ЖАСТАРҒА ЖОЛ

Алматыда Орталық Азия жастарының Бірінші фестивалі өтті

Қазақстанда биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Тәуелсіздігіне тарихи тұрғыдан азғантай ғана уақыт болған біздің ел егемендік бастауынан сол тәуелсіздікті тұғырлы етуде ел жастарына арқа сүйеді. Жастарды жаңа мамандықтарды меңгеруге, әлемдік білімді игеруге жұмылдырды. Мемлекетік «Болашақ» бағдарламасы жасалып, сол бойынша көптеген жастары дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарында дәріс алды. Жастарға арналған басқа да мемлекеттік, әлеуметтік, білім бағдарламалары дайындалды. 

Өз кезегінде егемен елдің жастары да Тәуелсіз Қазақстан атын халықаралық білім олимпиадаларында, өнер конкурстарында, әлем, Азия спорт сайыстары мен Олимпиадаларда аспандатып жүр.

Нұрлан СҮЙІН

Тұңғыш Президент қоры мен Алматы қаласы  әкімдігі оңтүстік астанада Ор­та­лық Азияның креативті жастарын жинады. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев жариялаған Жастар жылы аясында Елбасының қоры Алматыда І Халық­аралық жастардың Орталық-Азия «Central Asіa Youth Festіval» фестивалін ұйымдас­тырды. Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тә­жікстаннан, Түркіменстаннан, Өзбек­стан­нан, Әзербайжаннан келген 18 бен 29 жас аралығындағы 300-ден астам жас Шым­бұлақ тау-шаңғы курортының аума­ғында ауқымды диалог алаңына жиналды.

Екі күндік (22-23 тамыз) «Central Asіa Youth Festіval» фестивалін өткізе отырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стандағы Жастар жылын ашу барысында: «Жастар – қазіргі заманғы еліміздің бәсе­кеге қабілеттігінің басты факторы. Бү­гінгі күні біздің істеріміз сендердің бақытты өмір сүрулерің үшін, өз потен­циалдарың мен мүмкіндіктеріңді толық іске асыру үшін жасалып отыр» деп айтқан идеяларын жүзеге асыруды мақсат тұтқан.

«Central Asіa Youth Festіval» бірнеше мақсаттарды: жастардың саяси сауатты­лығын және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамыту, өңірлік интеграция үшін алаң құру, Орталық Азия елдері жастарының арасындағы ынтымақтастық­ты кеңейтуді, өңірдің жас көшбасшы­ларының потенциалын дамытуды меңзейді.

Фестивальді ашу рәсіміне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

Бірінші Орталық Азия жастары фес­тиваліне қатысушыларға «Қош келдіңіздер» деген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда жастардың мүм­кін­дігі үшін барлық жағдай жасалғанын, бүгінгі Алматы қаласы жастар қаласына ай­нал­ғанын, еліміздің әрбір үшінші сту­денті осы қалада білім алатынын айтып өтті. Алматыда тұңғыш рет өткізіліп отыр­ған Орталық Азия жастар фести­валінің аясын кеңейтуді ұсынды.

Жастардың тікелей байланысы стра­тегиялық серіктестік, достық, мемлекет­аралық қатынастың негізгі қуаты. Сол себепті, неге біздерге осындай фестиваль­дарға Азия құрлығындағы Корея, Қытай, т.б. мемлекеттердің, көрші Ресейдің жастарын шақырмасқа. Және де Бірінші Президент қорына, Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілді­гіне, басқа да фестивальға қызығушылық таныт­қан ұйымдар мен қонақтарға 2020 жылы Алматыда Орталық Азия еріктілер (волон­тер) ұйымдары мен еріктілердің Жастар форумын өткізуге ұсыныс жасаймын, – деді Б.Сағынтаев.

Жастардың Орталық Азия фестива­лінің екі күндік бағдарламасы панельдік сессия, шеберлік сабақтар, жобалау жұмыстары мен питчинг-сессиялардан тұрады. «Central Asіa Youth Festіval» аясындағы мағыналы іс-шаралар форматы өңірлік сын-тегеуріндер мен проблема­лардың кең ауқымды спектрін талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен, жастар бір-бірімен тәжірибелерімен, білімдерімен, дағдыларымен, жастардың өзекті мәселе­лері бойынша еріктілік, жоғары білім және кәсіби бағдарлану, жаппай спорт, кибер­қауіпсіздік, көші-қон, полиэтникалық және т.б. озық іс-тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беріледі.

Жастар диалогы кәсіби деңгейде іс-тәжірибелік сипатта өтуі үшін талқылауға және секциялық отырыстарға саяси және қоғамдық қайраткерлер, сондай-ақ, өмір­лік мақсатқа қол жеткізуде айтарлық­тай  тәжірибесі бар   жас көшбасшылар: Ай­дан Рамазанова (Әзербайжан), Конрад Аден­ауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкіл­дігінің директоры Томас Хельм (Гер­мания), Нұр-Сұлтан қаласындағы ОБСЕ кеңсесінің саяси мәселелер жөнін­дегі кеңес­шісі Колин Маккалоу, Қырғыз Рес­публикасының Ұлттық Қызыл Жарты Ай Қоғамының ұлттық үйлестірушісі, еріктілер мен жастардың бас продюсері Айсулу Кангелдиева және басқалары қатысты.

«Central Asіa Youth Festіval» фестивалі аясында аrt-перфоманстар, концерттер, ойындар және ореn аіr өтті.

Жастардың І Орталық Азия фестивалі жастарды жұмыссыздықпен күрес әдіс­терімен таныстыру, оларды өңірлік инте­грациялық жобаларды іске асыруға қатыс­тыру және жастар саясатын іске асыру механизмін талқылауға жағдай жасау сияқты міндеттерді шешуді мақсат тұтқан.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *