Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жас ұрпаққа берері мол, жаңа мақсат-межелер қойған басты құжат. Осыған дейінгі Жолдаулардан бір ерекшелігі — мұнда еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін, сонымен қатар интеллектуалды салаға көп көңіл бөлінген.
Осы ретте Президент Н.Ә.Назарбаев ерекше басым бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті атап көрсетіп берді. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әрқашан да Елбасы назарында.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, бармақ басты, көз қысты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өріскел кедергі келтіретіні даусыз. Жемқорлық, парақорлық қоғамға, мемлекетіміздің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу жалпы ұлттық міндет, яғни баршамыздың ортақ ісіміз болуы керек.
Осы орайда Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты «Дөңгелек үстел» өтті. Бұл іс-шараға университет оқытушылары, студенттермен қатар, ата-аналар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
«Дөңгелек үстелді» ұйымдастырушы профессор У.К.Әбдіқалықов кіріспе сөзбен ашып, бұл іс-шараның маңыздылығы мен мақсатын таныстырды. Университет ректоры доктор, профессор Сабри Хизметли мырза «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз» деген тақырыпта өте мазмұнды баяндама жасады. Баяндамашы сыбайлас жемқорлық дегеніміз қоғам мүлкін талан-таражға салу, мемлекеттік қаржыны дұрыс пайдаланбау, парақорлық, еңбексіз пайда табуға жол беру екендігін айта келіп, жастарымызды Елбасы сенімін ақтап, адал да таза болуға шақырды.
Доцент М.Қ.Сембиновтың «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы жемқорлықпен күрес мәселелері және оны жүзеге асыру жолдары», аға оқытушы Е.Ақпанбаевтың «Жемқорлықпен күрес – әлемдік проблема», тарих мамандығы студенті Ұ.Бәкейдің «Жастар – жемқорлық пен парақорлыққа қарсы» атты баяндамалары да тартымды және мазмұнды болды.
«Дөңгелек үстелге» қатысушылар баяндамашыларға сұрақтар қойды, сонымен қатар өз ойларын ортаға салды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күнгі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Сол себепті, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өсіп-өркендеуі үшін Елбасы көздеп, іс-шаралар жасалып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.
Әсіресе, білім беру саласы студент жастарға тек білім беру ғана емес, олардың рухани және мәдени дамуының факторы болғандықтан жастарымызды адалдыққа, тазалыққа баулуы тиіс. Осы орайда өткізілген іс-шара қоғам мен мемлекеттің мүдделерін біріктіріп, жастарымыздың сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырудағы маңызды іс бола алды.
«Болашағымыз – білімді де, мәдениетті жастар» деп Елбасы көрсеткендей, біз, жастарымызды отансүйгіштікпен қатар, олардың санасын жаңғырту, сыбайлас жемқорлықтың зардаптары, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға тиістіміз.
«Дөңгелек үстел модераторы» профессор У.Әбдіқалықов іс-шараны қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықтың еліміз үшін күрделі мәселе екендігі, онымен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, «Дөңгелек үстелдің» мақсаты – жастарымыздың құқықтары мен бостандықтарын білуі, жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу болып табылатындығы туралы айтты.
«Дөңгелек үстел» соңында университет студенттері «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деген Үндеу қабылдады. Қорыта келгенде, бұл жастарға күш-жігер беретін тағылымы мол іс-шара болды.
Ұлан ҚАДЫРБЕКҰЛЫ,
Шет тілдер және
іскерлік карьера
университетінің профессоры.