«Жастар жылынан» не күтесіз?

«Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын».

Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:

табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан.

Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Өсемін, өнемін деген жанарында оты, жүрегінде жалыны бар жастар үшін керемет мүмкіндік. Бұл — біріншіден, ел тізгі­нін ұстар жастарға артылған үлкен сенім. Екіншіден, қазақ жастары­ның рухани әлемін байытып, қоғамдағы келбетін аша түсуге жасалған қамқорлық. Бүгінгі жастар өте сауатты. Олар ізгілікке, жаңа­шылдыққа құмар. Жарқын идеялар мен тың ұсыныстарға бейім. Сан алуан тақырыптарды аз уақыт­та қамтып үлгеруге шебер. Сол себепті де, олардың ел дамуына қосатын үлесі салмақты. Жалындап тұрған жас­тардың биылғы жылдан жаңалық күтуі заңдылық. Біз осы орайда «Жастар жылынан не күтесіз?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіп көрдік. Салмақты ой айтып, саналы пікір білдірген қала жастарына кенде емес екенбіз. Разы болдық.

 

Нұрдәулет ДИҚАМБАЙ,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 2-курс магистранты:

 

Жас мамандарға барлық жағдай жасалса екен деймін

–  Елбасы әр Жолдауында білімге құштар студенттерге үнемі қолдау көрсетіп отырады. Биыл да жастар назардан тыс қалған жоқ. Тұтас бір жылды «Жастар жылы» деп атап, жүрегінде жалыны бар, ұлты үшін қызмет етуге дайын жас­тардың үмітін оятты. Алматы халқының үштен бір бөлігі жастар болса, мен де сол жастардың бірімін. Таңда­ған мамандығым бойынша өз ісімнің шебері болу – басты мақсатым. Бүгінде білімімді жетілдіріп, мәдени танымымды кеңейтіп жүрген жайым бар. Біздің заман білекке емес, білімге сенетін заман. Ал білім – жетістікке жетудің баста­масы. «Жастар жылынан не күтесіз?» дегенге келсем, мені жастардың жұмыссыздық мәселесі көбірек толғандырады. Мәселен, жас маманға жұмысқа орналасуда кедергілер көп. Әсіресе, мамандығы бойынша жұмыс табуы қиынның қиыны. Менің ойымша, кеше ғана диплом алған адамнан жұмысқа тұрарда жұмыс өтілін талап ету ақылға қонымсыз дүние. Осыны жұмыс беруші тараптар назарда ұстаса… Егер әр жұмыс беруші жас маманмен екі жылдан кем емес уақыт еңбек өтілі туралы келісім-шарт жасаса деймін. Бұл жас маманның қарым-қабілетін байқауға, жеке тұлға ретінде танылуына зор мүмкіндік туғызар еді. Ал жалпы алғанда, жас мамандарға барлық жағдай жасалса екен деймін.

 

Лаура ЖАРАС,

Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің оқытушысы:

 

Алаңсыз жұмыс істеу үшін баспанамен қамтамасыз етсе…

– Жалпылама айтсам, биылғы жылдан күтеріміз көп. Себебі, бізде жанып тұрған жастар жетерлік. Қай салада болмасын, мақтанып айтуға тұрарлық білімді жастарды көруге болады. Бірақ көпшілігінің қолын байлап отырған бір мәселе бары анық. Ол – баспана мәселесі. Егер білімді жастарымыз алаңсыз жүріп еліне қызмет етсін десек, барлық жастарды баспанамен қамтуға күш салу керек. Төмен бағамен берілетін ипотеканың жас отбасы­лар үшін үлкен көмек болар еді. Әйтпесе, тапқаны тамағы мен жалдаған пәтерінен артылмай жүрген небір білімді жастар бар. Егер солардың әлеуметтік жағдайы жақсарса, олардың мемлекетке берері көп екенінде дау жоқ. Биылғы жылдан жастардың алары көп болып, сәйкесінше, жастардың елге берері де молынан болсын деген тілек айтқым келеді.

 

Нұрбек АЙТУҒАН,

№188 мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі:

 

Ата-бабамыздың сара жолынан адаспауымыз керек

– Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық құндылық­тарымыз бен ұлттық болмысымызды сақтауда жастардың үлесі зор. Біз елдігіміздің іргесін нығайтып, еңсемізді тік ұстау үшін ата-бабамыздың сара жолынан адаспауымыз керек. Ол үшін тарихымызды жақсы білуге тиіспіз. Ұлттық салт-дәстүрімізге көлеңке түсірмеуіміз керек! Сонда ғана жас ұрпақ отаншылдыққа, ізгілікке, парасаттылыққа тәр­бие­ленеді. Оны біз жастар – өсіп келе жатқан жас жет­кін­шектерге қарапайым ғана ісімізбен көрсетуімізге болады. Мәселен, үйімізде немесе достарымызбен кездес­кенде таза қазақша сөйлесу, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, ата-анаға құрмет көрсету секілді адами қасиет­термен-ақ, тіпті, өзімізге тән мерекелерді атап өту арқылы да кейінгі жастарға үлгі көрсетуге болады. «Жас­тар жылында» қазақ жастары мен қазақстандық жастарды ұлттық құнды­лықтарды ұлықтап, қадір тұтуға шақырамын!

 

Жұлдыз ЕРЖАНҚЫЗЫ,

студент:

 

Уақытымыз флешмобтар мен жиналыстарға кетпесе екен

– «Асыл – тастан, ақыл – жастан». Әрбір жаңа істің басы-қасында жалынды жастар жүретіні анық. Сондықтан биылғы жыл білім алып, ғылым қуып, өнер үйреніп ерінбей еңбек ететін жастардың жылы. Бірақ біз бұл жылды «Жастар жылы» аясында деп қойып, сағаттап баяндама оқитын жиналыстар мен түкке қажетсіз флешмобтар мен форумдармен өткізбеуіміз керек! Біз нақты іс пен тың идеяларды жүзеге асыратын жалынды жастардың еңбегін бағалап, жастардың шын мәнінде ел тізгінін ұстар тұлға бола алатынын көрсетуіміз керек.

 

Дина АЙДАРБАЕВА,

№124 көру және сөйлеу тілі зақымданған балаларға

арналған арнайы мектепке дейінгі мекеменің логопеді:

 

Естіліктің үлгісін көрсетейік!

– Биылғы жыл көп жастың жүрегіне үміт отын жақты. Жастығына қарамай өзінің жеке ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп жүрген жастар үшін бұл жылдың берері де, үйретері де мол. Бизнес саласына бет бұрып, біраз жетістік­терге қол жеткізген жастар ел экономикасына үлес қосып жүр. Біле білсеңіз, әлі де қазақ жастары арасынан мықты кәсіпкерлер мен атымтай жомарт азаматтар шығатынына өз басым сенімдімін. Көпшіліктің көкейін тербеген биылғы жыл бойында күш-жігері бар, жүрегі иманмен нұрланған, рухы биік, қайратты жастың жолын ашпақ. Бізге берілген мүмкіндікті құр бос күлкімен емес, естіліктің үлгісін көрсететін игілікті істермен көрсететін уақыт келді. Сондықтан жастар қай жерде оқыса да, біліммен қатар, нақты іске көшу керек. Себебі, ел мен жердің өркендеуі жолында еңбектенетін жастар үшін аталмыш бастаманың берері мол.

 

Қайсар БЕРІКҚАЛИ,

саудагер:

 

Алматым үшін өз үлесімді қосқым келеді

– Менің ойымды аға буын ұнатпай қалуы мүмкін. Қазір бір Алматының өзінде қолында дипломы  болғаны­мен, тұрақты жұмысы жоқ жастар жетіп-артылады. Олар­дың жұмысқа орналасуына кедергілер өте көп. Солардың бірі ретінде зейнетке шығып кетсе де, әлі жұмыс орнын қимай жүрген аға-апаларымызды айтса болады. Қаржы кімге артық болсын. Зейнетақыны да, жалақыны да алған­ды кім жек көрсін! «Кәрі келсе сыйлап қол бер, жас келсе сыйлап жол бер» демекші, мен сол аға-апай­ларымның жас­тарға орын бергенін қалар едім. Менде өнер де бар, білім де бар. Бірақ сол мүмкіндігімді, алған білімімді пай­даланар жерім жоқ. Отбасымды асырау үшін базарда сауда жасауға мәжбүрмін. Менің де Алматым үшін өз үле­сімді қосқым келеді. Жастар  жылында  ел ертеңі  сана­латын буынға жан-жақты  қамқорлық көрсетілсе екен деймін.

 

Жансая БЕКЕТАЙ,

жас ана:

 

Қыздардың қылығы шектен шықпаса екен!

– Қазақта «Бет көрсе, жүз ұялады» деген мақал бар. Қазақ қызы десе таяқтың бір ұшы өзіңе де тиеді. Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде қазақ қыздарының бейәдеп бейнежазбалары жиі шығып жүр. Егер билік тарапынан пәрмен берілсе, талай сорақылықтың жолын кескен болар еді деп ойлаймын. Менің айтарым, қазақ қызына тән мінезден ада осындай тәртіпсіздікке шектеу қойылса екен! Қыздардың қылығы шектен шықпаса екен!

 

Керек дерек

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының үштен бір бөлігі Алматыда орналасқан.

Алматыда алдағы үш жылда студенттерге арналған 37 жатақхана салынады.

2017 жылдан бастап Алматыда «Алматы жастары» бағдарламасы қолға алынды. Оның аясында осы күнге дейін 240-қа жуық  жас отбасы баспаналы болды.

4 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 2001 жылы 18,6 пайызды құраса, өткен жылғы көрсеткіш бойынша жұмыссыздық деңгейі 7,7, пайызға кеміген.

Алматыда осы уақытқа дейін 7800-ге жуық жас жұмыспен қамтылған.

Сауалнаманы әзірлеген –

Қ.ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *