Жастарды жұмыспен қамтитын қозғалыс

Бұл тағылымды тәжірибені қайта жандандырсақ, болашағымызға бей-жай қарамағандығымыз болар еді

1959 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде Кеңес Одағы бойынша алғашқы Студенттік құрылыс отряды құрылып, Қазақстанға жұмыс істеуге келген болатын.  Солтүстік Қазақстан облысына келген студенттер сол кездегі тарихи оқиға – тың игерумен айналысты. Осы үрдіс кең етек жайып, одақтас республикалардың бәріндежаз айларында жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс отрядтары кең көлемде ұйымдастырылып, жан-жақты жұмыстар жүргізілді.

Кеңес Одағының құлауымен бірге «үзіліп», тоқтап  қалған бұл үрдіс 2001 жы­лы қайта жаңғырды. Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Тәуелсіз Қазақстандағы бірінші студенттік құрылыс жасағын біз құрған едік. Әрине, мұның бәрі қазір тарих.

Биыл сол кезеңдегі  «Студенттік құры­лыс отрядтары» қозғалысына  60 жыл тол­уына орай Ресейдің Мәскеу қаласындағы  мемлекеттік іс-шаралар өтетін Кремль сарайында жалпыресейлік слет өтті. Оған Қазақстан Республикасынан да ардагерлер мен жастар құрметті қонақтар есебінде шақырылды. Біздер  сол құрамда ресей­лік­тердің қонағы болып, құрметіне ие болып қайттық.

Кездесуде тарихқа көз жүгірткен арда­герлер сол күндерге деген сағыныш­тарын айтып,  көздеріне жас алып жатса, осындай үлкен қозғаушы күштің болғанын  және соның басында тек жастардың жүргенін бейнебаяннан, баяндамалар мен сахналық койылымдардан көрген жастар таңданғандарын жасыра алмады. Әрине, жастар – ұлы қозғаушы күш. Жастар дұрыс идеологиямен тәрбиеленсе – елдің қорғаны, ал оларға азғындаған бағыт көр­сетілсе  –  елдің қасіреті. Сол замандағы жастарды еңбек нарығында дұрыс пайда­ланып, олардың жалақылы болуына жағ­дай жасап, өмірлерін дұрыс қалыптас­тыруға мүмкіндік берілгені – тағылымды тәлім. Қазір біздер осы бағытты қайта жандандырсақ – бұл біздің болашағымызға бей-жай қарамағандығымыз болар еді.

«Қазақстаннан  делегация келді» дегенді естіген еліміздің Ресейдегі Елшілігі бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Елшілікте орналасқан мұражай Қазақстанның жет­кен жетістіктері мен екі ел арасындағы ын­ты­мақтастықтың нәтижелерінен сыр тартады.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағам­бетов Елшіліктің атқарып жатқан жұмыс­тарына тоқтала келіп, өзінің де студенттік құрылыс отрядының қатарында болғанын айтып, өткенді еске түсірді.

– Еліміздің жастар саясатын бірлесе  жүзеге асырайық, ортақ мақсатқа жұмыла  атсалысқан жөн. Бүгінде сіздер мол тәжірибе жинадыңыздар. Көрген көрген жерде, естіген естіген жерде қалмасын,  тағылымды тәжірибеден оң нәтиже шығару керек, – деді  Иманғали Нұрғалиұлы.

Ауған соғысы ардагерлері мен «Ер Отан» қоғамдық ұйымының аманаты – «Қазақстан Патриоты» қоғамдық медалін барша кездесуге қатысушылардың алдында Иманғали Нұрғалиұлына марапаттау мәртебесіне ие болдым.

Еліміз үшін  осындай  бағдарларды іске асыруға  талпынсақ, өз үлесімізді қоссақ, ұрпақтар үндестігі мен тағылымдық, өнегелі шаралар әрдайым жалғаса берері сөзсіз деп ойлаймын. Тоқетерін  айтқанда, сапары­мыз сәтті болды, ұтқыр да ұтымды ұсыны­с­тан  нәтиже шығару – жастардың  еншісінде.

Алмасбек НӨКЕРБАНҰЛЫ,

Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің директоры, Студенттік құрылыс отрядының ардагері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *