Жастар қазақ күресінен жарысты

 

Алматы теміржол көлігі колледжінде қазақ күресінен ашық республикалық  «Жастар кубогы ІІ» командалық турнирі өтті. Сондай-ақ, шара шеңберінде  ашық есік күніне арналған пәндік олимпиада ұйымдастырылды. Ізгі шаралар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің «Алматы-2020» Даму бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы, Медеу ауданы әкім­шілігі, колледж студенттерін жұмыспен қамтушы кәсіпорындар, Алматы «Qazaq kuresі» спорт клубы қолдау танытты. Аталған шара жастар арасында ұлттық қазақ күресін насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға баулу, ұлтжандылық қасиетін жас ұрпақтың діліне дарыту мақсатын көздеді.

2001–2003 жылы туылған жастар арасында өткен республикалық турнирде еліміздің әр өңірінен келген 10 топ қаты­сып, өзара бақ сынасты. Спорттық сайыс­тың қорытындысы бойынша, Қызылорда облысының «Шиелі» командасы І орынды иеленіп, өз ортасынан озып шықты. Талғар ауданының «Нұра» тобы ІІ орынға қол жеткізді. ІІІ орын Алматы қаласының «QAZAQ» спорт клубына бұйырды. Айта кетерлігі, «QAZAQ» спорт клубының ойыншылары мәрттік танытып, өз жүлде­лерін Шығыс Қазақстан облысының «Аягөз» командасының  ойыншыларына тарту етті.

Жеңіс жалауын желбіреткен жарыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар­мен бірге, келешекте колледжге оқуға түсіп, білімін жалғастырғысы келген жастар­дың оқу төлемақыларына 50–100 пайыз аралығында жеңілдіктер жаса­луына сертификаттар берілді.

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Меруерт Мұқанова, «Қазақ­стан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ Жүк тасымалдау жұмысы жөніндегі атқа­рушы директоры Сәрсенбек Жапаров, «Қазақстан теміржолы – Алматы магис­траль желілері бөлімшесі» АҚ директоры Талғат Еспанов, сондай-ақ Алматы қаласы колледждерінің басшылары қатысты.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *