ЖАЯУ КЕЛІП, КӨЛІКПЕН ҚАЙТТЫ

Қалалық әкімшіліктің тікелей қолдауымен, «Koktem Group» компаниясының демеушілігімен өтіп келе жатқан Қасыл Қатықбаева атындағы дәстүрлі «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздардың есімі белгілі болды.

Рая ЕСКЕНДІР

Алматының сегіз ауданындағы мектептер­ден басталған байқау үш ай уақытқа созылды. Байқауға 67 үміткер қатысып, өз бақтарын сынаған еді. Алғашқы кезеңде үміткер ұстаздар «Ұстаздық мерей биігіне» деген атпен өз тұжырымдамаларын қорғаса, екінші кезеңде «Функционалдық сауаттылық – заманауи қоғам талабы» тақырыбында ашық сабақтар өткізді. «Өз жеріңді танып біл» деген тәрбие сағаты да мұғалімдердің барлық мүмкіндіктерін көрсете түсті. Осылайша мемлекеттің үлкен қолдауын сезінген ұстаздар қауымы өздерінің жүрек қалауларымен таңдаған мамандық­тарына деген барлық махаббаттарын өздерінің шеберліктерімен жеткізе білді.

«Жүзден жүйрік» шыққан 21 үміткер ұстаз­дың барлығы да кіл мықты деуге тұрар­лықтай. Өйткені, байқауға да өзіне сенімді­лердің қатысып, бақ сынайтыны белгілі ғой. Сонымен, байқаудың бас демеушісі «Koktem Group» компаниясының директоры, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлы сөз алып, барлық байқауға қатысушыларды құттықтады. Еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақтың тәрбиесі мен алар біліміндегі ұстаз­дардың зор жауапкершілігі мен қосып отырған үлесінің зор екендігіне тоқталды. Көпбалалы отбасында тәрбие алып, анаға деген перзенттік парызының бір өтеуі ретінде ұстаздар қауымына құрмет көрсетіп келе жатқаны туралы да айтып өтті. Осыдан соң меценат байқауға қатысқан ұстаздарға номинация бойынша Алматы қаласы әкімінің грамотасы мен ұялы телефондарды табыс етті.

«Шығармашыл мұғалім» аталымын №173 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Ақгүл Балтаева, «Креативті мұғалім» аталы­мын №16 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрмахан Шынәлиев, «Жаңашыл мұғалім» аталымын №12 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Абдрашова, «Білікті мұғалім» Гүлмира Қылышмағанбетова №59 мектеп-гимназиясы­ның бастауыш сынып мұғалімі, «Коммуни­кативті мұғалім» Әсем Смақова «Жаңа ғасыр» №175 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, «Ізденімпаз мұғалім» номинациясын Перизат Дүйсебайқызы – Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Белсенді мұғалім» номина­циясын Дарын Мұхамеджанов – Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Мейірім­ді мұғалім» номинациясын Әсел Жақсылықова №40 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі иеленді.

Байқаудың ІІІ дәрежелі дипломымен 200 мың теңге қаржылай сыйлығын Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов №180 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құралай Ахметоваға табыс етті.

Сонымен қатар, ІІ дәрежелі диплом мен 300 мың қаржылай сыйлықпен мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева №148 мектеп-гимназияның информатика және математика пәні мұғалімі Гүлжан Дорветханды марапат­тады.

Ал І дәрежелі диплом мен 500 мың қаржылай сыйлықты Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Елдар Әбдіхалықовқа табыс етті.

Ең шешуші, көптің елеңдей күткен сәті де келіп жетті. Байқаудың бас жүлдесі автокөлікті Түрксіб ауданындағы №59 мектеп-гимназияның физика пәні мұғалімі Хасен Зәру жеңіп алды.

Жеңімпазға көлік кілтін бас демеуші Мұрат Әділханұлы табыс етті.

– Көлігің бар ма? – деп сұрады бас демеу­ші жеңімпаз жігіттен. – Онда жаяу келіп, көлікпен қайт, – деп арқасынан қақты.

Елімізде ұстаз мәртебесі туралы заң қабылдағалы жатыр. Ұстаздарға құрмет – ұлтқа деген құрмет болса керек.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *