Жасанды кірпік жасатасыз ба?..

Қазіргі кезде елімізде сұлулық индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын байқап жүрміз. Өйткені, бүгінде сұлулық салонынан  шықпайтын қыздардың қатары жылдам көбейіп барады. Шынын айтқанда, олардың көпшілігі кірпік жалғатып, тырнақтарын әрлетіп, беттерін боятудың астарында қандай қауіп барын да білмейтіні жасырын емес. Соған орай «сұлулық үшін жан пидалап жүргенде, кірпігіңіз биттеп кетпесін», деп хабарлайды Skіfnews.kz ақпарат порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Әрине, қазір көпшілік қыздардың әдемі болғысы келетіні жасырын емес. Бұл ретте көп замандасынан көрікті болуға ұмтылған сол арулардың дені сұлулықты жасанды­лықтан іздейтіні де шындық. Сондықтан да әлеуметтік желілер арқылы өз ісінің хас шеберлерін іздеп, оларды арзан бағаға жасат­қысы келетін нәзік жандылардың қарасы көбеймесе, тіптен азаяр емес. Бірақ олардың көбі сұлулыққа ұмтыламын деп жүріп, қалай тері ауруларына ұшырағанын сезінбейтіні де рас. Мысалы, арзан ақшаға педикюр жасатып, ауруханадан бір-ақ шыққан Мария деген сұлу қыз өзі үнемі баратын тырнақ сәндегіш мамандардан қатты қорқып қалған секілді. Себебі, интернет арқылы іздеп тапқан шебердің кесірінен ол саусағынан айырылып қала жаздапты.

Осыған байланысты Мария Құрасқызы: «Тырнағымды ретке келтірудің орнына, тырнақ жасаушы шебер оны жартылай кесіп алды. Артынша, ақшамның жартысын қайтарып жатып «тырнағыңыз енді біраз уақыттан кейін қайта қалпына келеді»  деп сендіруге тырысып бақты. Бірақ екінші аяғымның саусақтары іріңдеп, әбден мазамды қашырды. Содан көп өтпей мен  өзім тұратын ықшамаудандағы өзге салонға бардым. Алайда, олар мені қабылдаудан бірден бас тартты!», – деді жыламсырай сөйлеп.

Сұлулықпен айналысатын мамандардың айтуынша, қазіргі таңда үй жағдайында қызмет көрсететін шеберлер аз емес көрінеді. Дегенмен, олардың көбі сұлулық жұмысын өз бетімен үйренгендер екен. Сондықтан да мұндай сұлулық салондарында санитарлық талаптар мүлде сақталмауы мүмкін. Ал енді сапасыз жұмыс істейтін шеберлерге асыққан­дардың көбісі әлі күнге өз денсаулығына қаншалықты зиян келгенін дәлелдей алмай сабыла дал болып жүр. Мысалы, тырнақ шебері Әсел Сарина: «Біздегі құрал-сай­мандар жәй сөрелерде емес, арнайы түрлі бактериядан тазартатын стерилизаторда тұрады. Жуырда маған бір бойжеткен келді. Шыны керек, оның тырнағының үлгісі өте әдемі болатын. Тек маған дейінгі сұлулық шебері  оның саусақтарын зақымдап алған екен. Соның салдарынан енді оның тесілген жері өмір бақи солай қалатын болды. Әрине, қазір артық жасатамын деп тыртық жасатқан мұндай жапа шеккендер өте көп», – дейді.

Сонымен қатар, бүгінде жасанды кірпіксіз күн көре алмайтын арулар көбейген. Бұл ретте кірпіктер сырт көзге әдемі болып көрін­генімен, нағыз биттердің шоғырланатын жері дәл сол жасанды кірпіктер екен. Осы орайда, кірпік жабыстыру шебері Марина Кудря­цева: «Шынымызды айтқанда, кірпікте де биттер болады. Біле білсеңіздер, қазір кейбір өз ісінің нағыз шеберлері тіпті құрал-саймандарын жуып-тазаламайды да екен. Соның салдарынан бұл жерге түрлі бактерия­лар үйірсек келетін көрінеді. Ал егер кірпікті немесе шашты биті бар тарақпен тараса болды, ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты», – дейді.

Жасыратыны жоқ, елімізде соңғы кезде сұлулық индустриясы қарқынды дамып келе жатыр. Олай дейтіні, аяқ алып жүрген жерің­нің бәрінде самсаған сұлулық салондары болды. Тіпті, қазіргі таңда олар жертөле­лерде, үйдің ішінде және бизнес орталық­тарында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап ашылып жатыр. Мысалы, бүгінде республика бойынша жалпы саны бес жарым мыңға жуық шаштараз бен сұлулық салоны тіркелген екен. Оның мыңға жуығы бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Соңғы 9 ай ішінде сұлулық салондарына қатысты 14 шағым келіп түскен. Жүргізілген тексерістер нәтижесіне сәйкес, бұл салондардың жарты­сынан көбі санитарлық талаптарға сай болмай шыққан. Сондықтан да Инфекциялық емес  аурулар профилактикасы және объектілерді бақылау басқармасының басшысы Марал Рақымжанова: «Қазір санитарлық талаптарды орындамағаны үшін төленетін айыппұлдың құны екі есеге өскен. Бұл ретте тиісті талаптар екінші рет бұзылса, онда олардың сомасы үстіне тағы қосылып отырады. Сондықтан қыз-келіншектерге айтар басты кеңесім, барған жеріңізден міндетті түрде тауар чегін талап етіңіз. Өйткені, ол сіздің негізгі айғағы­ңыз болып табылады», – деп атап айтты.

Егер де сұлулық салондарының құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсеті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне хабарласқан жөн. Ал көрсетілген қызметтер көңіліңізден шықпаса, онда Тұтынушылардың құқығын қорғайтын комитетке шағымдансаңыз болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *