Жасай бер, бас қала – ажарлы Астана!

 

…Енді бір жиырма күннен кейін 20 жылдығы дүбірлеп атап өтілгелі отырған бас қаламыз Астананы ауызға алған кезде санаға түрлі ойлар келеді. Әрине, тарих үшін 20 жыл деген көзді ашып-жұмғандай қас-қағым уақыт десек те, ата-бабамыз ғұмыр бойы аңсаған Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген ширек ғасырдай кезеңде бұл әр күні мен түні мән-мағынаға толы жылдар болғанына дау жоқ. Өйткені, бұдан 20 жыл бұрын еліміз ат басын Арқаға бұрып, ұлы көшіміз басталғанда дүдәмал ойда болғандар қазір таңырқай, тамсана қарауда. Сосын астана­мыз Алатау етегіндегі  әсем қала Алматыдан ауысарда қарсы болып, өре түрекелгендер қазір бұл бастама­ның дұрыстығына көздері жеткен. Соның белгісі, тіпті, олардың дені жаңа астана­ның келешегіне үлкен сеніммен қарап, ұлы даламыздың тура төсіндегі Сарыарқаға арман қуа үдере көшкен еді.

Сөйтіп, бұған дейін облыс орталығы болған кіп-кішкентай Целиноград қаласы Астана шаһары атанған соң оның тұр­ғындары аз уақытта еселеп өсіп, бас қаланың халқы 1 миллионнан асты. Сонымен қатар, жер иесі – қазақтардың алатын үлесі ұл­ғайып, мемлекет­тік тілдің мәрте­бесі аспандап, ұлы дала төсінде қазіргі заманға лайық әсем қала  берік қалыптаса бастады.

Әрине, елдің геосаяси жағ­дайына қарасақ, мұның бәрі үнсіз келісе кететін маңызды жәйттер. Одан қалды Астана – ел ордамыз атанған соң-ақ, тың игеру кезінде  жабылып қалған 700-дей қазақ мектептері қайта қалпына кел­тіріліп, оның үстіне жаңа үлгідегі Еуразия университеті, Назарбаев Университеті, Өнер Академиясы секілді көптеген жоғары оқу орындары  еліміздің болашағына қажетті мамандар дайындауға білек сыбана кірісті. Сөйтіп, аз уақытта Астана қаласы  әлемдегі әсем  де әдемі 30 шаһардың қатарына ілікті. Әрі бұл қала қасиетті қазақтың ортасына туын тігіп, сұлу Есілдің екі жағында құлашын кеңге жайып, күннен-күнге өсіп, өркендеп келеді. Содан болар, соңғы кезде Бүкіләлемдік қазақтар қауым­дастығының  құрылтайлары  бар қазақтың рухына айналған осы қалада өтетін болып жүр. Сондай-ақ, мұнда ОБСЕ саммиті, әлемдік діни конфессиялар съездері ұдайы өткізіліп келеді.

Міне, осындай жетістіктерін көріп Астанамызбен мақтанамыз, марқаямыз! Енді 30 жылдан соң Астананың елу жылдығын тойлау барысында барынша кемелденген, өсіп-өркендеген Тәуелсіз елдің жас Астанасын көреміз деген ниеттеміз!

 

Байғали ӘБДӘЛІҰЛЫ,

«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының кеңесшісі.      

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *