ЖАЯУ ЖҮРУ – ЖҮГІРУДЕН ДЕ ПАЙДАЛЫ

«Әр күн сайын 10 000 қадам жүрейік» жалпыұлттық бағдарламасын ұсынамыз

Қадірлі достар!

Біз, бір топ белсенді азамат – Отаны­мыз­дың патриоттары, халқымыздың денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қосу үшін «Қазақстан жаяу жүру және скан­динавияша жаяу жүру Федерациясын» құрып отырмыз. Соған  орай біз «Әр күн сайын 10 000 қадам жүрейік» деп аталатын жалпыұлттық бағдарламамызды ұсынамыз. Біздің бүкіл бағдарламамыз бір ғана сөйлемнен тұрса да, оның көтерер жүгі мен мән-мағынасы ұшан-теңіз. Яғни Федера­цияның әрбір мүшесі күн сайын 10 000 қадам жүріп өтуге міндеттенеді.

Әрбір адамның осы мақсатты орындауы үшін Федерация көмектесетін болады, яғни оларды оқытамыз, үйретеміз, көмектесеміз, тиісті іс-шаралар ұйымдастырамыз және қажет болса арнайы дайындаймыз. Біз алдымызға осындай өте қарапайым да қолжетімді, бірақ халық үшін пайдасы аса зор мақсат қойып отырмыз. Шын мәнінде жаяу жүру адамның денсаулығын жақсар­тып, өмір жасын ұзартады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының (ДДҰ) деректеріне сүйенетін бол­сақ, соңғы кезде рак, жүрек-қан тамыр­лары аурулары, простатит, қант диабеті, пневмония, бүйрек және бауыр кеселдеріне шалдығу саны бүкіл әлем бойынша өсіп келеді, біздің еліміз де одан шет емес.

Қаншама бауырларымыздың өмірін жалмап жатқан осы дерттерді болдырмай, оның алдын алудың ең тиімді жалғыз жолы жаяу жүру екендігі қазіргі медицинада дәлелденген. Сондықтан да осы қорқы­нышты аурулардан халқымызды құтқару­дың тиімді жолы – күн сайын 10 000 қадам жаяу жүру. Яғни әркімнің белсенді қимыл-қозғалысы, физкультура мен спорт, денеге пайдалы жүктеме беру, көбірек жаяу жүру бұл зауалды тоқтата алады.

Біз кеңесімізді 1000 адамға тыңдата алсақ, демек біз 1000 адамды осы зауал­дардан құтқардық деп есептейміз. Егер біздің қатарымызға 1 000 000 адам кіретін болса, қоғамдағы миллион жанның дені сау болып, бақытты болуына өз үлесімізді қосқанымыз. Біздің Федерациямыз ауру­ханалар салмайды, адам емдеумен де айна­лыспайды, бірақ шын мәнінде мыңдаған адамның өмірін құтқаруға атсалысады.

Біздің елімізде жаяу жүру және скан­ди­навияша жаяу жүру спорт түрінде таныл­­маған, яғни республикалық спорттық тізбеде спорт түрі ретінде тіркелмеген. Сон­дықтан біздің алдымызда осы спорт түр­ле­рін заңды түрде тіркетіп, ресми мойында­луы үшін жүргізілетін үлкен жұмыстар тұр.

Скандинавияша жаяу жүру спорт түрі бойынша Финляндиядағы Халықаралық скандинавияша жаяу жүру федера­циясы­ның стандарттары мен нормативтерін қабылдаймыз. Ал жаяу жүру спорты бойын­ша өзіміздің нормативтеріміз бен стандарттарымызды әзірлейміз және соған сәйкес өзіміздің тәртіптеріміз бен ереже­лерімізді жасап шығарамыз.

Федерациямыз республикалық және халықаралық деңгейдегі тиісті аккредиттеу және мойындалу рәсімдерінен өткеннен кейін еліміздегі басқа да мойындалған спорттық Федерациялар секілді заңдық негізде өз спортшыларымыз бен жаттықты­рушыларымызға тиісті спорттық разрядтар мен атақтар береміз. Мамандар дайындап, тиісінше өзіміздің жаттықтырушыларымыз бен спортшылар құрамын жасақтаймыз.

Әрқайсыңызды және бәріңізді біздің Федерацияға кіруге шақырамыз. Жаны­ңызға жақын жандардың дені сау болсын десеңіз, туыс-бауырларыңызды, достары­ңыз бен жол­дастарыңызды біздің Федера­цияға шақыры­ңыз. «Дені саудың – жаны сау» дегендей, бақытты да салауатты өмір жолына түсуге кеңес беріңіз.

 

Ж.АХМЕТБЕКОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Федерация президенті.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *