ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚЫЛДАУШЫ ЕДІ-АУ

Сілтесең – семсер, қорған­саң – қал­қан боп жүрген қайран Әнуар!

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ

Бастауын қайдан алғанын, кім айтқанын кім білсін-ау, «бір өзі бір театр» деген сөз бар. Әдетте бір басына бірнеше өнер жиған, дарыны дара, санасы сара, көрерменнің зор рухани қажетін, сұранысын өтейтін өнерпазға аса риза болған жағдайда кеудеден ұшып шығатын сөз бұл. Бұл ресми емес атаққа лайықтылар аз емес, аса көп те емес болар-ау. Соның бірі де бірегейі – Әнуар Молдабеков еді. Таяуда осы ұлы актердің әкемтеатрда 80 жылдығы аталып өтті. Бұл өзі әр жерде жөнімен, ретімен жалғаса беретін ізгі шара болуы керек. Осы мерейлі күндерде актермен жұбы жазылмай өткен атақты Асанәлі Әшімұлының былай дегені бар.

– Ауруханаға түскен кезінде жиі көңілін сұрап барып тұрдым. Бір барғанымда тұрып отыр екен. «Бүгін қандай күн?» деп сұрады. Сәрсенбі екенін айттым. Сосын аз отырды да «Е-е, екі күн қалған екен ғой» деді. Селк ете қалдым. Расында екі күн өткен соң айырылып қалдық. Сонда өзі сезген екен ғой. Оның артында өлмес өнері қалды. Бұл тойды аса жоғары деңгейде оның талантына сай атап өту керек.

«Е-е, екі күн қалған екен ғой». Не дейсіз мұны. Әулиелілік дейсіз бе? Солай шығар.

Әрине, ел өнерсіз, дарынсыз емес қой. Алайда, әкемтеатрдың бір-бір алтын уығына айналған осы бір буынның ірі өкілдерінің тірі өнерін де кей күндерде етжүрегің елжіреп сағынасың. Сұрапыл еді ғой шетінен. Олардың образға шомған сәттерін көргенде көп күндер бойы дүркіреп, бір ұлы іс бітіргендей қанаттанып, қомпиып  жүретін едік. Сол көркем күндердің елесіндей болып, жөңкіліп келген ой-толғаныстардың бір­сыпырасы былай өрілер еді.

Өнер үшін туған адам халық үшін де ырыс, бақыт. Тәңірдің жазуы солай ма, әйтеуір марқас­қалар маңдайымызға сыймай кетеді. Дархан дара дарын, тұлпар текті талант, ұлы өнерпаз Әнуар Молда­беков те сондай тағдырдың иесі. Оның талант тұғыры өнерді жан-тәнімен сүйген халқының алдында қашанда биіктей береді. Жасампаз жүйріктің, жайсаң жампоздың ғазиз жүрегі мынау қу тірліктен туындап жататын әділетсіздік атаулының сан түріне шыдас бермей бұлқынды, бәлкім?! Бәрін жүрегіне жиып, бір күні жарылып кету таланттарға таң­сық жағдай емес. Бұл да болса бір «бақыт» шығар, енді өнердегі ғұмы­ры ұзақ. Ой түбіне жеткен бар ма, кей-кейде ойлап кетесің. Мынау сұр­қай дүние сұрына бүткіл шенеу­нік атаулы бір сәт өнер адамының көзі­мен қараса, ол соншалықты сұлу да ғажап көрінер еді. Әнуарлардың жүрегімен, көзімен қараса дейсің. Әнуардай патша көңіл ағалары­мызды көріп қалған соң да кей тұста осындай бір ақ сәулелі арманның жетегінде кететінің бар. Соның бәрі қазір елес, сағынышқа айналып сана сарғайтады.

Сонау бір жылдары дүниеден кетерінен біраз уақыт бұрын шығар­машылық портрет жазу мақсатымен сөйлескенімде «Інім, сен менімен кездесуге асықпа. Мен ойнаған спек­такльдерге ерінбей тағы бір барғын, жарай ма? Сонан кейін мені түннің бір уағында оятып алсаң да дайын­мын» деп еді. Осынау бір «інім» де­ген ізгілікке толы, жүрек сөзінің сол сәт менің тұла бойыма қанша­лық­ты нұр құйғанын қазір жан-дүнием шымырлап сезеді. Сол бір асыл адам, мынау бір күңкілге, қысас­тыққа толы дүниеден тыс тазалық дүние­сінде, әлдебір алыс қиырларда ақ арманына кезігіп, рахат ғұмыр кешіп жатқандай көрінеді де тұрады. Бүгінде інім деп ауыз толтырып айта алмай жүрген кей ағаларымызды еске салады осы сөз. Тұла бойымыздан бауыр­малдық, қазақылық қасиет қашып, құнды­лықтар шегініп бара жатқан заман-ай… Өмірді қалай болса, өнерді де, дос-жарандарын да, айналасын да солай сүйген асыл жаралған, әннен жаралған Ән-аға!

Асыл адамды ешкім де жүрегінен өшірмек емес, оның өліміне де сенбейсің. Сондықтан ба екен, аяулы аға алыс сапарға аттанғандай, қайтып келетіндей алаңдап, ертегідегідей бір көңіл-күйдің жетегінде жүресің.

Бұл дүние жалған кімге опа берген?! Кім періште дейсіз? Бірақ «Әнуар Мол­дабеков тумасы тазалықтан тұратын еді» деген пікірді еске алу үстінде әріптестері жиі айтады.

Осыдан көп жыл бұрын Кино үйінде ақиық актер туралы деректі фильмнің тұсаукесері болғаны есімде. Авторы – Аяған Шәжімбаев. Ол да бүгінде бақи­лық. Аталмыш фильмде көңіл түкпіріне сәуле түсіретін жайлар көп еді.

Актердің әріптестері ой толғады, там-тұм сыр ашты. Сонда ағалар ағынан жарылып еді-ау. X.Бөкеева, Ә.Мәмбетов, А.Әшімов, Р.Сейтметов, С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, Ә.Боранбаев, тағы бас­қалар өздерінің жүрекжарды ойларын ортаға салып еді. «Қарапайым еді, таза еді, текті еді…». Кіл осылай «еді, еді» деп бітетін сөйлемдермен әртіс әлемін ашуға таптаурындылықтан ада тәп-тәуір талпыныс жасаған. Ә.Мәм­бетов тағы да басқа мырзалар әлгіндегі ойдың шең­берінен шығып «Әнуар шын мәніндегі ұлы актер еді» деген үлкен сөз айтты. Осы ақиқат ойдың, жүректен шымырлап шыққан сөздің аясына бәрі де сияр еді. Сол фильмді көтеріп тұрған да осы сөз еді. Осы фильмде менің жан-дүниемді ерекше толғанысқа салғаны Әнекеңнің әкесі Әбіхан қарияның мына бір сөзі еді. «Әйтеуір өнер деп кетті ғой» деп қамықты қария. Тереңнен топшы­лаған жанға осы бір жәй ғана айтыла салған қоңыр сөзде көп мағына бар еді. Бір атап өтерлік жағдай фильмнің сценарийін жазған Тұңғышбай Жаман­құлов пен А.Шәжімбаев азаматтық борыштарын өтеген, мүмкіндігіне қарай тер төккен. Әрине, осынау фильмнің өзі де аз шаруа емес екендігін білсек те, онда тек қана актердің сахнада, кинода сомдаған бей­нелері ғана қамтылып, пайдаланылған. Өнердегі өмір бар, ал өмірдегі шынайы актер, отбасындағы әке Әнуар, дос-жа­рандар арасындағы актер жоқ. Актердің «Дүние-ай» деп дүр сілкініп отыратын дариға дауысы, өзіндік өр дауысы жазы­лып қалмағаны өкініш.

Әдетте аса талантты адам көп дүниені құнттай бермейді ғой. Ұсақ-түйекке мән бермейді. Әйтсе де, солай екен деп өзгелердің, тиісті орындардың жауапсыз болатыны қалай?! Болмаса көзі тірісінде ұлы актердің табиғи өз бейнесінің теле­тас­пада сақталмауын қалай түсінуге болады! Үнемі енжарлығымыз, құнтсыз­дығымыз алдымыздан шығады да отыра­ды. Бұл қасиетіміз бізді де әлі талай опын­дыратын, бармақ шайнататын болады. Тәңір-ау, десейші, ең болмаса өзі сомда­ған бейнелерде өз дауысы емес, дубляж.

Өнердегі, өмірдегі биіктік деген не? Шукшин «Актер рөлге берілсе, «бар болмысымен — рөлде» дейді. Бұл деге­ніңіз өте жаман ғой. Рөлден биік болу керек. Жазушының материалдан жоғары тұратыны сияқты» дейді. Молдабековтің де рөлден биік болған, жұлдызы жанған сәттері аз емес.

«Інім сен менімен кездесуге асықпа. Мен ойнаған спектакльдерге тағы да бір барғын, жарай ма?». Ән-ағаның сахна­дағы, образға оранған шақтағы шуақты сәттерін еске алған сайын ойыма осы сөз оралады да тұрады.

Кинодағы Шегенің өзі бір таусылмас терең әңгіме, хикая ғой. Ал басқасын айтпағанда, сахнадағы «Көктөбедегі кездесудегі» Исабек, «Ваня ағайдағы» бас кейіпкер бейнесі ше? Осынау образға бар ынты-шынтысымен берілгендегі актердің ғажайып тапқыр ойынына енген сайын ішкі дүниең нұрланып, тазарып бара жатасың. Қазақ сахна өнерінде ғана емес, әлемдік өнерде де құбылысқа айналған осынау образдардың бүтін бір ұрпақтың санасында рухани сілкініс жасағаны хақ. Ол осы образдарды сахнаға алып шыққан сайын көрерменнің өзі сол образға айналып кеткендей күй кешеді десек, артық айтқандық болмас.

Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған А.П.Чеховтың «Ваня ағайында» бас кейіпкерді сомдаған Әнуар Молдабеков аса талғампаз Мәскеу жұртшылығын таңқалдырып, таңдайының суын жұт­қызды. Мәскеудің мүйізі қарағайдай сыншылары мен әлемге аты мәшһүр, азуын айға білеген актерлері тарапынан осы бір образ қызғаныш сезімін туғыз­ғанын айтсақ та жеткілікті. Сол сәтті Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі талай мәрте толқып еске алды.

Мәскеудің мерзімді басылымдары дүниеге жар салып шуылдап жазып жатты. Орыс сахнасында әйгілі классика талай мәрте сахналанды. Ол туралы бір­неше мәрте жазылды, тіпті арнайы моно­графиялық еңбектерге арқау болды. Ал Әнуар Молдабеков сомдаған образ со­лардың алдынан жаңа бір кеңістік ашты. Режиссурадағы тың ізденіс, тапқырлық өз алдына, актер ойынындағы бұрынғы өткендердің ешқайсысын да қайтала­майтын ғажайып мәнер, сиқыр­лы сәт шет жұрт назарын да аударды.

Шын жылап, шын күлгенде ғана образ табиғаты ашылмақ. Актер де құдайдың пендесі десек, бұл жолда оған осал болу, жасанды болу жазбаған. Хас өнер ондайды ешқашан кешірмейді, киесі ұрады. Ойынынан сәл ғана иненің жасуындай жасандылық сезіліп қалса, көрермен оны тез сезеді. Ал көрерменнің көңілін бір қалдырсаң, оны орнына келтіру қиын. Міне, Әнуарлар әрдайым осындай абырой биігінен көрінуді ойла­ған. Бүгінде кейбір актерлер көрермен үшін емес, сахна үшін ойнап, образды талантымен емес, ойын техникасымен жете меңгеріп, сырты жылтылдақ әсермен қалып қоятын жағдайы бар. Мұндай амалсыз әрекетті кейбір маман­дарымыз актердің кейіпкерді өзінше игеруі, ашуы деген жартыкеш пікірдің аясына сиғызып жүр.

Қазір театрлар аракідік тоқырау күйін кешіп тұр. Бәлкім, Әнуардай рухы мықты суреткерлердің қатарының сирей бастағанынан ба екен?! Әлде бұл өнер атаулыға тән уақытша құбылыс па?! Бәлкім, бұл уақыт шіркіннің еркіне уақытша бой алдыру ма?! Әйтеуір кешегі Әнуарлардың кезіндегі бұғалық салдырмас асау өнер қазір алқынғандай, арнасы тартылғандай күйде. Бәлкім, қазір елдің өнерге деген ықыласы суи бастаған кезде театрға Әнуардай тұлпар текті, асау да қайсар таланттар аздық етіп жүр ме?! Бәлкім, әнуарлық мінез, әнуарлық жүрек жетпей ме?! Бәлкім, бәлкім?.. Жалпы жаның төзбес халту­раға, дәлдүріштікке бет бұрғандарды, ұлттық өнерді арзандата бастағандарды көрген сайын, әділетсіздік атаулының дәмін сезіп, ащы шырынын жұтқан сайын Әнуарлар келеді көз алдыңа.

Әнуарлар жиырма жылда бір гүл салатын кактус секілді дарын. Ол қазақ актерлерінің соңғы жарты ғасырдан астам уақыт ішіндегі қазақы қасиетке аса бай, тектілерінің бірі. Ол қазақ деген сөздің баламасы сияқты. Алдаспан актер. Сұрапыл суреткер.

Баяғыдай емес, бүгінгі асығудан, ақша, айлық күтуден, өлермендіктен тұратын, адамдық кейпіңді пендешілік перделеген уақытпен арпалысып, ауыз­дықтасып жүріп, бір сәт іңкәрлік, сұлу­лық дүниесі туралы ой толғауымыз да тектен-тек емес.

Ендігі бір тілек: көзі тірісінде талант­тардың қадіріне жете бермей­тініміз қанша айтсақ та шындық қой.

Олардың бүгінгі, келер ұрпақ үшін аса қымбат өз дауысы мен өмірі туралы бейне-көріністердің дер кезінде түсіріліп отыруы қажет-ақ. Кешегі Жәнібектің, Аманкелдінің дауысы қалды дегеннің өзінде бірнеше әндері өшіріліп кеткен. Ал Әнуардың өзі жөнінде түсірілген, өз дауысы жазылған дүние жоқтың қасы. Актер тағдыры туралы ойлағанда, алдағы уақытта осындай өрескелдіктер қайталанбаса екен дейсің.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *