ЖАУЫНГЕРЛІК ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

224«Ауғанстан естеліктері» кешінде көрініс берді

Білікті ұстаз Гүлнар Ахметова бас­шылық ететін №2 жалпы білім бе­ретін мектепте ауған соғы­сы­ның арда­герлеріне ар­налған «Ау­ғанстан есте­ліктері» кездесу кеші ұйымдас­тырылды.

Айнабай МӘДИ

– Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан әлем елдерімен бейбітқатар өмір сүріп, өзара татулық, ынтымақтастық жолын ұстанып, саяси-мәдени қарым-қатынасын нығай­туда. Елбасымыздың биылғы Жолдауын­дағы «Мәңгілік ел» идеясы да жањандық тыныштық пен татулықты ту етеді. Иә, өлген­дер қайтып келмейді. Нағыз ерлерше жауынгерлік тапсырмасын тиянақты атқа­рып, әскери антына адалдықпен қараса да, мағынасыз соғыс жүрегіне мәңгілік жазылмас жара салған азаматтарға құрмет көрсету – парызымыз, майдангерлерді жас өркенге үлгі ету – міндетіміз. Шәкірттеріміздің ауған соғысының ардагерлерімен кездесуі елдік, ерлік мектебі жолындағы жауынгерлік дәстүрдің жалғасуына сеп болу, – дейді мектеп директоры Гүлнар Мәмбетқызы.

Кездесуге келген ауған соғысының сақа сарбаздары оқушыларға ел қорғаудың мерейлі міндет, қастерлі парыз екенін түсіндіріп, сұм соғыстың кесапатын айтты. Ауған даласынан оралған майдангерлер күш-жігері мен әл-ауқаты мол, интернационализм идеасын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған әрі өз бола­ша­ғына имандай сенген жас жігіттердің осынау үлкен саяси ойынның құрбаны болғанын шәкірттерге тәптіштеп түсін­дірді. Ондағы мақсат – майдан шындығына жас өрен­нің көзін жеткізіп, сұрапыл соғысқа аттанған өрімдей жастар­дың жазығы жоқтығын, қайта олардың қасиетті борыш сана­латын жауынгерлік антқа ақырына дейін адал болға­нын жеткізу.

– Мыңдаған жас азаматтың жат елде майдан даласында жан тапсырғаны, талай қандасымыздың ұрыс даласынан жарақатпен оралуы – сұм соғыс  салған қасірет. Көрер жарығы бар жігіттер ғана от пен оқтың ортасынан аман-есен оралды. Соған тәубе дейміз. Десек те, сол соғыстан орал­ғандар ауған соғысын «мәңгілік жан жарасы» деп біледі. Тұтқиылдан тап келген, тау мен тасты тасалаған атыс-шабыстан оралған талай сарбаз қандыкөйлек жолдасынан көз алдында айрылып қалды. Қаза тапқан­дардың ата-ана, жақын-жуықтарының қайғы-қасіретін сөзбен жеткізу ауыр. Ауғандық ардагерлер қаруластарын мәңгі ұмытпайды. Сендерге сабақ болар деген мақсатпен айтылған соғыс жайындағы әңгімемізді сол майдандас жора-жолдастарымыздың рухына сыйынып, ерлігіне тағзым ете жеткізіп отырмыз, – деді  кездесуге келген ауған соғысының ардагерлері.

Отаншылдыққа үндейтін, ел мен жерді қорғаудың маңыздылығын насихат еткен келелі кездесу кешіне мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынба­сарлары – Әсия Мырзахмет пен Әлия Иманбаева ұйытқы болса, патриоттық жиынды ұйымдастыруға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Үмбетова мұрындық болды. Концерттік қойылымға бас-көз болған маман –  музыка пәнінің мұғалімі Тоты Серғазиева.

Сонымен, сонау 1979 жылы басталып, 9 жыл, 10 айға созылған ауған соғысының аяқталғанына, міне, 25 жыл. Қан-қасапты, жарияланбаған майданның тоқтағанына тура ширек ғасыр. Уақыт дегенін істетпей қоймайды, жас өренге ел қорғаудың ерекшелігін ескертіп, тәлім-тәрбиесін беріп келген Ұлы Отан соғысына қатысушылардың  алды жүзге таяп, соңы тоқсанның белесіне шықты.

Отан қорғау міндеті – мәңгілік тоқтамауға тиіс тақы­рып. Мәңгілік ел болуымыз үшін алдымен қорғанысы бекем мемлекет болуымыз керек. Олай болса,  ендігі әңгіме – тау мен дала жағдайында жауынгерлік өнерге машық­танған, ұрыс тәжірибесінен өткен ауған соғысының ардагерлерінің тәлімін жас ұрпаққа беру жайы, мектептегі бастапқы әскери дайындық сабақтарын жүйелеу. Мектеп басшысы да осыған тоқталды. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп, Бауыржан батыр айтқандай, жауынгерлік дәстүр жалғас­тығы деген осы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close