ЖАСТАРҒА ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҮЙРЕТУІМІЗ КЕРЕК

ddd_8577

Мен балабақшада, мектептер мен жоғары оқу орын­дарында академиялық біліммен қатар, жалпы­адамзаттық құндылықтарды оқытуды енгізу керек деп есептеймін. Ол үшін арнайы оқулықтар шығарып, қажетті әдістеме жасап, «Адамды сүю» мамандығы бойынша мұғалімдер дайындау керек.

 Сара АЛПЫСҚЫЗЫ.

Биылғы жылы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Қабылдау үйінде «Өзін-өзі тану – сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» атты халықаралық форум жұмысы басталды. Бүгінгі таңда білім, ғылым саласы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы орайда, жас ұрпаққа білім берумен ғана шектелмей, оларға адами, ізгілік білімін де беру қажеттігі туындап отырғаны белгілі. Адамдар өз бойларындағы білімдерін жақсы іске емес, керісінше қатыгездікке, жаман нәрселерге бағыттайтын болып барады. Сондықтан қайтсек осынау жас өскіннің бойына сүйіс­пеншілік пен адами қасиетті қалып­тастыруға болады деген ұстаздар үлкен жауапты міндет төңірегінде ой түйді.

ddd_8652

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Бо­лашақта еңбек етіп, өмір сүре­тіндер – бүгінгі мектеп оқушы­лары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», – деген еді. Сондықтан бүгінгі заман бәрі­мізге үлкен сенім жүктеп, ұрпақ тәрбиесіне сергек қарамауымызды талап етіп отыр. Халықаралық форумды «Бөбек» орталығының бас директоры міндетін атқарушы Е.Сәкенова ашып, барлық қатысу­шыларға деген ізгі ниетін білдірді. «Жүрек сырын сүйіспеншілікпен ашу» деп аталатын фильм өзінің мазмұнымен көпшіліктің көңілінен шықты. Халық­аралық форум жұмысына қатысуға ниет білдір­гендер өте көп болды.

Алдымен форум қонақтары қазақ­стандық ғалымдардың баян­дамаларын тыңдады. Мәселен, философия ғылым­ы­ның док­торы, профессор, Филосо­фия, саясаттану және дінтану инсти­туты директорының орынбасары С.Нұрмұратов «Рухани жетілу – адам болмысының және болаша­ғының негізі» деп аталатын, ал фи­лософия ғылымының докторы, профессор Г.Соловьева «Ақпа­раттық технологиялар дәуіріндегі өзін-өзі тану: мән-мағына табу» атты, химия ғылымының канди­даты, «Оқулық» респуб­ликалық ғылыми-прак­тикалық орталығы дирек­торының орын­басары А.Дүйсебек «Постиндуст­риал­дық қоғамға өту жағ­дайында білім берудегі парадигмалық трансформа­циялар» атты баянда­малар жасап, ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы және рухани-адамгершілік білім беру туралы жан-жақты талқылады.

«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру мен сауықтыру орталығының 20 жылдығына арналған форумда ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласындағы «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарла­масының ең басты мақсатына тоқталды. «Өзін-өзі тану» пәні адамның өмір сүруі үшін, бақыты мен қуанышы үшін  ізгілікке бастайтынын жеткізді. «Бөбек» орталығы бас дирек­торының міндетін атқарушы, Е.Сәкено­ваға мерейтойға арнал­ған құттықтау хатын табыс етті. Ке­лесі кезекте қала әкімі Бауыржан Байбек сөз алды.

– ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Дәл қазіргідей жаһандану заманында ұлт болып ұйысу үшін әрбір адам өзін-өзі тануы керек. Осы мақсатта «Өзін-өзі тану» пәнінің жас ұрпақ бойында патриоттық сезімді қалыптас­тыруда, елі мен жерін сүйе білетін, рухани адамгер­шілігі мол ұрпақ тәрбиелеуде өте маңызы зор, – деп атап көрсетті.

Шаһар басшысы «Бөбектің» 20 жыл­дық мерейтойына орай 5 пәтер кілтін табыс етті. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы­ның орынба­сары Гүлмира Есімбаева өз сөзінде мыңдаған баланың бақытты мекені болып отырған «Бөбек» – ізгіліктің бастауы, қайнар бұлағы деп, осы жылдар ішіндегі атқарған жұмыстарға тоқталды. Осыдан соң сөз кезегін Динара Құлыбаева, Қазақстандағы БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының өкілі Юрий Оксамитный «Өзін-өзі тану» бағдарламасын басты бағыт етіп,  тәрбие мен білім беру жолында рухани-адам­гершілік негізді ұстанып келе жатқан, Сара Алпысқызының бастамасымен іргесі қаланған «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының мерейтойымен құттықтады. Форумның ресми бөлімінде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева сөз кезегін алды.

– Еліміздің ертеңі болып табылатын жас ұрпақты тәрбие­леуде сіз бен бізге үлкен жауап­кершілік жүктеліп отыр. Осынау 20 жыл ішінде еліміз үшін пайдалы іс атқардық деп ойлаймын. Осы жолда көмек қолын созған барлық жаны ізгі, үлкен жүректі, өмірге сүйіспен­шілікпен қарайтын жан­дарға алғысым шексіз. Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен балалар ара­сында сыйластық, мейірім мен ізгілік орнауы керек. Ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен жүрекке жетіп жатса, қандай ғанибет, – деді Сара Алпысқызы.

Халықаралық форумға таны­мал ғалым Арт Онг Джумсай (Тайланд), ізгілік педа­гогика­сының «атасы» Шалва Амонаш­­вили мен оның мұрагері Паата Амонашвили (Грузия), Еуропа­лық жалпыадам­заттық құнды­лықтар институ­ты­ның дирек­торы Марианна Мейер (Копен­гаген-Франк­фрут), Д.Маллаев (Россия), К.Мансурова (Ресей), Петра фон Калиновский (Гер­мания-Франкфурт), т.б. көптеген ғалым­дар қатысты.

 

Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *