Жастар жас шыбық сияқты майысқақ келедi

Жастар мәселесi – ең өзектi және күрделi мәселе­лердiң бiрi. Себебi олар қоғамның көп­жақты байланыстары мен қарымқатынас­тарына енген тұтас бiр бөлiгi болып табылады. Барлық уақытта елдiң болашағы жастармен байланыстырылып, олардан нақтылы үмiт күтiледi. Сонымен қатар жастар қоғамдық санада моральдық үрей тудырудың қайнар көзi болатындығы да шындық. Жастар арасында адамгершiлiкке кереғар өрескел тәртiпсiз­дiктердiң: түрлi бұзақылықтардың, әсiресе, ұрлық­­тың, зорлықтың, нашақорлықтың, арақ­құмарлықтың, жезөкшелiктiң көбеюi осыған дәлел болып отыр.

Қазiргi кезде Қазақстандағы жастар мәселесiн жалпы мемлекеттiк мәселелерден бөлек қарас­тыруға болмайды. Сондықтан да  жастардың психо­логиялық және әлеуметтiк ерекшелiктерiн, олардың экономикалық жағдайын, өмiр сүру образдары мен стильдерiн, бiлiм деңгейлерi мен рухани iзденiстерiн зерттеудi жан-жақты қолға алу керек. Елiмiз­дегi жастардың соңғы он жылдағы әлеуметтiк-эконо­мика­лық тiршiлiгi, мәдениеттегi орны, саяси белсен­дiлiгi, дiни дүниетанымдары туралы мәселелердi бiраз авторлар ақпарат құралдарында, ғылыми-практикалық конферен­ция­ларда орынды көтерiп жатыр. Қазiргi жастардың елiне деген сүйiс­­пеншiлiк сезiмiнiң төмендiгi, еңбекке, профес­сионалды маман­дыққа деген ұмтылыстарының жоқтығы, жалпы жауап­кершi­лiктерiнiң де аздығы ойландыратын мәселе. Нарықтық қаты­нас­тардың қоғам өмiрiне кiруiмен қоса жастарымыздың әлеу­меттiк жағдайы нашарлап, жұмыс­сыздардың қатарына қосылуда. Жұмысы барларының тәжiрибесi аздығынан еңбекақысы төмен. Жастардың жанұя құруы және баланың дүниеге келуi қосымша материалдық және психологиялық қиындық әке­лiп, нәтижесiнде ажырасқан жанұя мен әкесiз бала қалып жатыр.

Аталған мәселелердi шешу үшiн мемлекеттiк жастар саясаты бiртiндеп жастардың әлеуметтiк-мәдени қалып­тасуы мен дамуы үшiн әлеуметтiк-экономикалық,  құқық­тық мүм­кiн­дiктер жасауды қолға алуда. Әйтсе де көңiл толмайтын жәйттер баршылық.  Ол жастардың рухани мәдениетiне байла­нысты мәселелер. Жалпы алғанда, рухани тоқыраудың негiзгi себебi – әлеуметтiк және материалдық жағдайға байла­нысты деп есептеледi. Бiрақ адамзат тарихы небiр қиын-қыстау кезеңдерде адамгер­шiлiк, мейрiмдiлiк, бауырмалдық, төзiмдiлiк, қанағат сияқты тағы да басқа адами құндылықтардың жоғары болған­дығын дәлелдейдi.

Орта Азия мен Қазақстан аймағын тиiмдi насихат жүргiзу жерлерiнiң бiрi ретiнде таңдаған христиандық миссио­нерлiк ұйымдар түркi тiлдес халықтардың тiлдерiнде немесе орыс тiлiнде өз идеяларын таратуда. Шiркеулердiң және христиан ұжымы орталықтарымен бiрге бастауыш мектептерде, колледж­дерде, жекеменшiк университеттерде, кiтапханаларда және мәдениет орталықтарында, ауруха­наларда, өндiрiс орында­рындарда және басқа да қоғам­дық орындарда әр түрлi қызметтер көрсетiп, өнер, спорт, туризм және журналистика сияқты сала­ларда семинарлар, конференциялар және конгрестер өткiзiп, газет, журнал және кiтап түрiнде басылымдар шығарып, әлеуметтiк және экономикалық тұрғыдан көмек көрсете оты­рып, жастар­мен жақындасып, олармен қарым-қатынас жасауда. Оларға тамақ және киiм жағынан көмектесiп, жұмыс тауып берiп, әлеуметтiк және мәдени iс-шараларға қатыс­тырып, тегiн тәлiм-тәрбие берiп, ғылыми және мәдени орталықтарын ашып, халыққа өздерiн жаны ашығыш немесе құтқарушы ретiнде көрсетiп отырған шетелдiк дiни, саяси және философиялық ағымдар барған жерлерiнде ешқандай қарсылыққа кездеспейдi, керiсiнше сол жергiлiктi елдердiң басшыларының көрсеткен қолдаулары­ның арқасында алаңсыз өз жұмыстарын iске асыра бередi. Себебi, олардың қызметтерi, жалпы алғанда, сырттай халық­аралық заң нормаларының шеңберiнен шықпайды. Бұл ағымдарға мүше болғандардың iшiнде туған-туыстарынан, отбасынан айрылған, жұмысынан босап, ата-аналары, дос-жарандарымен түсiнiсуден қалған жастардың тағдыры өте қайғылы десе болады. Аталған жағдайлар мәселенiң бiр жағы ғана. Қазақстандағы дәстүрден тыс ағымдардың барлығы (сатанизм мен саентологиядан басқасы) дәстүрлi дiндердегi құдай туралы, адамның сенiмi туралы iлiмдердi, жалпы адам­гершiлiк принциптерiн негiзге алып, бiраз өзгертулер кiргiзiп, жаңа iлiм ретiнде жариялайды. Бұл iлiмдерде баса назар ауда­ратын нәрсе — оларда тiл, ұлттық мәдениет, патриотизм мәсе­лелерi құндылық болып санал­майды. Құдай алдында барлық адам бiрдей, сондықтан оның жердi иемденуi, ұлт болуы, өзiндiк ерекшелiгiнiң болуы мiндет емес. Мұндай көзқарас әлемдегi ешқандай елдiң саясатына сәйкес келмейдi. Барлық елде гуманистiк принциптi ұстана отырып, өз ұлтының тiлiн, мәдениетiн, ерекшелiгiн сақтауға, сонымен қоса оларды дамытуға, қорғауға көңiл бөлiнедi.

Жаңа дiни ағымдарды насихаттаушылар өздерiнiң уағыз­дарымен жұрттың жүрегiн жылытып, қайғырғанға жұбаныш айтып, жұмыссызға жұмыс берiп, қайырым­дылық ас берiп, үмiтсiзге болашақта бақытты өмiрдi уәде етумен өз қауымда­рына тартып, талмай миссионерлiк жұмыс жүргiзуде.

Бұл ағымдар өздерiнiң миссионерлiк жұмысында психо­техника тәсiлiн қолданады. Оның сан түрлi әдiстерi барлығын психолог-ғалымдар дәлелдеп отыр. Әлемдiк тәжiрибеде осы ағымдардың жұмысына байланысты аса ауыр қылмыстық iстердiң әшкереленгендiгi туралы да жет­кiлiктi фактiлер бар. Сондықтан да қол қусырып отырмай, қауiптiң алдын алу шара­ларын жасау, қоғамның дiни сауаттылығын арттыру, жастарды рухани тәрбиелеу кезек күттiрмейтiн өзектi мәселе деңгейiне көтерiлiп отыр. Себебi, бұл дiнге кiргендердiң өздерi сектант­тық арбаудың шыр­мауында жүргендерiн сезбейдi. Олар, әсiресе, жастар санасын улайды.

Бұл жаңа ағымдарды неге «секталар» деп атайды және оны анықтайтын қандай өлшемдер бар деген сауалға тоқталсақ, бiрiншiден, бұл ұйымдарда тiрi адамға табынады (ұйым басшы­лары Құдай ретiнде қабылданады), дiни iлiмдерi эсхатологияға негiзделедi, жиындарының көпшiлiгi жасырын өткiзiледi, ұйым мүшелерi қатал рухани бақы­лауда болады және бұл ұйымдар қоғамға қарсы әрекеттер жасайды. Кейбiр ғалымдар осындай анықтамаға сай жаңа құрылымдарды жалған дiни бiрлестiк деп те атайды. Секталардың қызметi маркетингтiк жүйе сияқты бiр жүйеге келтiрiлiп жүргiзiледi. Мамандар маркетинг принцип­терiне сараптама жасағанда, бұл жұмыста диллер жетiстiкке жету үшiн оның төмендегiдей психологиялық көрсеткiштерi болуы керек дейдi: Ол адам дүниеқор, пайдакүнем, ұялу мен ыңғай­­сыздануды бiлмейтiн өркөкiрек және екiжүздi болуы тиiс. Маркетингте де, секталарда да осындай қасиет­пен көзге түсетiн лидерлер (көшбасшылар) бар. Мар­кетинг пен секталардың жұмыс кезеңдерi де бiрдей: 1. Мүшелiкке таңдау; 2. Тармаққа баулу; 3. Психологиялық тазарту.

Тармақты маркетинг пен сектанттық қызмет адамдарды «бағыттаудан» басталады. Ол үшiн бес-алты адамнан құрылған топ болса жеткiлiктi. Ондай кездесу­лерде олар өте мейiрiмдi жанашыр ретiнде әңгiме айтып, адамдардың сенiмiне кiрiп алады. Одан кейiн нейролин­гвис­тикалық бағдарламаның заңына сай осы адамдармен бiртiндеп жұмыс iстей бастайды. Мұндай принциппен жұмыс iстейтiн адам кез-келген аудиторияны транс (сана­дан тыс болу) жағдайына түсiре алады. Егер дiни ағым­дардың қызметiнде осындай белгiлер болып, психоте­хникалық әдiстер қолданылса, оларды секталарға жатқызуға болады.

Транс жағдайының пайда болуының физиологиялық тетiгiн ХХ ғасыр басында орыс ғалымы А.Ухтомский зерттеген. Ол транста болған кез-келген адамның санасы трансформацияға ұшырайды. Ол транс қалай шақырылса да (камланиямен бе, рит­микалық дыбыстармен бе, ғылыми лингвистикалық прак­тикамен бе, медитациямен бе, есiрткiмен бе, бәрiбiр) адам сана­сына зиянды құбылыс болады деп қорытынды жасаған. Дәс­түрлi дiндер мұндай әрекеттерге қатал тыйым салады. Дәстүрлi дiндердi ұстану­шыларды бiрдей құндылықтар мен принциптер бiрiктiрсе, сектанттық ұйымдарды, керiсiнше, ұйым басшысы немесе рухани ұстаз абыройына бас ию мен ұйым мүшелерiнiң өзара қарым-қатынастары бiрiктiредi. Сондықтан да дәстүрлi дiндердi ұйымдастырушыларда жұмсақтық басым көрiнiс тапса, жаңа құрылымдарда оған мүше адамдар өмiрi темiрдей тәртiптiң арқасында толығымен бақылауда болады.

Дiнтанушылар мен психолог мамандар жаңа дiни құрылым­­дардағы жұмыс негiзiнен, жастарға бағытталған деген тұжырым айтады. Алғаш келген жасөспiрiм бүкiл топтың ерекше назарында болады. Жас адамның ойлау қабiлетiн тоқтататын әдiстердi қолдану арқылы оны «ерiктi» түрде иландырады. Осы­лайша рухани iзденiстегi адамға да, өмiр тәлкегiнен күйзелiске ұшыраған адамға да бұл ұйымдар қамқоршы болып көрiнедi. Бiрақ, олардың берген жұбанышы уақытша әрi алдамшы, өйткенi олар өмiрдегi нақты нәрсенi еш өзгерте алмайды. Егер адамда өзiнiң адамгершiлiк нормалары мен жалпы құндылықтар туралы нақты көзқарасы болмаса, онда ол адам бұйрықты ғана орындайтын робот сияқты өз еркiнен тыс бiреудiң айтқанын орындай бастайды. Мұндай жағдай, әрине, тұлғаны психо­ло­гиялық және рухани тоқырауға ұшыра­тады. Дәл осындай жағ­дайға жасөспiрiм балаларымыз тап болып, шетелдiк миссио­нерлердiң құл қызметшiлерiне айналғанын көргенде жүрегiмiз қалай сыздамасын? Қай дiннiң немесе дiни секталардың үгiтi күштi жүргiзiлсе, адамдар сол дiнге көп барады. Зерттеушi ға­лым­дар да, әлеу­меттанушылар  да қазiргi күнi протестанттық секталардың жұмысы жақсы ұйымдастырылуына байланысты Қазақстанда христиан дiнiн қабылдаушылар саны көбеюде деген пiкiрлердi көп айтып жүр. Әсiресе, «Библияны» қазақ тiлiнде оқы­тып, сыйынуды сол тiлде жүргiзетiн «мәсiх­шiлердiң» шiр­кеуiне қазақтар өте көп жиналады. Соңғы жылдары респуб­ликада ақыл-ойды шатыстырып, бас айналдырумен айна­лысатын дiни бағыттар көбейiп кеткенi құпия емес. Бұған қалай тосқауыл қою керек? Секта­лардан қалай сақтанамыз? Менiң ойымша, ең алдымен жанұядағы тәрбиеге көңiл бөлген жөн. Балаларға ұлттық дәстүр, мәдениет, ауыз әдебиетi үлгiлерi, дiни наным-сенiмдер туралы әңгiмелердi жиi айтып отыру қажет. Содан кейiн мектеп бағдарламаларына кiргiзiлген «Дiнтану негiздерi» пәнi факультатив емес, мiндеттi пән ретiнде оқы­тылуы керек. Осы пән шеңберiнде оқушыларға жалпы дiндер туралы мағлұматтар ғылыми тұрғыда түсiндiрiлуiн талап ету қажет.

Мектептерде дiнтанушы маман жұмыс iстегенi жөн. Дiнта­нушы тек «Дiнтану» пәнiн оқытып қана қоймай, жасөс­­пiрiм бала­лардың дiни сауатын ашу жолындағы жұмыстарды да үздiксiз жүргiзiп, оның әдiстерiн де жетiлдiрiп отыруды қолға алғаны мақұл.

Жастар да жас шыбық сияқты, майысқақ келедi. Тәрбие жұмыстарын ата-аналармен бiрлесе жүргiзiп, жастар­дың рухани-мәдени дамуына әсерi мол шараларды жиi өткiзiп отырудың да өз жемiсiн берерi сөзсiз. Бала­бақша, мектеп, Мәдениет үйi, театр­ларда, басқа балалар мен жастар көп жиналатын орындарда қандай да бiр дiни уағыздардың  жүргiзiлуiне жол берiлмегенi абзал.

Қарлығаш БОРБАСОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң

ғылым философиясы және дiнтану

кафедрасының доцентi.

Әзiрлеген – Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *