Жасасын, академиктер!

Қазiр көп айтылатын (дұрысы: кең жайылып, жұрт куә боп жүрген) сыбайлас жемқорлық, парақорлық, алдау-арбау, мүттәйiмдiк, көзбояушылық нышандары кешегi әлемдегi қос алып державаның бiрi болған Кеңес одағы кезiнде де байқалмай тұрмайтын. Бiрақ, шыны керек, халықтың басым бөлiгi пiр тұтып, құдайдай табынатын қоғамға сенетiндiктен, ондайларға онша мән бермей, бiрлi-жарым нақты айғақтар болмаса, көбiне мүмкiн емес деп, күдiк-күмәнмен қарағанымыз да жалған емес. Мәселен, өз басым бiреу үшiн бiреу кандидаттық не докторлық диссертация жазады дегендi бостекi сөз деп ойлайтынмын және соған қапысыз иланатынмын. «Ой, анау пәлен деген совхоз директоры, түген деген райком секретары кандидаттық диссертацияны өздерi жазды дейсiң бе? Оған мұршалары қайда? Осындағы талай институтта талай кiшi, аға ғылыми қызметкерлер жылдар бойы қорғай алмай жүр емес пе?» – десе де пәлендей мән бермейтiнмiн. Тiптi, естiгiм де, ойлағым да келмейтiн. Әйтсе де...

Ондайларды көз көрiп, қатар отырып, қолдарын қысып, құттықтайтын кез де болғаны рас. Бiр жолы бiр таныстың үйiнде алыс облыстан келiп, кандидаттық диссертация қорғадым деген совхоз директорымен дәмдес болдық. Бiрден сыр берiп неғылайық, бәлкiм, ғылымға iңкәр болып, қапияда қолы жетпей қалған пақыр шығар, аңсаған арманына жеткен шығар дегенбiз де қойғанбыз. Одан күндердiң күнi су жаңа ғалым атанған аупартком секретары, ауатком председателi, кейбiр облыстық бастықтарды ұшырататын болдық. Олардың бiрi тiптi: «Егер бұл қызметтен кетсем, институтта сабақ берiп, тыныш жүрмеймiн бе?» – деп көсiлген.

Бұл үрдiстiң кеңестiк кезеңнiң күнi бiтер қарсаңда мейлiнше дендегенi екiнiң бiрiне аян. Қоғам өзгерген соң, басқа мемлекеттердi қайдам, бiздiң елде инемен құдық қазғандай ғылым салаларында – бiраз жылдар бұрын кез-келгеннiң қолы жетпейтiн – доцент, профессор тұрмақ, академиктер саны айлап емес, күн санап қаулап өсiп кеп берсiн деңiз. Ауылшаруашылық, техника, жаратылыстану, гуманитарлық дей ме-ау, санына жетiп болмайды. Және ол мықтылардың есiмдерi аталғанда, жiктеп-жiлiктеп жатпай, «академик» деп бiр-ақ қайыратын. Академик! Пах! Бiр жолы бiр жиында гуманитарлық саладан академик атағы берiлмек болғанда, екi-үш қасқаның одан бас тартқанына куә болғанымыз да бар. Құдайдың берiп тұрғанын неге алмағандарына түсiнбегенбiз (бәлкiм, өздерi түсiнген шығар).

Ал, ендi әлгi базбiр ақылдылар жақтары талғанша жамандап, балағаттаудан жалықпайтын кеңестiк дәуiрде күллi Қазақстан бойынша академик лауазымына ие бiр-ақ ғұлама болды. Ол кемi он бес жыл ой, қыр, тау-тасты кезiп, бүкiл ғұмырын ғылымға арнаған қазақтың ұлы перзентi, жан-жақты дарынды, әйгiлi музыка зерттеушi Затаевичке туған халқының небiр iнжу-маржан әндерiн жаздырған Қаныш Имантайұлы Сәтпаев едi. Неге бiреу? Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктерi қайда едi дейсiң бе? Жөн. Бiрақ, солай. Қазақта академик бiреу едi. Жылдар өткенде екеу болды. Екiншiсi – Асқар Қонаев. Ол КСРО Ғылым академиясының толық мүшесi боп сайланды. Қазақта академик екеу деп сондықтан айтып отырмыз. Себебi, кеңестiк кезде КСРО Ғылым академиясының толық мүшелерi ғана академик деп аталатын. Өз республикамызда академик емес, ресми түрде Қазақ КСР Ғылым академиясының академигi (мүше-корреспондентi) делiнетiн. Оларды академик деуге болмайтын. Осы күнде қалай, ол ереже сақтала ма, сақталмай ма, Қазақстан Ұлттық ғылым академисының мүшелерi ғана академик делiне ме, әлде, ғайыптан пайда бола салған жасанды академия мүшелерiнiң бәрi академик пе, бiр алла бiледi. Сонда да бiр ереже болса керек (деп ойлаймыз), болмаса, наны пәтiр. Бiткенбай-жiскенбай академиктер (құрттай емес) жолбарыстай көбейiп, құжынай берсiн.

Қош, бұларды неге айтып отырмыз? Егер бүгiнгi сан жетпес «академик-ғалымдар» бiреуге-бiреу – сыйлағандықтан – диссертация жазып беру есебiнен өсiп-өнiп жатқандықтан ба? Олай болмаса ше? «Бiреуге-бiреу диссертация жазып беру» дедiк пе? Сондай бар ма өзi, мүмкiн бе? О, бар болғанда қандай?! Мүмкiн болғанда қандай!? Ұзақ жылдар аңғармай келiппiз, иланбай келiппiз. Сонда бiреуге-бiреу диссертацияны шынымен-ақ сыйлайтындықтан жазып бере ме немесе ақы ала ма дейсiз бе? Мiне, бұл жөнiнде ештеңе дей алмаймыз. Өйткенi, ешкiмнiң алыс-берiсiн көзбен көрiп, қолмен ұстаған жоқпыз. Бiрақ,  өзгелердiң еңбегiнен (жиендiк жасап) жұлып-жұлқып, ұрлап-жырлап диссертация қорғағыш сайдың тасындай сабаздардың аз емесiн сен тұрмақ, шет елге қашып кеткен (қалталы) қазақтар да бiледi. Бiз де бiле бастадық. Ептеп… болса да…

Ептеп болғанда, осы таяуда облыс орталығындағы университетте дәрiс беретiн (ертеден таныс) профессор телефон соғып:

– Саған қолқа салғалы отырмын, – десiн әй-шәй жоқ. – Бас тартпайтын шығарсың. Мұндайдан ақылы ауысқан адам ғана бас тартады. Таяуда бастығымыз маған екi бiрдей талапкердi iзденушi етiп алды да, қайтсең де ғылым кандидаты ет дедi. Сол сәл қиын боп тұр…

– Неге қиын? Бұған дейiн талай кандидат тәрбиелеген жоқ па едiң?

– Солайы солай. Бiрақ, оларда аздап болса да түйсiк болатын. Мыналар …

– Мыналарың кiм?

– Әлгi iзденушiлер де. Екеуi де кәсiпкер…

– Е, ол жақсы емес пе?

– Жақсы болғанда, ғылымнан түртпейдi ғой.

– Өздерiңде iстей ме?

– Гәп сонда. Екеуi де басқа жақта iстейдi.

– Сонда қалай?

– Оларға адам керек.

– Қандай адам?

– Жазып беретiн.

– Не жазып беретiн, диссертация ма?

– Ендi сол да, басқа не болады?

– Таппайсың ба? – дедiм бiрден тiксiнiп қалғанымды бiлдiрмей.

– Айтсам, соны сен ендi былай… екеуiн де өзiң алсаң қайтедi деймiн де… екеуiнiң де тақырыбы саған таныс, жаңғақтай шағасың. Қаржыдан қам жеме. Қанша десең де бередi, бүгiн алсаң да дайын.

– Екеуiн деймiсiң? Бiр адамға көп емес пе?

– Көп емес, не тұрады, тәйiрi?

– Мерзiмi қашан?

– Бiреуi тоқсан, бiреуi жүз бет болса жарайды. Мерзiмi бiр жыл, келесi жылы осы уақытта бiтiрсең болды.

– Тоқта, тоқта, олардың ғылыми жетекшiсi кiм болады сонда?

– Бiлiп тұрып сұрайсың, ә? Мен, әрине.

– Жараған! Құттықтаймын.

– Келiстiк пе? Олар қашан барсын?

– Асықпа, – дедiм алабұртқан ағайынның пәпiгiн бiрден басып тастауға обалсынып. – Бiр күн мұрсат бер, ойланайын. Ертең хабарлас.

– Ертең дейтiн не бар? Айттым ғой, қанша сұрасаң бередi деп. Екеуi де шылқыған бай, бiлдiң бе? Ә, мейлi, ертең болса ертең…

Ертеңiне айтқаным: «Қуыршақ ғалым жасауға үлес қоспаймын, құлқым жоқ», – болды.

Ал, қазiргi қаптаған академиктерге келсек, алдарынан жарылқасын. Жасасын, академиктер.

Бiрiншiлердiң «бiрегейлерi»

Тоқетерiн айтсақ, әңгiме кеңестiк кездегi аудандық және облыстық партия комитеттерiнiң бiрiншi секретарьлары хақында. Өзiмiз көрiп-бiлiп, адами қасиеттерiне куә болған кейбiреулерiнiң. Алғашқы сөз пәлендей бiлiмi болмаса да, алғырлық, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң арқасында (соғыс жылдарынан бастап) үш-төрт ауданды басқарып, ел-жұрттың құрметiне бөленген қадiрмендi Ұлтекең, Ұлтубай Бейсембаев жөнiнде.

Ұлтекеңдi өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас шамасында (таныстым емес) көрдiм. Алматыдан Сарыағашқа ауысып, аудандық «Қызыл ту» газетiнде iстеп жүргенде. Ол шақтарда аупарткомның бiрiншi секретары – жарым патша. Бiр ауданды жатқызып-тұрғызады. Айтқаны – айтқан, дегенi деген. Тек адамгершiлiктен аттамайтын, қолдары таза, әдiл, халыққа жақын болсын. Ал, Ұлтекең, Ұлтубай Бейсембаев сондай болатын. Оған дәлел – аудан экономикасын шарықтата көтергенi, (басқаларын айтпағанда) Ленин орденiмен наградталғаны, биiк адамгершiлiгi, жұртқа сыйлы болғаны. Тiкелей араласпасақ та, көрiп-бiлiп, сезiп жүрдiк. Сырттай қатал (сияқты) көрiнгенмен, кiм-кiмге де шапағаты мол болатын. Оның үстiне, Ұлтекең жайлы бiр әфсана тегiннен-тегiн айтылмаған болу керек. Қабағы түксиген, алып денелi, тау қозғалса қозғалмайтын Гена деген орыс шоферi болатын. Жұрт Генаны «ала жiптен аттамайды, Ұлтекең дәл тапқан» десетiн. Кейбiр бiлгiштер «Пәлен колхоздың бастығы үйiне барып, татар әйелiне үш жүз сом берiп кеткен екен, кейiн Ұлтекең оны әйелiн машинаға отырғызып, өзiне қайта берiп жiберiптi» – деп бастарын шайқайтын. «Колхоз бастығына ескерту жасап, бiрақ, қызметiне тиiспептi. Ұлтекең сондай адам, тек айлығымен күнелтедi», – деп даңғазалайтын.

«Теңiз – тамшыдан» дегендей, аудан табысты болса, облыс табысты, облыс табысты болса, республика абыройы. Мiне, Ұлтекеңдi сол үшiн еске алып отырмыз. Кезiнде ел байлығын арттырып, халыққа сiңiрген қыруар еңбегi, көпшiлiк үлгi тұтқан iс-қарекеттерi үшiн (жазығы аупарткомның бiрiншi секретары болғаны ма, неге еске алмасқа деп те айтуға болар едi).

Мақала тақырыбын «Бiрiншiлердiң» бiрегейлерi» деп қойдық. Күлбiлтелемей айтсақ, «бiрегейлер» деп ен тағып отырғанымыз, – бiрiншiлердiң жар қосағы, әйелдерi (деп бiлiңiз). Өйткенi, айналасындағы жағымпаз мiскiндер әрқилы тәсiлмен мысықтабандап келiп, күйеулерiне бiлдiрмей ұсынатын (пара демей-ақ қояйық) көл-көсiр сый-сияпаттарды сыпырып-сиырып ала беретiн «бiрегейлердiң» кесiрiнен ай-күннiң аманында пәлеге ұрынып, қызметтерiмен қоштасып жататын бiрiншi секретарьлардың аз болмағаны жалған емес-тi (қайсыбiрiн айтайық, ондайлар басқа салада да жеткiлiктi болатын, бiрақ, бiз бiрiншi секретарьларды ғана сөз етiп отырмыз). Кейбiрiнiң аты-жөнi де есте. Көршiлес ауданды көркейтiп, айрықша табыстарға жеткергенi үшiн Социалистiк Еңбек Ерi атанып, ХIХ съезге делегат болған, Сталиннiң шапағатына бөленген бiрiншi секретарьдың қомағай әйелiнiң кесiрiнен бәрiнен айрылып, шаң қапқанындай мысалдар толып жатыр.

Олар өзгелерге сабақ та болған шығар, бәлкiм. Тек Ұлтекең, Ұлтубай Бейсембаевқа емес. Ұлтекеңнiң онсыз да ала жiптi аттамайтын тазалық, дегдарлығы әр сөз, әр қадам, iс-қимылынан байқалып, сезiлiп тұратын. Өз басым оны пленум, сессия, әлдебiр жиналыс, көпшiлiк шаралар өтетiн орталарда – онда да сырттай, алыстан – көрiп жүрсем де, солай деп толық сенiммен айта алар едiм. Кескiн-кейпi нағыз партия жетекшiсiнен аумайтын оның үнемi сәл жымиған секiлдi боп жүретiн тұрпатынан жан дүниесiнiң бай, iшкi мәдениетiнiң жоғарылығы көрiнiп тұратын. Әрдайым да! Әрқашан да!

Мына бiр жайды да айта кеткен артық емес. Сол шақтарда қазағы қалың оңтүстiктегi  Сарыағаш ауданында 6 совхоз, 5 колхоз болды. Облысты бiрiнен соң бiрi орыс ұлтының өкiлдерi басқарғандықтан ба, кiл қазақтар тұратын 6 совхоздың бәрiнiң директоры орыс («Қожатоғай» – М.Е.Бредихин, «Сырдария» – Е.Н.Кикоть, «Дарбаза» – В.Кузнецов, «Карл Маркс» – П.П.Пупашенко, «Жемiс-жидек» – П.А.Андронов, «Қапланбек» – А.Бабаян), 5 колхоздың да екеуiнiң председателi орыс («Тельман» – С.Н.Котенко, «Ленин» – В.П.Кузьмин) едi. Үш колхоздың председателi ғана қазақ болатын. Көрдiңiз бе, басынудың түрiн?! Шымкент облыстық партия комитетiндегi 5 секретарьдың 2-еуi ғана қазақ, бөлiм меңгерушiлерiнiң басым көбi орыс болған соң, солай болмай қайтушi едi? Ендеше, аудандағы кадр мәселесiн оңдауға Ұлтекеңнiң шамасы қайдан жетсiн?

Әйтсе де, өз биiгiнен төмендемеген Ұлтекең бiр-екi жылдан соң Түркiстан аупарткомына бiрiншi секретарь боп ауысты. Орнына С.Бегiмбетов дейтiн ұлтжанды қазақ келдi. Ұлтжандылығының арқасында көп тұрақтамай, ауысып кеттi (бiр үлкен жиында орыс басшыларға «сендер қайда жүрсiңдер, шаңыраққа қараңдар» дегенiн көзбен көрiп, құлақпен естiгенбiз, ал, олар қазақ тiлiн бiлетiн, қажет болса, сөйлей де алатын, Бегiмбетов сол жолы бәрiн қазақша сайратқан-ды).

Уақыт өтiп жатты. 1964 жылы сәуiр айында Алматыға қоныс аударып, «Мәдениет және тұрмыс» журналында iстеп жүргенмiн. 1970 жылдардың басы ма екен, сол шақтардың бiрiнде жұмыстан қайтқан кешкi мезгiлде қазiргi ЦУМ-ның алдында күтпеген жерден Ұлтекеңмен жолығып қалдым. Бiрден таныдым. Баяғы қалпы, орта бойлы, дембелше, жоғары қайырған қалың шашы бурыл тартқаны болмаса, қарттықтың титтей де нышаны жоқ. Шуақ шаша күлiм қағады. О, тоба, мен есiмдi жиғанша: «Сәлеметсiң бе?» – деп аты-жөнiмдi атап, сәлем берсiн. Мен де қол берiп амандастым. Аты-жөнiмдi айтқанына аң-таңмын. Қалай ұмытпаған? Жо-жоқ, ұмытпаған деу артық. Сол Сарыағашта жүргенде, тым болмаса, бетпе-бет әңгiмелесiп, сөйлессек екен. Дәмдес болуды атама. Ол өте ұқыпты, бiлетiндi бiлiп жүредi деген рас болғаны ма? Солай. Әйтпесе, мұндай үлкен адам мен сияқтыларды неғылсын деп қарамаушы ма едiк. Сол кезде де, қазiр де.

– Ал, жағдай қалай? – дедi iзiнше жұмсақ үнмен.

– Жаман емес, – деп, басқа сұрақтарына да жауап берiп жатырмын.

– Мен пенсияға шығып, осында келдiм. Ендi бiз де, бұйырса, алматылық боламыз. Пәтер мәселесiмен жүрмiн. Әзiрше «Жетiсуда» тұрып жатырмын, – дедi жолдың арғы бетiндегi қонақүй жақты меңзеп.

Сонда ғана Түркiстан аупарткомының бiрiншi секретары қызметiнен босағаны жайлы жуырда газеттен оқығаным есiме түстi. Мән беретiн не бар. Түссе түскен шығар деп қоя салсам керек. Алайда, сол кездерде аупарткомның бiрiншi секретарьларына зейнетке шыққан соң, өздерi қаласа, Алматыдан пәтер беретiн тәртiп болған. Демек, Ұлтекең сол бойынша келген боп тұр.

Содан көп ұзамай Коммунист проспектiсiнiң бойымен төмен қарай келе жатқанда, «Алматы» ресторанының алдындағы скамейкалардың бiрiнде жападан-жалғыз отырған Сарыағаш аудандық сотының бұрынғы төрағасы Ұлықбек Мұхаметжановты көрiп, бұрылып сәлем бердiм. «Бұрынғы» дейтiнiм, бұл кезде оның да зейнеткер екенiнен хабарым бар-тын. Ұлықбек Семей облысы, Абай ауданының тумасы. Әйелi Мәкендi Абайдың баласы Тұрағұлдың қызы десетiн Ұлықбектiң бiлiм дәрежесi қандай екенiн қайдам, бiрақ, сауатты, алғыр, сонау отызыншы жылдарда байдың қызына үйлендi деген себеппен бiраз уақыт абақтыға қамалып, етi тiрiлiгiнiң арқасында құтылып шыққан бойда оңтүстiкке келiп бас сауғалаған байырғы заңгер болатын. Сарыағашта аздап араласқанбыз. 1929 жылы Үржарда прокурор боп iстегенi, үкiмет тапсырмасымен барған Сәкен Сейфуллинмен он шақты күн бiрге жүргенi туралы айтқандарын деректi әңгiме етiп, «Жалын» альманағына жариялағанымда, телефон соғып хабарласқан-ды. Әдебиетке жақын болатын. Сарыағашта жүргенде Төлеген Айбергенов екеумiзге Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерiн оңашада жатқа оқитын да, жазып алайық дегенге көнбейтiн. Қайта: «Менен естiгендерiңдi ешкiмге айтпаңдар» – деп шегелейтiн. Мұхтар Әуезов Сарыағашқа барғанда Лұқаңның үйiне түсiп, сол жерден аттанатын.

Мiне, қазiр сол Лұқанмен кездесiп тұрмын.

Аман-саулықтан соң ол бiрден:

– Ұлтубайды күтiп отырмын, – дедi. – Әлгiнде хабарласып, осы жерде кездесетiн болғанбыз. Сен де жүр, рестораннан шай-пай iшейiк, – деп жылы ықылас бiлдiрдi.

Сөйткенше, Ұлтекең де келе қалды. Ол кiсiмен де сәлемдесiп, үй алдыңыз ба дегендей еттiм.

– Болмай жатыр, бiрақ, болады, – дедi Ұлтекең. – Бiр үйдi ұсынып едi, ұнамаған соң алмадым.

– Одан да неге жекеменшiк үй сатып алып, емiн-еркiн тұрмайсыз? – дейiн тирақсынып (соған осы күнге дейiн өкiнемiн).

– Оған шама қайда? – дедi Ұлтекең күлiмсiрей сөйлеп.

Түркiстаннан байлыққа белшеден батып келдi деп ойлайтын аңғалдыққа не шара, иланған жоқпын. Жай сөз деген пиғылмен қоштастым да, кете бардым. Лұқаңның шай-суына бармау себебiм, бiрiншi, шаруа тығыз болса, екiншi, ескi достар оңаша сырласып, сөйлесуiн құп көрдiм.

Қайран Лұқаң, Ұлықбектi содан кейiн көрген жоқпын. Ол жол апатынан қайтыс болған соң Алматыға қоныс аударған зайыбы Мәкен апаймен бiр-екi рет ұшырастық. Бiрақ қартайып, денсаулығы төмен болғандықтан, жөндеп сөйлесе алмадық.

Ал, Ұлтекеңмен ара-тұра Алматының о жер, бұ жерiнде кездесiп, әңгiмелесiп жүрдiк. Бiр жолы қақаған аязда көшенiң қақ ортасында үш сағат тiкеден тiк тұрып сөйлескенiмiз есте. Сонда ол шаршамай, мен шаршап, суыққа тоңып, қалтырап-дiрiлдесем де, сыр бермеуге тырыстым. Ұлтекеңе салса, солай тұра беруге құмбыл едi.

1974 жылы жазда кабинетiме күтпеген жерден Шымкенттегi «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң редакторы Әдiлбай Омаров кiрiп келдi де: «Жүр, бiр үйде шай қайнап, ет асылып, әзiр тұр. Сонда барып түстенемiз», – десiн әй-шай жоқ. Сағатқа қарасам, 12-ден ауған екен, мейлi деп, Әдекеңмен бiрге «Юбилейный» дүкенiнiң үстiндегi (Нұрғиса Тiлендиев, Шота Уәлихановтар тұратын) үйге бардық. Сөйтсем, Әдекең қызық жасағысы келдi ме, менiң де сұрау ойыма келмептi, барған үйiмiз кәдiмгi Ұлтекең, Ұлтубай Бейсембаевтың құтхана-мешiтi боп шықты. Екеуi арқа-жарқа амандасып, бiрден дастарханға отырдық. Әдекең мен Ұлтекең Луговой ауданында туып-өскен, жастары қатар құрдастар екен. Әзiл-қалжыңның небiр көкесi айтылып та, тығыны ашылған ақ қайнардай атылып та жатыр. Ұлтекең ондайға онша емес пе, қайдам, тiзгiн Әдекеңде. Ұлтекең мен татар әйелiн бұрыштан-бұрышқа тықсырып отырды.

– Мана Әдiлбай түсте барамын деген соң, сенi ерте кел, үй көрсiн деген едiм, келгенiң жақсы болды, – дедi Ұлтекең маған.

Пәтерi үш не төрт бөлмелiге ұқсайды. Көзге түсердей бұйым жоқ, мұнтаздай таза бөлмеде көне телевизор, радиоқабылдағыш, сөрелерi кiтапқа толы ескi шкаф, олар тұрмақ, ас iшетiн стол мен қақиған орындықтар да сонау қырқыншы жылдардың «көзi» екенi көрiнiп тұр. Терезеге арзан ақ сұрып матадан тiгiп, жиектерiн қызыл жiппен (қолмен) кестелеген перделер iлiнген. Мәссаған! Мiне, өмiрбақи бiрiншi болған адамның тұрмыс-халi. Сонау жолы Ұлықбек Мұхаметжановпен бiрге жолыққанда Ұлтекеңе айтқан асылық сөздерiм есiме түсiп, бетiмнен отым шықсын. Қап десе. Ау, бұл өзi жоқта үйiне үш жүз сом әкеп тастаған колхоз бастығына ақшасын қолма-қол әйелi мен шоферi арқылы қайтарып жiберген Ұлтекең емес пе ? «Аңғал бейбақ, ендi иландың ба?» – дегендей болады iшiмнен әлдекiм.

Қайран өмiр! Сол замандарда кейбiрi өздерi, кейбiрi ашкөз, сұғанақ («бiрегей») әйелдерiнiң кесiрiнен үлкен лауазымнан айырылған аупартком бiрiншiлерi көп болмағанмен, аз да емес-тi (бiразының аты-жөнi есте дедiк қой. Сол аупартком бiрiншiлерiнен Ұлтекеңдi айттық, жетер. Ғұмырлық ұстанымнан айнымаған Ұлтекеңе ұқсас облпартком бiрiншiлерiнен де бiлетiндерiмiз жоқ емес-тi. Солардың бiреуi жөнiнде қысқаша айта кеткен  артық болмас деймiз.

Жамбыл, Талдықорған облыстық партия комитеттерiнiң бiрiншi секретары болған, батыс аймағының тумасы Шолақ (Нысанбай) Артығалиевпен ептеген жекжаттық қатынасымыз болған едi. Екi сөзiнiң бiрiнде жартымды бiлiмiм жоқ дей беретiн ол да барынша қарапайым, тектi, әдiл адам болатын. Шолақ аға Жамбыл облпарткомында бiрiншi боп жүргенде облыстық комсомол комитетiнiң бiрiншi секретарьлығына өз қолымен сайлаған Асанбай Асқаров кейiн Алматы облпарткомына бiрiншi болғанда, Талдықорған облпарткомының бiрiншiлiгiнен әлдебiр себеппен босаған ұстазын дереу өзi басқаратын облысқа шақырып, облыстық кәсiподақтар советiнiң тiзгiнiн  ұстатты, бюро мүшесi еттi. Зейнет жасындағы Шолақ Артығалиұлы оны  ештеңеге иланбайтын, түлкiлiкпен қақталған ақылдылардай емес, ақ сүт емген шәкiртiнiң риясыз құрметi деп қабылдады, iшкi есептiң иiстенген иiрiмi деу қаперiне кiрген жоқ.

Әне, сол Шолақ аға да Талдықорғанда бiрiншi боп жүргенде бiр жағымпаз үйiне өзi жоқта сойып әкеп тастап кеткен ту биенiң тұтас етiн басқа емес, жеңгемiздiң өзiне керi апарғызып тастағаны жайлы талай естiгенбiз. Ол туралы бiзбен дос боп кеткен тұңғыш ұлы Қайырдан бастап, бүкiл тума-туыс, таныс-бiлiстердiң бәрi айтатын. «Бұл сүйткен», – деп, тiптi, аузы батыр, адуынды жеңгемiз де жасырмайтын. Есесiне, киер киiм, iшер астан тапшылық көрмеген олардың «Юбилейный» дүкенiнiң үстiндегi төрт бөлмесiнен де сол баяғы қырқыншы жылдардың стол, орындықтарын, терезе жиектерiн қолмен кестелеп iлген арзанқол ақ сұрып перделердi көретiнбiз. Қандай ұқсастық! Қандай адамдар! Ұлтубай, Шолақ екеуi де айналаға у таратып, әкесiнiң мүрдесi жатқан мекендi бөтенсiп көкитiн көкезулердей емес, рушылдық, жершiлдiк, жұртты алалаудан аулақ, табиғи жаратылыс иелерi едi-ау, шiркiндер. Шолақ пен Ұлтубай зәулiм үйдiң екеуi екi жағында тұрды, бiр-бiрiн бiлдi ме, жоқ па, ол жағынан құмдаумыз. Бiрақ, екеуiнiң өмiр жолдары ұқсас, үйлерiндегi «бiрегейлерiнiң» болуы бек мүмкiн ашкөздiктерiнен құдай сақтаған (тектiлер едi).

Бүгiнде екi арыс та о дүниелiк. Ұрпақтары өсiп-өнуде. Өздерi таңдаған жолда айшықты iздерi қалған марқұмдардың имандары саламат болсын. Болсаң, кешегi өткен солардай бол. Болмасаң, ерiк өзiңде.  Бүгiнгi әкiмқара құлқын құлдарына басқа айтар дәнеңе жоқ.

Зәкiр АСАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *