміз бар

– Қазақ театрларында сахналанған Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген құнды қазынамыз, ғасырлардан ғасырларға жалға­сып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласа беретін ұлттық рухани асыл мұрамыз. Төл туындымызды сахналаған шәкірттерім өздерінің өнерімен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгенін көріп, қуанып қалдым. Өмірде ұстаз өзі тәр­биелеген шәкірттерінің өнер жолындағы әрбір қадамына қуанады. Себебі, бойында табиғи таланты бар дарынды шәкіртінің өнердегі биік шыңдарды бағындыруы – ұстаз еңбегінің жемісті жетістігі, өмірде қалдырған ізгі ізі. Шә­кірт­теріме үнемі кітап оқыңдар деп ағалық ақылымды айтудан жалықпаймын. Себебі, танымымызды тереңдетіп, көңіл көкжиегін кеңейтетін кітап – әдемілік пен әдептілік әлеміне ендіреді, жан-дүниенің әдемілігі мен тазалығына тәрбиелейді. Ал өнер – сұлулықты сүйеді, әсемдіктен құралады. Білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттерімнің барлығы өмір жолында да, өнер жолында да биіктерден көрін­уіне тілектеспін. Қойылымды сахналаған осы курстың түлектерінің басын біріктіріп, болашақта жастар театрын ашсақ деген ниетіміз бар, – дейді шәкірттеріне ақ жол тілеген ұлағатты ұстаз.

 

Сәбит ОРАЗБАЙ,

Қазақстанның Халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

 

Шәкірт ұстаздан тағылым алғаны абзал

– Спектакль маған ұнады. Бұрынғы жолын, бұрынғы қойылымдарды қайталамаған. Спектакльде қазіргі заманның талабына сай заманауи жастардың өрісіне, көзқарасына байланысты трактовкасы бар. Енді біз талай Қарагөздің бейнесін көрдік қой. Театрымызда да көптеген «Қарагөздер» болды. Қазақ театры өнерінде оның биіктігіне шыққан Зәмзәгүл Шәріпованы Мұхаңның өзі өте құрметтеген еді. Одан кейінгі «Қарагөздер» де ірілі-ұсақты жақсы образдар жасады. Ал енді бұл қойылымда «Қарагөз» бейнесін сомдаған студент қыздың бойында бір жаңалық бар. Сахнадағы актердің өз кейіпкерінің ішкі әлемін, көңіл-күйін, жан-дүниесін көрерменге жеткізе білуі үлкен шеберлікті талап етеді. Студент қыз Қарагөздің жүрек үнін жеткізіп, жан-дүниесін көрерменге көрсете білді. Кейіпкердің ішкі дүниесіндегі көңіл-күй құбы­лыстарын көрерменге жеткізу процестері сәтті шықты. Оның соншалықты қорлыққа, соншалықты қиындыққа кездескеннен кейінгі есінен танатын сәті бар ғой, сол жерді әдемі келістірген. Сол жердің «переходы» әдемі, жақсы. Тіпті, қалай болып қалғанын да байқамай қаласың. Ал кейбіреулері оған көшуі үшін көзін алартады, шыңғырады, даусын шығарады, әр түрлі әдістер бар ғой. Мұндайды «тихий ужас» дейді. Бұл қойылымдағы Қарагөз кейіпкердің басындағы қасіретті тыныштықпен, ішкі дүниесімен көрсетіп, сезіміне сендіре білді. Жалпы, қойылымдағы Қарагөз бен Сырымның бейнесі көңілімнен шықты. Әрине, Асанәлі Әшімұлының шәкірттерінің келешегінен көп үміт күтуге болатыны күмәнсіз. Асқар Тоқпановтың тоқпағынан шыққан шәкірттерміз ғой. Шәкіртін үйретуден ешқашан жалықпаған ол нәтижені табысқа жеткізбей қоймайтын ұлағатты ұстаз еді. Сондықтан киноға қалай түсу керектігін, театрда қалай ойнау керектігін жақсы білетін әмбебап актер Асанәлінің мектебінен шыққан шәкірттер де өнер әлемінде биікке самғайтыны сөзсіз. Сондықтан әрбір шәкірт ұстазынан тағылым алып, даналығын діліне дарыта білгені абзал.

 

Жүрсін ЕРМАН,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 

Талант деген міне, осы!

– Бұл – дайын тұрған тұтас театр ұжымы! Басты рөлде ойнаған қыз қандай талантты! Қойылымдағы Қара­гөзді көріп, баяғы біз көрген 60-жылдардағы актриса­лар­дың өнердегі жолын жалғап, ізін басқан жаңа жұлдыз туып келе жатқандығына куә болдым. Эпизод­тағы рөлдерді сомдаған кейіпкерлердің де қимыл-қозғалысын, іс-әрекеттерін байқап отырдым, барлығы кісінің көңілін сендіреді. Негізі «Қарагөз» классикалық спектакль ғой. Оған осы заманғы трактовка жасалыпты. Көрермен қата­рындағы қаламы қуатты бірқатар қалам­герлер көптен бері жылаған жоқ едік, қойылымды көріп, көзіміздің жасын сығып алдық. Талант, дарын деген міне, осы! Асанәлі Әшімұлының тәрбиелеуімен жаңа бір театр ұжымы қалыптасып келе жатқанына куә болып, қуанып қайттық.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 

Жастардың болашағы жарқын!

– Қазақстанда театр көп, Құдайға тәуба. Егемен еліміз­дің әр облысында бар. Бүгін өнер академиясын бітіріп, қолдарына диплом алып жатқан жастардың барлығы – болашақ сол театрлардың актерлары. Олардың арасында болашақ Асанәлі Әшімовтер, Сәбит Оразбаевтар, Райым­бек Сейітметовтер тәрізді көптеген қазақтың талантты тұлғалары бар екеніне менің күмәнім жоқ. Өйткені, олар алғашқы дипломдық жұмыстары арқылы өздерінің керемет дарындылығын көрерменге паш етті. Спектакльде, әсіресе, ғашықтар жұбының бейнесі өте сәтті сомдалған. Жастардың болашағы жарқын!

 

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,

актер, Қазақстанның Халық әртісі:

 

Кәдімгі өз балаңа деген ыс­тық жүрек керек

–  Өнер академиясында 4 жыл оқыған түлектердің актерлік шеберлік бойынша дипломын қорғау кезеңінің шымылдығы Ұлы Мұхаңның «Қарагөзімен» ашылды. Бұл өнер ордасының тарихындағы ерекше күндердің бірі. Өйткені, бұл Асанәлі ағамыздың түлектерінің киелі өнер сахнасына самғауының алғашқы қарлығашы, алғашқы қадамы. Жалпы, актерлік шеберлікке келгенде шәкірттер­мен жұмыс істеу бұл инемен құдық қазғандай үлкен еңбек болып табылады. Олардың әрқайсысының көкірегіне үңілу, әрқайсысының қазақшалап айтқанда, тамырын басу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл үшін қырағы көз ғана емес, тақуа, ұқыпты әдет, кәдімгі өз балаңа деген ыс­тық жүрек керек. Жалпы, бұл әлқисса әп деп балаларды таңдаудан басталады. Сол таңдаған кездегі балалардың барлығы өз орнында екендігіне менің бүгін көзім жетіп отыр. Ертеңгі күні олардан еңбекқор, кәсібіне үлкен ыж­дағат­пен, үлкен жауапкершілікпен қарайтын кәсіби мамандар шығатынына кәміл сенемін. Әрине, Мұхаңның «Қарагөзін» сахналау оңай шаруа емес. Театр тарихын­да бұдан биік бедел жинаған режиссерлардың өзі де санаулы.

Қазылар алқасы студенттердің актерлік деңгейін бағалайды. Оның ішіне қадау-қадау мәселелер кірді. Мысалы, біріншіден, сахнада дұрыс көруі, естуі, сөйлеу қабілеті, естіген сөзді қорытып, оған дұрыс жауап беруі, сахнадағы өзінің әріптестерімен өзара әңгімелесуі – бұның барлығы табиғи болу керек. Екіншіден, ойнаған кейіп­керінің ішкі жан-дүниесіне мейлінше жақындай түсуі керек. Бұл жеңіл дүние болып көрінуі мүмкін. Бұл қойы­лымда Қарагөз бен Мөржанды ойнаған актриса көңіліме ерекше әсер етті. Асанәлі ағамыздың мектебінде тәлім-тәрбие алған шәкірттердің өнердегі бағыт-бағдары кәсіби жолда деп есептеймін. Кезінде менің ұлы ұстазым Хадиша Бөкеева «Жазаларыңды театр берсін» деп айтушы еді. Енді бұлардың да «жазасын» театр берсін дегіміз келеді.

 

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 

Әбілхаят суымен жуынғандай күй кештіреді

«Тұлпар ат тай кезінен танылады» дегендей, «Қарагөз» қойылымы арқылы болашақта сахнаның бір-бір тұлпары, саңлақтары болатын қыз-жігіттердің жұмысын көрдім, еңбегін бағаладым. Қойылымдағы әрбір әртіс кейіпкер бейнесін сомдау үшін,  көрермен жүрегіне жол табу үшін үлкен еңбек еткені көрініп тұрды. Жастардың әрқайсысы үлкен жауапкершілікті сезініп, өз рөлдеріне ерекше мән берген. Қарагөз бен Сырым бейнесі көрерменнің көңілінде ерекше із қалдырды. Үлкен бір әулеттің анасы Мөржанды сомдаған жас актриса да көтеріп тұрған жүгінің қаншалықты салмақты екенін сезініп, өзіне жүктелген міндетті толық орындап шықты. Осылайша болашақ актриса салмақты бәйбіше бейнесімен көрерменнің есінде сақталып қалды. Сахнада етпеттеп жатып жылаған келіннің бейнесінде де, қимыл-қозғалысында да шынайылық бар. Жалпы, қойылымдағы барлық кейіпкерге дәл осылай жеке-жеке тоқталып шығуға болады. Басты кейіпкерлер – Қарагөз бен Сырымды сомдаған қыз бен жігіт болашақта өнер жолында пісіп-жетіліп, сахнаның бір-бір тұлпары, саңлақтарына айналады. Олай болуының үлкен бір себебі бар. Өйткені, олардың ұстаздары – нағыз өнер тұлпары, театрдың талантты  тарланы. Халқымызда «Ұстаздың алдын көрді» дейді ғой. Ұлағатты ұстаздың алдын көрген шәкірттер екені көрініп тұр. Және бұл қандай ұстаз! Әлемге әйгілі Асанәлі Әшімұлы тәрізді ұстаздың шәкірттері екені олардың әрбір қимылынан, іс-әрекетінен білініп тұр. Жалпы алғанда, сахнада артық қимыл-әрекет жоқ. Ешқандай салғырт, бояуы кем тұстары да жоқ. Спектакль – ұжымдық дүние ғой. Қойылымда қажет кезінде барлығы жұдырықтай жұмылып, алақандай ашылып, үйлесімді іс-әрекет жасады. Негізі «Қарагөзді» талай оқыдық, театр сахнасында да талай рет тамашаладық. Ал бұл қойылым солардың ішіндегі тасты жарып шыққан бір жауқазындай өзінің балаңдығымен, жастығымен, албырттығымен ерекшеленіп тұр. Жастар мені өз өнерімен сүйсіндірді. Келешекте мен олардың бәрін қазақтың үлкен сахнасынан көретініме еш күмәнданбаймын. Қойылымды көргеннен кейін жасарғандай болдым, жан-дүнием жаңарғандай болды. Балалардың бәрі балауса, тап-таза. Рөлді ойнап жүрген жігіттердің өзінен албырт бір әрекет байқалады. Ол табиғи, шынайы дүние. Ал шынайы дүние адамның жанын рухани тазалайды, әбілхаят суымен жуынғандай күй кештіреді. Қойылым кезінде жанымыз тебіреніп отырды. Толқыдық. Толқымау мүмкін емес. Студенттер спектаклін біз бұрын өзіміз көрген аға толқынның қойылымымен салыстырып отырдық. Жалпы, бұл қойылымнан кейін көрерменнің жан-дүниесі рухани тазарып қайтқаны анық.

 

Балнұр АХМЕТ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *