Жастарымыз жанып тұр

Мәжіліс депутаттары – Аграрлық университетте

Рая ЕСКЕНДІР

 

Аграрлық білімнің қара шаңырағы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ұжымы тағы бір тамаша жиынның куәсі болды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Елбасының әлеуметтік бес бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында аграрлық универ­ситетке атбасын бұрып, білім алып жатқан студент­тердің тыныс-тіршілігімен танысып, жатақханаларды аралап көрді.

Университет жанындағы Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрамына кіретін инновациялық орталықтар мен зерттеу-зертханаларын аралап, «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығының» ашылу салтанатына қатысты.

Университет ректоры, ҚР ҰҒА акаде­мигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға байланысты университет бойынша әзір­ленген жұмыс жоспары аясында атқары­лып жатқан нақты іс-шаралар барысы туралы әңгімеледі. Осыдан соң универ­ситетке арнайы келген халық қалаулылары – ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі – Гүлмира Есімбаева, ҚР Парламенті Мәжі­лісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі – Гүлнар Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі Зәуреш Аманжолова жұмыс сапарларын университет жанындағы студенттер үйін аралаудан бастап,  бөлмелерге бас сұғып, олардың жәй-күйімен танысты.

Мәжіліс депутаттарымен бірге «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбек, Алматы қаласы мәсли­хатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы­ның Алматы қаласы филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуров және басқа да лауазымды азаматтар болды.

Қонақтар студенттік үйлердегі жағдай­мен танысып шыққаннан кейін, уни­верситеттің бас ғимаратындағы Мәжіліс залында арнайы басқосу өтті. Жиынды университет ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, жүргізіп отырды:

– Қазақ Ұлттық аграрлық универси­тетінің ұжымы Елбасы Үндеуіндегі маңызды бес бастаманы қолдап, онда айтылған өзекті мәселелерді ерекше ықыласпен қабылдады. Елбасы Үндеуінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды 2020 жылға дейін салу жоспарлағаны туралы айтылды. Бұл, әсіресе, 98% ауыл балалары білім алатын біздің университетіміз үшін қуана қабылдайтын жаңа бастама болып тұр. Бүгінгі таңда университетімізде студент­тердің 40% ғана жатын орындармен қамтамасыз етілген. Әлі де 2000-нан аса студентіміз жатақханаға мұқтаж. Осыған байланысты университет тарапынан құзы­ретті орындарға арнайы ұсыныс жасалып, жаңа үлгідегі заманауи жатақхана құрылы­сының жобасын әзірленді, – деді ректор.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, Гүлмира Есімбаева Мемлекет басшысының егемен еліміздің кемел келешегін қамта­масыз ету жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, Елбасы ұсынған әлеуметтік бес бастаманың маңызына тоқталып, студент­термен пікірлесті:

– Отандық ауыл шаруашылық білімі мен ғылымының көшбасшысы, тоқсан жылдық тарихы бар  – Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныса отырып, көз жеткізгеніміз –  бұл оқу ордасында жастарымыздың озық білім алып, заманауи ғылыммен айналысуына барлық жағдай қарастырылған екен. Жатақханаларды аралап, студенттердің жағдайларын өз көзімізбен көріп, өтініш, тілектерін тыңдадық. Ғылыми орталық­тарды, зертханаларды аралап, жас ғалым­дардың ғылыми жобаларды орындау процестеріне куә болдық. Алғыр да білімді жастарымыз жанып тұр! Елбасымыздың бес бастамасын біз оларға емес, олар бізге түсіндіріп берді десек те болады, – деді халық қалаулысы Гүлмира Естайбекқызы.

Жиында ҚазҰАУ-дың Стратегиялық даму басқармасының басшысы, экономика ғылымының докторы, профессор Үкілай Керимова, Даму жобаларын басқару басқармасының басшысы, экономика ғылымының кандидаты, профессор Гүлмира Нұрманбекова сынды ғалымдар мен белсенді студенттер сөз сөйлеп, Елбасының бес бастамасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Дәл осы күні, қонақтар университет жанындағы «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығының» ашылу салтанатына қатысып, орталықтың жастарды тәрбиелеу­ге зор ықпал жасайтынын атап өтті. Орта­лықта заманға сай жабдықталған Елбасы кітапханасы, Елбасы мұражайы, «Достық» студенттік ассамблеясы залдары орналас­қан.

Университеттегі тәрбие жұмысының басты бағыты – Елбасы белгілеп берген «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру аясында болашақ мамандар­ды жан-жақты дамытуға арналған О.Сү­лейменов атындағы әлеуметтік-гуманитар­лық білім беру және тәрбие институты, «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу­лер институты, Тәрбие және қоғамдық  жұмыстар жөніндегі департаменті, «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы, «Зиялы қазақ» дебат орталығы және басқа да студенттік жастар ұйымдары ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.

Кездесуден кейін қонақтар студенттер тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерді тиісті орындарға жолдайтындықтарын жеткізді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *