ЖАСӨСПIРIМДЕРДI ЖАМАН ӘДЕТТЕН САҚТАУ – ЕРЕСЕКТЕРДIҢ МIНДЕТI

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Алматы қалалық Салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы мен «Жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау орталығы» қоғамдық қоры бiрлесе отырып өткiзген «Жасөспiрiмдер арасында шылым шегудiң алдын алу және спортқа баулу» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел ересектерге жасөспiрiмдердi жаман әдет- дағдылардан сақтандыра жүру мiндетiн жүктедi. Орталықта өткен дөңгелек үстел басындағы әңгiменi «Азамат» жастар денсаулық орталығының психологы Әсел Өмiрбекова үйлестiрдi.Ұлы Абай данамыздың сөзiне жүгiнсек, бала ес бiлiп, төңiрегiн тани бастаған сәтiнен бастап әрнәрсеге елiктегiш, алаң көңiл болады. Қолына түскен нәрсенiң дәмiн татып көргiсi келiп тұрады. Жассөпiрiм кезеңде бұл әуестiк сезiмi тiптi үдей түсетiн көрiнедi.

– Мiне, осы кезеңнен баланы жаман әдет-дағдыға ұрындырмай өткiзiп алсақ, ары қарай жақсы-жаманды өздерi-ақ ажырата алатын жасқа жетiп қалады, – дейдi психолог-мамандар.

Алматы қалалық Салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығында бас қосқан Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорының мүшелерi, Есiрткi бизнесiне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерi және аудандардағы балалар мен жасөспiрiмдерге арналған демалыс орталықтарының жетекшiлерi, қалалық емханалар жанындағы салауатты өмiр салты кабинеттерiнiң меңгерушiлерi де жасөспiрiмдердi шылым шегiп, есiрткi қолданудан сақтау отбасынан, сонан соң ес бiлiп, ержеткiзер ауласынан басталарын тiлге тиек етiп, бала тәрбиесiне тек бiр отбасы ғана емес, қоғам болып атсалысу қажеттiлiгiн айтты. Қаламыздағы ең жас шылымқордың жасы бесте, ал нашақорымыздың жасы сегiз жаста көрiнедi. Бұл – әрине, бүгiнгi қоғам үшiн алаңдатарлық мәселе екенi даусыз. Ол үшiн не iстеуге болады? – деген сауалға дөңгелек үстел басындағылар отбасы, мектеп, аула тәрбиесiн жандандырып, салауатты өмiр сүру қағидаларын көбiрек насихаттау керек деген пiкiрге тоқталды. Теледидар арқылы атыс-шабыс, кiсi өлтiру секiлдi қаныпезерлiкке тәрбиелейтiн кинолардың көрсетiлуiне тыйым салыну керек. Оның орнына әлеуметтiк маңызы бар бейнетаспалар көрсетiлсе деген ұсыныстарын ортаға салды.

«Жетiсу» демалыс орталығының жетекшiсi А.Орысбаева, «Болашақ» демалыс орталығының жетекшiсi А.Шалғымбаева, «Бәйтерек» демалыс орталығының жетекшiсi Г.Мырзахметова, №10 емхананың салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығының дәрiгерi М.Бапиевалардың пiкiрi дөңгелек үстел басына жиналғандардың көңiлiнен шықты.

Демалыс орталықтары арасында темекiмен күрес қалай жүргiзiледi? – деген сауал төңiрегiндегi пiкiрталас қызу болды.

– Орталыққа келген балалар мен жасөспiрiмдерге темекiнiң зияны жөнiнде қаншама әңгiме айтып, оларға үрейлерiн ұшыратын фильм көрсеткенмен, отбасында әкесi, ағасы, тiптi шешесiнiң темекi тартып жүргенiн көрген бала сескене қоймайды. Ойлануы мүмкiн, бiрақ, оның өмiрiне зиян екендiгiне сене қоймайды. Сол үшiн темекiмен күрес, жасы он сегiзге толмаған жасөспiрiмдерге темекi өнiмдерiн сатпау жөнiндегi заңның орындалуын қадағалау отбасынан басталуы тиiс, – дейдi балалар демалыс орталығының жетекшiлерi.

Шынында, мектепте оқитын баласын темекiге жұмсайтын әке баласына «Балам, темекi тартпа, ол денсаулығыңа зиян» деп айта алмаса керек.

Мұндайда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң» деген сөз ойға оралады. Демек, отбасында iргесi қаланбаған тәрбиенi қалпына келтiру мүмкiн емес. Ал бесiгi мықты тәрбиеге қоршаған орта көп әсер ете қоймасы анық.

Дөңгелек үстел басындағы әңгiменi Алматы қалалық Салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлсара Сүлейменова түйiндеп, демалыс орталығының жетекшiлерiне орталық жанынан шығарылған «Темекi шегу туралы сөйлесейiк», «Жасөспiрiм және темекi» атты кiтапшалар, темекiнiң адам денсаулығына зияндығын әшкерелейтiн плакаттар және арнайы түсiрiлген бейнетаспалар бердi. Мұндай басқосудың пайдалы екендiгiн байқаған жетекшiлер көшпелi «дөңгелек үстел», кездесулер ұйымдастыру туралы ұсыныс бiлдiрдi. Дөңгелек үстелдi ұйымдастырушылар бұл ұсынысты өз жұмыс дәптерлерiне жазып алды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *