Жауапкершілікті сезінуіміз керек

Адам тәрбиесінің жаңа методологиясы екі сатыдан тұрады. Біріншісі, биологиялық индивид делініп, одан жүрек тәрбиесі  қалыптасады. Екіншісі «сананы жетілдіру», одан ақыл тәрбиесі қалыптасады. Адам тәрбиесінің осы екі жүйесінен оның жеті түрлі негізі тек физиологиялық кезеңдеріне сүйеніп жасалады. Осы ілім ұсынған жаңа технология арқылы Абай ғұлама армандаған «толық адам нұрлы, ақылды» келешек ұрпаққа енші болады. Мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне оқытуда білім беру реформасы табысының басты өлшемі – білім мен біліктілік, әлемнің кез-келген елінің қажетіне жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілуі қажет екенін бәріміз білеміз. Х1Х ғасырда дүниежүзілік өркениеттілікке қол жеткізу жолында білім берумен қатар, тәрбие ісін гуманистік дәрежеге көтеру мақсаты – әрбір ұстаздың міндеті.

Оқулықты басып шығарған педагог ғалымдар болашақта мынаны ескерсе деп ойлаймын. «Қазақ тілі» оқулығының (автор­лары Ұ.Асыл, Т.Жұмажанова, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2006 ж. 256-бет) өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуде мазмұн сапасында біршама қиындықтар туғызады. Оқулық «таза қазақ тілінде білім беретін мектепке» арналған оқулықтың көшірмесі сияқты. Соншама бай ұлттық тарихымызды жүйелеп оқытсақ, білім сапасын заман ағымына сай жүргізуге, жаңа білім стандартына сай, оқушы меңгеруіне жеңіл болар еді. Елбасы тұжырымдаған үш тұғырлы тіл жөніндегі тапсырманы басшылыққа алып жаңа технология әдісте­месін насихаттаушы да, оқушымен үлкен жауапкершілікпен, шеберлікпен, шығар­машылықпен еңбек ететін де – ұстаз қауы­мы. Ұлтына, нәсіліне дініне қара­мастан, қай республикада тұрмасын, сол елдің мемле­кеттік тілін үйренуге әрбір азамат міндетті.

Жалпыхалықтық мәселе – мемлекеттік тіл екендігіне назар аударған Елбасы: «Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың бағдарламалары мен әдістемелерін енгізу қажет. Қазақ тіліндегі оқулықтарды басып шығарып және осы бойынша тендерді жеңіп алатын бір-екі баспа ғана бар. Қазақ тіліндегі кітап саудасын жақсарту үшін бәсекелестік болуы тиіс емес пе? Ал біздің оқулықтарды қарап отырсаңыз, керісінше, қазақ тілінен безуге жол беретіндей». «Қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлессін деп мәселе көтердік. Әкесі мен баласы үйде қазақша сөйлеспесе, мектеп пен жоғары оқу орнында қазақша оқытпаса, ол баладан «қазақша тіл біл!» деп қалай сұраймыз. Оның жазығы не? Сондықтан да мемлекеттік тіл мәселесі – жалпыхалықтық іс» деген еді.

Тілтаным мен дүниетаным тұтас тілдік, философиялық ұғымдар. Ұлт тілі мен ұлт ойы да өзара біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысты. Ал тіл мен ойлау – ұлт өкіл­деріне тән ойлау жүйесін бере алады. Қазақ тілін оқытуда топтық, блоктық, деңгейлік жүйелерді үйлестіріп қолданамын. Жылдар бойы тәжірибе көрсеткендей, іс нәтижесінде оқушының білім сапасы молая түседі, тәр­биелік санасы толысады, пәнге қызығу­шылығы артады, жан-жақты ізденуге мүм­кіндік туады. Топтау әдістерінде оқушыны білім деңгейлеріне қарай төрт топқа бөлуге болады: үздіктер, жақсы меңгергендер, орташа және үлгерімі төмендер.

Бұл әдістің тиімділігі сол, оқушылардың бір-біріне достық қарым-қатынастары артады. Белсенділік қабілеті артып, бір-бірлеріне бар көмегін көрсетуге бейім тұрады. Оқушының өз бетінше ізденісі туындайды, оқулықпен жүйелі жұмыс істеу дағдысы қалыптасады. Білімін бағалай білуге мүмкіндік туады. Блоктық жүйеде әр оқу­шыға жеке бірнеше тапсырмалар дайын­далады, оқушыда ерік-жігерін өз еркіне бағындыратындай мүмкіндік туады. Білім өз өміріне қажет екеніне көзі жетеді. Жеке тапсырмалар сұралады. Бұл сабақты өзіндік жұмыс, бақылау жұмысы, сайыс сабағы, тақырыпты қорытындылау сабағы, педаго­гикалық шеберхана сабағы, тестік жүйе, т.б. сабақтар түрінде өткіземін. Блок­тық жүйе­нің тиімділігі сол, оқушы бөлімді толық меңгеруіне мүмкіндік туып, тек баға үшін емес, білімді толық меңгеруге көзі жетеді де, оқуға, түсініп оқуға ұмтылады.

Қазақстанның болашағы – білімді ұрпағында болғандықтан, егемендік алған жаңа даму кезеңінде, оның дүниежүзілік аренаға шығып, басқа елдермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастардың қалыптасуы үшін, мемлекеттік тілдің рөлін көтеруді қажет етеді. Педагогикалық жаңа­шыл көзқараспен әр сабаққа жаңа ізденіс­пен келіп, жаңашыл еңбекке ұмтылайық, ұрпақ алдындағы жауапкер­шілігімізді сезініп, білімді де білікті шәкірт даярлауға атсалысайық, деймін әріп­тестеріме.

Маханбет БӘКІРОВ,

Алматы қаласының Білім саласындағы бақылау департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің бас маманы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *