Жауынгерт рухына құрмет

Әміре Қараұлы – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Темірбек Жүргенов ауылында 1900 жылы туған. Әкесі Қара Тобылұлы ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары мен өткен ғасырдың отызыншы жылдары аралығында өмір сүрген. Анасы Мінжан Бостанбайқызы да осы кезеңде ғұмыр кешкен. Екеуі де Отан соғысы басталар алдында дүниеден өткен. Балалары Әміре ата-анасын сол кездері өздері тұрған Еңбекші ауылы шетіндегі қорымға қойып, бастарына кесектен өріп, белгі орнатқан еді.

Әміре Қараұлы ұжымшардың барлық қиын жұмыстарының бел ортасында жүріп еңбек екпіндісі, бригада жетекшісі болған. Мемлекетке аң терілерін өткізу жоспарын бірнеше есе артығымен орындағаны үшін Мәскеу қаласында алғаш ашылған Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып қайтқан.

Ол 1942 жылғы қазан айында 42 жасында майданға аттанып, 1943 жылға дейін майдан даласынан жазған хаттары келіп тұрған. Кейіннен мүлдем хат та, хабар да болмаған. Қай жерде қайтыс болғаны, қайда жерленгені жайлы деректер, қаншама іздестіру шаралары жасалса да еш нәтижесіз болып келеді.

Әміре Қараұлы еңбек еткен Еңбекші ұжымшары өткен ғасырдың 50-жылдары көрші Мақпалкөл  ауылына қосылып кеткен еді. Содан бергі 70 жылдай мерзім ішінде бұрынғы ауыл болған үйлердің орны да, ауыл шетіндегі кесек бейіттердің ізі де қалмаған. Құм жиналған, шөп өскен жазық далаға айналып кеткен.

Жуырда осы өңірдегі бұрынғы бейіттер орналасқан жерге ұрпақтары Қара Тобылұлы мен Отан соғысынан оралмаған баласы Әміре Қараұлына белгі орнатты. Марқұмдар рухына құран бағышталып, ас берілді. Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыста хабарсыз кеткен жауынгер рухына құрмет көрсетілді.

 

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

    Қазақстанның Құрметті журналисі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *