ЖАУЖҮРЕК ЖЕҢГЕЛЕР

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық тойын өткізген жылы Сарыарқа мен Бетпақдалада қыс орасан қатты болды. «Арқада қыс жайлы болса – арқар ауып несі бар» дегеннің кері келді. Ақтүтек боран мен үскірік аяздан пана іздеген мыңғырған киік отарлары Шу бойына мезгілінен ерте құлады. Бірақ бұл өңірде де байырқа таппай Каратаудан асып түстікке қарай жөңкіліп жөнелді. Киіктердің соңғы көшіне ілесіп Бетпақтың көкшулан бөрілері қаптады. Олар келе төрт түлік малға жоңғарша шапты.

– Ойбай, Аңғарбайдың атан түйесін қасқырлар жарып кетіпті. Кебектің адамға ұмтылатын сүзеген бұқасының мүйізі мен тұяғын ғана қалдырыпты.

– Сұмдық-ай, Бөстек байғұстың қырық қойын қырып салыпты.

– Оны айтасың, қылмыскерге қатал Ыдырыс мили­цияның тапаншасынан да тайсалмай есігінің алдында жатқан ала мойнақ нән төбетінің құйрығын түбімен жұлып әкетіпті. Ауылдағы иттердің «атаманы» болған төбет құйрықтан айырылып, қаншықтардың алдында абырой-атақтан жұрдай болып, қыңсылап қала беріпті.

– Ол да түк емес, ұзақ жылдан бері қоян өсіріп келе жатқан ұзынтұра Бергентайдың жабық қорасына түсіп бес жүз қоянын бірін қалдырмай жеп кетіпті.

Осындай аяздай суық хабар күн сайын дүңк-дүңк естіліп жатты. Қаптаған қасқырмен күресу өте қиын болды. Өйткені, олар партизандар сияқты бір орында тұрмайды. Бірде Үлкен көлдің арғы бетін, енді бірде бергі жағалауын ұлардай шулатып жатады. Мал иелері «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» әрқайсысы өздерінше қорғаныс жасап жатыр.

 

Ымыртта атылған оқ

– Әй, Тәлтен, – деді келіншегіне Бәкен ауылының атақты шопаны Мәулен Төлегенов торы төбел атына ер салып тұрып. – Бүгін совхоз партия комитетінің жиналысы болады келсін деп парторг Айтжан хабар жіберіпті. Өткен жолы да жиналысқа қатысқан жоқ, осы жолы келмесе райкомның бюросының алдында партиядан шығару жөнінде мәселе қоямын. Оның атақты шопан екені маған пішту, пысқырмаймын депті. Ел аман, жұрт тынышта партиядан шығып қалсам ел бетіне қалай қараймын, ұят, өлім!

Өзің білесің қазір қасқыр қалың. Көк атқа мініп, тақымыңа мылтық қыстырып ал, қасқыр көрінсе ат. Айтпақшы, көзге көрінбесе де, қой үріксе аспанға атып шошытып жібер. Ал мен жүрейін. – Маған не айтасың, қандай тапсырмаң бар?

– Ішпей кел, – деді көп сөзге жоқ келіншек.

* * *

Тәлтен қойды онша алысқа ұзатпай ауыл төңірегіне жайып, қыстауға енді бет ала бергенде отардың арғы жағы дүркіреп үрікті.

Артынша қойды бастап жүретін кәрі текенің бақырған жаман дауысы естілді. Келіншек дауыс шыққан жаққа қарай шаба жөнелді. Келсе талайды көрген тәжірибелі теке өзіне ұмтылған қасқырды құлаш келетін қарағай мүйізімен жасқап жанына жақындатпай жүр екен. Денесіне тісі тимесе де теке «жау шаптылап» барынша бақырып қояды. Таяқ тастам жерде жараланған екі қой жатыр. Қасқыр текені тастай беріп арс-арс етіп аттылы адамға қарсы шапты. Астындағы Сайтан торы деп аталатын аты үркек жануар болатын. Қасқыр қарсы ұмтылғанда жалт беріп аңдусыз отырған Тәлтенді шошақ құмның үстіне тоңқалаң асырды.

Анда-санда Мәулен атып әкелген қасқырдың терісін көргені болмаса, тірі қасқырды көрмеген еді. Түсі соншалықты суық болар деп ойламаған. Өзіне төніп келе жатқан қасқырдың тілі салақтап, азулары ырсиып, көзі шатынап тек ертегіде айтылатын жаналғыш әзірейілге ұқсап кетті. Өлдім деп ойлады заматта. Тәлтен қатты жығылса да, мылтығынан айырылмаған екен, орнынан атып тұрды. Келесі сәтте есін сәл жиып, шүріппені басып қалды. Басын көздеп атылып келе жатқан қасқыр бұған жете алмай шалқасынан барып құлады. Ызалы қасқыр оқ тиген өзінің кеудесін жүнін бұрқыратып қауып-қауып алды. Сол сәтте ол мылтығын қайта оқтап үлгерді, ойланбастан басын көздеп атып жіберді. Көкжал көз жанары сөніп, қан құсып бүкіл денесі селкілдеп, дірілдеп ажал құшағына еніп барады…

* * *

Жиналыстан кештетіп оралған Мәулен есік алдындағы бағанада ілулі тұрған көкжалдың терісін көріп не болғанын түсіне қойды. Қатты риза болып: –Мәледес, қатыным, мәледес, – деді.

 

Арланмен айқас

Елубай Көлбаев Кеңес кезінде кеудесіне талай орден-медаль таққан атақты шопан. Оны ауыл адамдары жұмысқа ыждақатты, іскерлігіне қарап «Шаруа Елубай» деп атаса, құрдастары ұстараны сирек көретін, сирек сақалына бола «Теке сақал»  Елубай» дейді.

Елекең бүгін Шешенбайдағы қыстауына көшіп келді. Қыстауы әлі жөнделмеген алқам-салқам, пеші опырылып құлап жатыр. Амалсыз есік алдына қараша үйін тікті. «Бәрі дайын, көшіп бара беріңдер» деп алдап кеткен суайт прорабты түгін қалдырмай боқтай түсіп ашуланып отыр. Кешкі мезгіл, келіні Шекер сары самаурынды қайнатып шай жасады. Ұзақ көште қалжыраған бәйбішесі Тұмар оң жақтағы бөстекте қалғып жатыр. Үйдің ортасында үшбұт ошақтың астында сексеуіл маздап жанып тұр. Атам заманғы қара қазанда күздіктің еті былқылдап қайнап жатыр. Оттың жылуы, қазандағы еттің иісі бәрін сергітіп, шаршауларын басқандай.

Елекең екі мүшеліне әлі тола қоймаған келініне мейірлене қарап, айналып-толғанып қояды. Келініне іштей жаны да ашиды. Қарттың жалғыз ұлы Аманшүкір бес жылдан бері Алматыда Зоовет инсти­тутында оқып жүр. Биыл бітіретін жылы. Шекер осы уақытқа дейін Алматыға барып балаңызды көріп, біраз болып келейін деп айтқан емес. Қартайып келе жатқан ата-енесінің бабын жасап, күтіп, солармен бірге мал соңында салпақтап, ауыр бейнетті бірге көтеріп келеді. Сонда да қабақ шытпайды, үнемі жарқырап күліп жүреді. Сол үшін де шал-кемпір оны жанындай жақсы көреді, шығарға жаны бөлек. «Шіркін, қазақтың келіндері-ай», – деп ойлайды Елекең жүрегі елжіреп.

Кенет манадан бері бейбіт күйсеп жатқан мал аламан-тасыр болып үрікті. Маңырап, шулап қашқан қоралы қой киіз үйді жапырып кете жаздады. Елекең орнынан тұрып үлгермеді, есіктен атыла кірген бір құбыжық кеудесімен соғып шалқасынан түсірді. Лезде арсылдап, ырылдап қарттың қалың тері кеудешесін дал-дал қылып жыртты. Келесі сәтте шошынып, ойбайға басып басын көтере берген Тұмарға бас салды. Азу тістері сақылдап кемпірдің жамылып жатқан тонының түте-түтесін шығарды. Алға­шында қатты сасқан Шекер есін жинап, кемпірді талап жатқан көкжалдың арқасы­на атша мініп алды. Жуан мойнын құшақтап кері қарай тартты. Сол сәтте қасқыр кемпірді тастай салып атып тұрды. Шағын денелі Шекер аунап түсіп қасқыр­дың астында қалды. Оның от шашқан зәрлі көзін, ақсиған сойдақ тістерін анық көрді. Өзінен өкпе қабынтатын жаман иіс аңқиды. Қоймалжың өлекседей сасық сіле­кейі бетіне тамып кетті. Шекер жанталасып қасқырдың кеңірдегінен ұстап кері итереді. Ол өлермендікпен ырылдап, аузын әректей ашып беттен алуға ұмтылады. Өмір мен ажал бетпе-бет келген сәт.

Тырбаңдап жатқан Шекердің қолына манағы өзі сексеуіл жарған балтаның сабы іліге кетті. Одан әрі не болғанын жөнді түсіне қойған жоқ. Тек балтаның шүйде­сімен қасқырды бастан ұрғаны есінде. Қасқыр сылқ құлағанда да тоқтамай ұра берді.

* * *

Осы кезде жан дауысы шыққан адамдар­дың үнін естіген көрші шопандар да келіп жетті. Олар сұмдық көріністің үстінен түсті. Төргі жақта қан-жоса болып Елубай мен Тұмар жатыр. Ошақ басында Шекер тізелеп отыр. Қолында балта, бетінен, мойнынан қан саулап тұр. Оның алдында бас сүйегі мылжа-мылжа болып, есік пен төрдей жансыз арлан жатыр.

– Бұл құтырған қасқыр, – деді Мәукен шал. – Құтырмаса үйге кіріп адамдарға шаба ма? Құтырған қасқырдың тісі тиген, тіпті сілекейі жұққан қой-ешкінің, ірі қараның жынданып кеткенін талай көргенбіз. Бұл байғұстар да… Құдай, өзің сақтай көр!

* * *

«Жүнсақал Елубайдың үй ішін түгел құтырған қасқыр талап кетіпті» деген жаманат хабар аудан, облыстан асып Алматыға жетті. Дипломын қорғап жатқан Аманшүкір бәрін тастап ұшаққа отырды.

Атақты хирург Әбікен Жылысбаев үшеуіне дереу ота жасады. Үш күн дегенде бәрі есін жинап, тілге келді. Санитар-дәрігерлер қасқырдың басын, денесін Мәскеуге сараптамаға жіберді. Бір ай дегенде ол жақтан қуанышты хабар келді. Қасқыр құтырғаннан сау екен. «Үнемі қуғын-сүргінде жүрген, қауіп-қатерге толы өмірі, аштық қасқырдың жүйкесін жұқарт­қан. Ол талаған адамдарға ешбір қауіп жоқ» деп жазыпты мәскеулік ғалымдар. Осы бір ай ішінде үшеуі басқа адамдардан аулақтатылып, түрмедегідей азапты, күдікті көп кешті. Бәрі жында­нудан аман қалғандарына қуанып, шүкір­шілік етті. Тек бұрынғы күндері айнаға қараған сайын өзінің мінсіз сұлулығына сүйсініп, қуанып жүретін Шекердің ғана көңілі пәс. Оның қылауы жоқ ақшақардай бетінің әр жерінде қасқыр тістерінің және тырнақтарының терең ізі қалыпты, «Мына түрімен Аманшүкірге қалай көрінемін» деп іштей азап шекті. Оңашада өксіп-өксіп жылап алады. Бұлар жатқан палатаға күйеуін де кіргізбей қойған. Рұқсат етілген күні екеуі бір-ақ қауышты. Аманшүкір келіншегін аялап, сүйіп тұрып:

– Сен осы түріңмен-ақ сұлусың, сүйіктісің! Мына тыртықтардың ізі сен жасаған жанкешті ерліктің куәсі. Ол сені одан сайын сұлуландырып тұр, – деді.

 

«Қанды басың бері тарт!»

Екі сиыры қасқырға жем болған Болат бақташы бүгін тым ашулы еді. Таң ата тұрып бақырауық қара атанға әкесінен қалған қақпандарды артып алды.

– Сен бүгін малға қара, – деді келіншегі Бибітайға. – Көз жазбай бақылап жүр. Мен сонау Жанайдың жалғыз аяғынан бергі сүрлеу, соқпақтарға қақпан басып келе­мін. Қайтарда кешегі құрған қақпандарды тексерермін.

– Әй, өзің де байқап жүр. Анадағыдай… – деп сөзін аяқтамай сылқ-сылқ күлді келіншек.

Ол Болаттың өзі құрған қақпанына өзі түсіп қалғанын еске алып еді. Сол жолы аяғында әкесінің бұқаның терісінен тігілген киіз байпақты қалың етігі болмағанда серпіні қатты қақпанның жіліншігін сындырып жіберуі кәдік еді.

Тағы бір оғаш оқиға былтыр болып еді. Қыстауда отырған Болаттың қорасына қасқыр түсті. Қора тазалап жүрген Болат шақырылмаған «қонақты» көріп ақырып тұра ұмтылған. Іште адам бар екенін білмеген қасекең қатты сасып қораның ішінде айнала қашты. Сасқаны сонша, өзі кірген тесікті әзер тауып енді сыртқа шығам деген кезде Болат та жетіп артқы аяғынан қуатты қолымен ұстай алды. Қасқырдың басы сыртта, бөксесі іште, жанталасып бұлқынып жатыр. Болат оны өлсе жібере ме? Айқайлап әйелін көмекке шақырды:

– Бибітай, әй, керең болғансың ба, тез кел, мен қасқыр ұстадым. Көкемнің қасқыр алып жүрген шоқпарын әкеліп қара тұмсықтан ұр! Дәндеген екен бұл әумесер. Бол, бол!

Жыңғыл қорадан жарты кеудесі шығып, басын екі жаққа ұрып жатқан қасқырды Бибітай да көрді. Көрді де шоқпарды іздеп жөнелді.

Қасқыр қанша бұлқынса да Болат жібермеді. Әй, неғып малтығып жүрсің, – деп әйеліне айғайлап қояды. Жасынан қызыққұмар жігіт. Өзі сәл мақтаншақтау. Жалаңаш қолмен қасқыр ұстағанын естіген ел таңқалып, батыр деп мадақтай­тын болады әлі.

Қасқырмен тартысып тұрған Болатқа «осы арлан ба, әлде қаншық қасқыр ма» деген ой келді. Арлан болса дұрыс болар еді. Арланның жөні бөлек қой, қаншық деген не тәйірі… Оны көрінген ит алады.

Болат қасқырдың жынысын білмек болып қолын бұтының арасына жүгіртті. Сол сәтте аяғы босаған қасқыр зып беріп қаша жөнелді.

– Қасқыр қайда, қайда, – шоқпарды алып жеткен Бибітай.

– Кетті ойбай, мені алдап кетті. Жынысын білейін деп бұтына қолымды созғаным сол еді, әккі қу екен сытыла қашты.

– Өй, сенде… – деді әйелі.

Болат қасқырдың құтылып кеткеніне өкінген жоқ, жынысын біле алмай қалғанына өкінген еді… Бибітайдың еске алып күліп тұрғаны сол сорақы оқиға еді.

* * *

– Өй, сен қатын да қайдағы жоқты ұмытпайды екенсің. Шыжың ауыз неме, біреуге айтып қойсаң, тоқал ешкімен қосақтап қойып сабаймын, – деді ыңғайсыздана күліп. – «Екі елі аузыңа – бес елі қақпақ қой». Анау өсекші Қоқан­тай естісе бүкіл елге жайып жіберер.

– Айтпаймын. Сенің жынысын тексе­ремін деп қолға түсіп тұрған қасқырдан айырылып қалғаныңды да ешкімге айтқан жоқпын ғой, – деді келіншек енді сақ-сақ күліп.

– Түу, саппас екенсің. Сендей күлегеш қатынды көрсем көзім шықсын. Сойылған түлкіге ұқсап ыржақтайсың да жүресің.

– Сенің аңғал, оспадарсыз қылығыңды көрген адамның ыржақтамақ түгілі еріні жыртылып кетер.

– Болды, болды, тоқтат енді. Маған сәт-сапар тіле! «Қанды басың бері тарт!», – деп Болат бақырауық атанды жетектей жөнелді.

* * *

Бибітай жақын маңдағы құмтөбеге шығып жан-жағына дүрбі салып тұр. Жүзге тарта тайынша емін-еркін жайылып жатыр. Бір кезде терең жыраның ішінен сиырлардың өкіріп-бақырған дауыстары естілді. Зеңгі баба ұрпағы қасқыр көргенде осылай бар дауысымен өкіріп, бұзауларын ортаға алып, шоқтай үйірілетін. Бибітай солай қарай шаба жөнелді.

Келсе шұбар бұқа бастаған үлкен сиырлар бір шоқ шыңғылға қарай тап-тап беріп тұр екен. Топталып жүрген сиырлар бірлі-жарым қасқырға алдырмайды. Бұзауын қорғап, жанын беруге әзір.

Бибітай жақындап келгенде жыңғыл түбінде бұғып жатқан қасқырды көрді.

– Айт, айт, айтақ деп айғайлап шауып келе жатқан Бибітайды көрсе де қасқыр қашқан жоқ, орнынан қозғалмады. Үлкен кісілерден «Қасқыр әйелдерден онша қорықпайды» дегенді естігені бар еді. «Мені әйелсініп тұр ма мына жыртқыш» деп қатты намыстанды. – «Мен қазір көкеңді көзіңе көрсетермін!».

Қасқырға құрық тастам жерге жақын­дап келді. Ол азуын сақылдатып айбат шегіп жатыр. Атылуға ыңғайланған сыңайы бар. Әттеген-ай, қолында түк қаруы жоқ. Тіпті, белдеуде ілулі тұрған құрықты да алмапты. Сол сәтте қасқыр арс етіп атылды. Бір қадамға жетпей екпетінен түсті. Енді байқады көкжалдың аяғында қақпан бар екен. Соның тоқпағы жыңғыл түбіртегіне ілініп қалыпты. Өзінің дәрменсіздігіне ызаланып, қақпан қапқан аяғын шайнап жатыр.

«Қасқыр қақпанға түскен аяғын шайнап жеп үш аяқтап құтылып кетеді» деп отыратын аңшы атасы. Мынау да сөйтер ме екен? Сол кезде Бибітайдың есіне жалғыз қару шомбал үзеңгі түсті. Келесі сәтте ол үзеңгіні бауымен шешіп алды. Қасқырға жақындап барды. Өзіне жете алмайтынын біліп батыл қимылдады. Үзеңгіні шыр айналдырып келіп қара тұмсықтан бар пәрменімен ұрды. Қасқыр­дың ең осал жері тұмсығы болатын. Тағы, тағы ызалана, құшырлана ұрды. «Өлсем, аңшының қанжығасында, атылған оқтан өлермін» дейтін көкжал қарусыз қатын­ның қолынан қаза табармын деп ойла­маған, арманда кетті…

* * *

Қақпандарын құрып, тау жыққандай екпіндеп келген Болат кермеде ілулі тұрған теріні көріп шалқасынан түсе жаздады.

– Ой, ой, қатеке, мынау қасқыр ма? – деді кекештеніп. – Үйде ататын мылтық жоқ еді ғой, мұны қайтіп… қалай…

– Қайткені несі, бір сағат қуып, талдырып жығып, үзеңгімен ұрып алдым, – деп қан жұққан үзеңгіні көрсетті.

– Әй, әй, сен қызылкөз пәле шығарсың, адамның қасқыры шығарсың. Қорықпай сенің қасыңа қалай жатып жүрмін, – деді Болат.

– Қасқырмын, қасқырдың сырттаны­мын. Ыр-р-ы-р-р, – деп келіншек күйеуінің бүйірінен ұрып қалды. Өзі сылқылдап күліп жүр. Болат шошынып, әрі қарай секіріп түсті.

– Жарайсың, жарайсың, нағыз қасқыр екенсің…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *