ЖАСТАР – ҰЛТТЫҢ БАСТЫ КАПИТАЛЫ

Алматы технологиялық университетінде «JasStar» жобасы аясында «Жастар жылына» арналған қалалық «Жастар – ұлттың басты капиталы» атты мотивациялық форум өтті.

Рая ЕСКЕНДІР

Форумға қонақ ретінде Алмалы ауданы әкімінің орынбасары А.Бекжанова, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қалалық филиа­лының төрағасы Д.Қасымов, бизнес-тренер А.Нұрсила, «Болашақ» бағдарлама­сының түлегі, кардиохирург Б.Рақышев, «Жастар үні» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Д.Бабамұратов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, паралимпиадашы С.Есматов, «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының төрайымы А.Ерниязова қатысты. Шараға Алматыдағы 38 жоғары оқу орындары Жас­тар ісі жөніндегі комитеттерінің төр­ағалары мен олардың белсенді студенттері, Жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Форумды АТУ-дың тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі про­ректоры Қалтай Батхолдин жүргізді. Шара барысында қатысушы спикерлер өздерінің жетістікке жету жолын студенттерге айтып берді. Алғашқы болып сөз алған Алмалы ау­даны әкімінің орынбасары Айнұр Серік­қызы Жастар жылына арналған әрбір шараны әкімшілік тарапынан қолдайтынын айта келе, «Алмалы ауданы қаламыздағы студенттер көп шоғырланған аудандардың бірі. «Жастар жылында» бүгінгі жастардан күтерім мол. Өзім де студент болдым. Қазір сіздерге бар­лық жағдай жасалған. Еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосуға атсалы­сыңыздар», – деп тілектестігін білдірді.

Келесі кезекте сөз алған «Жастар үні» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен Бабамұратов жастарға ерекше мотивация берді. «Егер бүгін әрекет етпе­сеңіздер, өмір әп-сәтте өте шығады. Қазіргі ата-анаңыздың орнын бір кезде сіз басасыз. Сондықтан бүгінгі істі ертеңге қалдырмау керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, биыл жастарға білім, баспана, отбасы, қыз­мет жағдайына айрықша көңіл бөлінеді. Ендеше, сол мүмкіндікті жіберіп ал­маңыз­дар! Мем­лекеттің қуат­­ты бол­уы – сіз­дердің қолда­ры­ңыз­да!» деді. Осын­дай жалынды сөзден соң келесі сөзді «Жас Отан» ЖҚ АҚФ төр­ағасы Дулат Қасымов алды. Оның айтуын­ша, «Жас Отан­­дағы» жастар саны артуда. «Біз жас­тарға арнал­ған түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Сіздер де сол шараға атсалысыңыздар! Әрбір еліне қызмет еткісі келетін жас үшін біз қолдау көрсетеміз! Биылғы Жастар жылы бәріміз үшін де табысты, сәттілік жылы болсын! Мақтанар жетістіктеріміз көбейе берсін!» деген тілегін айтты.

Бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила қа­тысу­шы жастарға кәсіп ашудың сырымен бөлісті. «Көптеген шет елдерде болдым. Біз­дің әлем қазір роботтардың қолында. Бо­лашақта көптеген мамандықтардың орнын роботтар басқарады. Сол үшін мамандық таң­дарда мұқият ескеру керек. Тек бүгінгі күн­­­мен өмір сүруге болмайды. Алдағы 5 жыл­ға жоспар құрған дұрыс. Қарапайым дүниеден бизнес жасауға болады. Мәселен, менің шәкірттерімнің ішінде математика курсын ашып, екі айда 4-5 миллион тауып отырған жастар бар. Сондықтан бизнес ашып, өзіңе табыс келтіруге бейімделу ке­рек», – деп биз­нес-тренер Ахметбек Нұрсила жастарды жігерлендірді. Өзінің шәкірттері­нің ішінде мол табысқа жеткен 20–24 жастағы жастарды форумға бірге әкеліп, халық алдына көрсетті. Бұл – қатысу­шы­ларды бір серпілтті. Сенім ұялатты.

Келесі сөз паралимпиадашы Серік Есматовқа берілді. Аудиториямен тығыз байланыс жасау арқылы спикер өз басындағы қиындықтармен қалай күрескенін айтып берді. «Бос уақыт мүлде болмау керек. Адам әрқашан өзін жетілдіріп отырса, күйзеліске түспейді. Менің екі аяғыма да протез салынған. Ал сіздерде ең қиын проблема не болуы мүмкін? Басыңа қиындық түскенде барлығы саған аяушылықпен қарайды. Бұл өте ауыр нәрсе. Сондықтан адам басына түскен кез-келген қиындықпен күресе білу керек. Өзі еңбектенсе, барлық нәрсе қала­ға­ныңдай болады», – деп Серік Есматов қиын­дықтарға қарсы тұру жолдарын айтты.

Бұдан кейін сахнаға биылғы Жастар жылы форумында Елбасы алдында сөйлеген «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Айсұлу Ерниязова шықты. «Біз болашақ балаларымыз үшін қазірден жақ­сылық жасауымыз керек. Бұл жақсы­лығы­мыздың қайтарымы міндетті түрде өзімізге келеді. Сол үшін айналамызға жақсылық жасап жүрейік!», – деп жастарды жақсылық жасауға шақырды.

Қорытынды сөз кардиохирург, «Бола­шақ» бағдарламасының түлегі Бауыржан Рақышевқа берілді. «Қазір жастарға үлкен мүмкіндік берілген. Қай саланы таңдасаңыз да, ақша табудан гөрі мемлекет үшін сапалы маман болуды ойлау керек. Мен «Болашақ» бағдарламасымен оқып келдім. Шетелдік мемлекеттермен салыстырғанда, біздің еліміз белгілі бір кезеңнен өтті. Алдағы кезеңдерден де жақсы өтуі үшін біз сапалы маман болып, халыққа жағдай жасауымыз керек», – деді Бауыржан Рақышев.

Форум соңы студенттердің көңілді кон­цертімен аяқталды. Шара жастарға мотива­циялық серпін беріп, әсерлі кездесу ретінде әр қатысушының есінде қалды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *