ЖАТ ЖЕРДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ ДҰҒАСЫ

777«Құдайым, қазақты жат жерде бір-бірімен ұрыстырып, өзге жұртқа күлкі етпе!»

 

«Құдайым, қазақты ешқашан қаңғыта көрме!»

«Макдональдстан» шығып, бес-алты метр жүргенім сол, қоқыс салатын «жәшікті» сабындап жуып жатқан әйелді көрдім. Мол­даван әйел екен. Молдавандардың көпшілігі нан іздеп, Мәскеуде қаңғып жүр. «Құдайым, қазақты ешқашан қаңғыта көрме!» деп, әрі қарай серуенімді жалғастырдым. Ұлпа қар жауып тұр. Тыныштық құшағында мүлгіген саябақ көңілсіз. Саябақты кесіп, дүкенге соқтым. Кассада отырғандардың бәрі – қырғыз.  Шаршап отырған қырғыз қыз есептен жаңы­лысып кетті ғой деймін, орыс кемпір дүрсе қоя берді. Қырғыз қыз қайта-қайта кешірім сұрап, бәйек болып жатыр. «Құдайым, қазақты ешкімге ешқашан тәуелді етпе!» деп, сыртқа беттедім. Далада дірдек қағып, қар күреп жүрген екі тәжік бір-бірімен келісе алмай, ұрсып жатыр. «Құдайым, қазақты жат жерде бір-бірімен ұрыстырып, өзге жұртқа күлкі етпе!» деп іштей күбірлеп, үйге жеттім. Бұл – мен бүгін көрген өмір көріністері еді…

 

Олар үшін соғыс дегеніміз –  адреналин

 

Кеше Аня есімді құрбым  қонаққа шақырған. Аня пәтерде Украинадан келген татар қызбен бірге тұрады. Татар қыз менімен танысып болғасын, бізге кедергі келтірмейін деді ме, өзімен-өзі  Дарья Донцованың кітабына көз жүгіртіп отырды. Татар қыз әңгімені өзі бастады: «Қайта-қайта дәрі ішіп отырғаныма таңғалып отырсыз ба? Мен Луганскіденмін ғой. Украинаның азамат соғысы болған жерін білесіз ғой, иә? Күн сайын снарядтар жарылып, онсыз да ауыратын басым одан сайын қысып ауырып, дүниеге сыймай, жынданып кететінмін. Біз отбасымызбен поликлиниканың жертөлесінде  бір ай өмір сүрдік. Бәріміз қырық бір адам едік. Сонда тамақ пісіріп, бәріміз қатар тізіліп ұйықтадық. Өз үйіміздің де жертөлесі бар. Бірақ, жақсы салынбағандықтан, «әлдеқандай жары­лыс бола қалса, қорғана алмаймыз» деп қорық­тық. Жертөлесін жақсы салғандар өз үйінің подвалында жасырынды.  Бізден төрт үй кейін тұратын көршіміз отбасымен өз жер­төлесінде жасырынған болатын. Бастапқыда  іші пысқан інімді сонда апаратынбыз. Балалар ғой, жер­төледе ойнайтын. Сол үйге снаряд тигенімен, жертөледе өмір сүріп жатқан отбасы аман қалды. Кейіннен орыс әскерлері балалар мен әйелдерді Ресейге көшірді.  Өткенде Жаңа жылда көшедегі отшашуды көріп, құдды жарылыс болып жатқандай, қатты қорқып, дірілдедім. Қатты стресс алдық», – дейді ол жыламсырап. «Луганскіден көп адам үйлерін тастап, көшіп кетті. Көшуге жағдайы жоқ аз адам қалды. Әкем мен шешем ажырасып кеткен. Әкем өз үйімізде тұрып жатыр. Қаңырап тұрған үйдің қалағанына кіріп алып, тұрып жатқан адамдар бар. Азық-түлік Мәскеуден әлдеқайда қымбат», – дейді ол.

Иә,  биліктің тұтқасын ұстап отырғандардың іші пысқандары сондай «соғыс ойынын» ойнап жатыр. Себебі, олар үшін соғыс дегеніміз –  адреналин. Одан зардан шегіп жатқан — қарапайым адамдар ғана.

 

Құдайын ұмытпаған әйел

 

Далада аппақ қар. Таңертең ас бөлменің терезесінен сыртқа көз салып тұрғам. Маған табиғат картинасын терезеден бақылап тұрған ұнайды. Бір әйел бүкшеңдеп қар күреп жатыр. Жасы елулер шамасында. Құрбым: «Жалғыз қызы бар. Мүгедек. Талай жылдан бері төсек тартып жатыр. Күйеуі де мүгедек. Екі ауруды бағып жатқан әйелдің жанкештілігіне таңғалам», – деді. Әйел мұзды да өлерменденіп ойып жатты. «Жұмысын тап-тұйнақтай етіп істейді. Еңбекқор. Нанын адал жейді», –  деп, құрбым сөйлеп жатты.  Мұзды күрекпен ұрып, ойып жатқан әйел мұзбен бірге өзінің де стресін шығарып жатқандай көрінді.  Иығыма қалың шарфты жамылып, есік алдына шықтым. Әйел менің амандасқанымды естімеді ме, жауап қатпады. «Жұмысыңызды өте ұқыпты істейді екенсіз», – дедім, даусымды қатты шығарып. «Жұмысым – Құдайдың маған берген несібесі ғой. Шүкір, шүкір!»  – деді әйел қарлы­ғыңқы дауыспен. Әйел өзіне көмектесуіме қарсы болды. Ол тағдыры аямаса да, Құдайын ұмытпаған қазақтың анасы еді.

 

«Әже» деген сөзден қорқатын «әже»

 

Мәскеулік орыс әйел далада немересімен серуендеп жүр. Немересі әжесіне «бабушка» деп бірдеңе айта бастап еді, әйел ашуланып, немересіне: «Мені «әже» деме,  Аня деп айт, Аня, түсіндің бе? Енді «әже» деп тағы бір рет айтатын болсаң, далаға тастап кетем», – деп қорқытты. Немересі ойнап жүрген балалармен тіл табысып, солармен бірге ойнай бастады. «Бабушка Аня»: «Немерем сыртта жігіттермен сөйлесіп тұрсам, «әже» деп жүгіріп келеді де, маған сынып тұрған жігіттерді қашырып жібереді», – деп күледі. Сосын:  «Үшінші күйеуім өзімнен он сегіз жас кіші», – деп мақтанды.  Осы кезде ойнап жүрген немересі әжесіне «Аня» деп айқайлап, қол бұл­ғады.  Бұл халық біздің менталитетімізге, үлкенді сыйлау дәстүрімізге «көлеңке» түсіргені анық.

 

«Жарыстыру ойыны»

 

Көптен бері көрмеген құрбыма қонаққа бардым. Құрбымның көршісі дүкенде сатушы болып істейді екен. Әке-шешесі «ауылда жұмыс жоқ» деп қалаға көшіп келіпті. Әке-шешесі бауырларымен Қаскелең жақта пәтер жалдап тұрады екен.  Анасы да бір жерде жалданып, сату­шы болып істеген екен, жұмысынан шығып қалыпты. Әлгі қыз телефонда анасына ақыл айтып жатыр. «Мама, менің қасымдағы сатушы қыздардың бәрі жақында телефон ауыстырды. Мен кредитке 90-100 мың теңге шамасында телефон алсам деймін. Менің мына телефоным да смартфон ғой. Бұл телефонымды саған берем. Жұмысқа тұрсаң, барлық әйелдің қасында крутая болып жүресің», –  дейді. Пәтерден-пәтерге қаң­ғып, қара жұмыс істеп жүрсе де, телефон жарыс­тырып жүрген адамдар-ай! Ал мен үнсіз, жылағым келді…

 

Америка мен Германияда әлеуметтік жәрдемақы қанша?

 

Мария есімді танысым айтады: «Мен Ресей және Германия азаматшасымын. Анамның шешесінің ұлты – неміс. Сталин заманында қудаланып, тұтқындар лагерінде болған. Кейіннен әжем Германияның азаматтығын алып, сол елден әлеуметтік көп көмек көрді. Анам да, біз де Германияның төлқұжатын әжемнің арқасында тез алдық. Себебі, бізге Германия «Сталин заманында қудаланып, азап шеккен немістің ұрпағы» деп қарайды. Қазір әжем де, анам да Германияда тұрады. Әжем – төсек тартып жатқан ауру. Анам жұмыссыз ретінде ай сайын Германия бюджеті­нен әлеуметтік жәрдемақы алады. Рубльге шаққанда 30 мың рубль (140 мың теңге), аз ақша емес қой, иә?! Сонымен қоса, ауру адамды бағып жатқаны үшін  тағы да қосымша ақша алады», – дейді. «Сен Германияда тұрғың келмей ме?» – десем, Мария:

– Германияда бір жыл тұрдым. Жұмыс істемей, мен де анам секілді, ай сайын әлеуметтік көмек ретінде ақша алып отырдым. Онда сырттан келгендерге «екінші сортты» адам ретінде қарайды. Сосын біздің жайдан-жай ақша алып жүргенімізді жергілікті халық ұнатпайды. Әлеуметтік көмек ретінде берілетін ақшаны алу да оңай емес. Қаншама жерге резюме жібергеніңді, шынымен жұмыс таба алмағаныңды дәлелдеуің керек, – дейді.

АҚШ-та жұмыссыз қалған америкалық бұған дейін алып келген айлығының 46-49 пайызын алады, ал мың бір жүз доллардан төмен жалақы алатын америкалықтар мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алады.

P.S. Мәскеуде екі жыл өмір сүрген америкалық қыз Кэти айтады: «Мен өзімді мұнда ылғи бөтен сезіндім. Ал Америкада үш жыл тұрған адам америкалық болып кетеді». Адамдар Амери­каға баю үшін ғана, жұмыссыз қалса, әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін ғана бармайды ғой.  Жандүниесіндегі еркіндікті іздеп барады.

 

Өзінен «өзге» жасайтындар…

 

Кейде Киев қаласында бес-алты ай тұрып, Днепрдің бойында жиі серуендеп, шығар­машылықпен айналысқым келеді. Бірақ, мен өзінен «өзге» жасағысы келетін кейбір қазақ­тарды түсінбейтінімдей,  кейбір украиндарды да түсінбеймін. Азамат соғысына дейін Киевте болдым. Сонда, жол сұрап, жөн сұрасып, біраз украинмен таныстым.  «Қазақпын» деңіз. Біз қазақтарды құрметтейміз! Мәскеуде оқисыз ба? Ондағы адамдар өте суық қой. Киевтіктер, біздер – мейірімдіміз», – деп, жылы жымиды бір кісі сонда. Маған шынымен Киев қаласының тұрғындары ұнады. Шынында да, оларда жылылық бар. Сонымен қоса, өзін орыспен салыстыруға деген  құмарлық бар. Мысалы, РУДН-де магистратурада оқып жүрген кезімде жатақханада Олеся деген қызбен тұрдым. Біздің бөлмеге сол қыздың досы жиі келетін. Жігіт «Мағазин, ғоворить» деп, украинша акцентпен сөйлейтін.  «Украинсың ба?» десең, «орыспын» деп ашуланатын. Олеся: «Максимнің әке-шешесін жақсы танимын. Ол – украин, бірақ, өз ұлтын қатты жасырады», – дейтін.

Кеше бір бөлмеде тұратын көршімнің Испанияда тұратын құрбысы келген. Кафеден ішіп кепті. Жылап отыр. «Испанияда он жылдан бері тұрам. Киевке көшейін деп жатырмын. Ресей мен Украинаның арасы қалай шиеленісіп кеткен?  Қалай бірін-бірі жек көреді. Қалайша біз бір-бірімізге жау болып шыға келдік? Қарапайым халықтың еш жазығы жоқ қой. Қарапайым халыққа тиіспесеңдерші!» – деп өксіп-өксіп жылады.

Виктория, өз айтуынша, Ресейдің және Украинаның азаматшасы екен. Кеше Украи­наның мұңын айтып жылаған Викадан «Ұлты­ңыз украин  ба?» десем,  бұл сұраққа мүлдем жауап бергісі келмеді. Украинадағы туған қаласын айтумен шектелді.  Өзі украинша акцентпен сөйлейді.

Анасымен скайппен сөйлесіп отырған Вика шек-сілесі қатып күліп жатыр.  «Мамам «Мына билік халықты әбден шаршатты. Бомба тапсам, бәрін жарып жіберем» деп жатыр. Мамамның жасы алпыс жетіде. Зейнетақысы елу доллар ғана (17 мың теңге). Бәрі қымбат, ештеңеге жетпейді», – дейді.  Украинша сөйлеп жатқан әйел: «Несіне күлесің, ей? Рас айтам, жарам!» деп жатты ашуланып.

«Вика, сенің маған өз ұлтыңды айтқың келмейтіні ұнамайды», – дедім. Ол «кешір» деген жалғыз ауыз сөзден басқа ештеңе айтпады.

Аягүл МАНТАЙ,

Мәскеу

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close