ЖАСӨСПІРІМ БАЛАҢЫЗДЫҢ МІНЕЗІ ҚАНДАЙ?

Жақында бір құрбыммен телефонмен сөйлесіп отырып, біраз шаруаны сол жерде тындырып тастадық. Сөйтсем, жаңа жобамен айналысып жатыр екен. Психологпен бірге жұмыс істейтін көрінеді. Бұрыннан психологияны қызықтап оқитындықтан, әңгімеміз жараса кетті. Сонымен не керек, құрбыма көмектесетін болып, жасөспірім баласы бар біраз аналармен сөйлесуге уәде бердім.

Қызық осы жерден басталды. Неге десеңіз, жасөспірімдердің өзі тұнып тұрған бір әлем. «Ой, ол әлі мектеп оқушысы ғой» деп менсінбей жатамыз ғой. Содан жасөспірім мен ата-ананың арасында түсінбеушіліктер басталады. Өйткені, психологқа жүгінетін ата-аналар бүгінде баршылық екен. Сонымен, бүгінгі жасөспірімдердің мінезі қандай? Бұл кезеңді өзіңіз қалай өткізген едіңіз деп бірнеше анаға сауал қойып, жауабын жазып алған едік.

Гүлжан РАХМАНБЕКОВА,

алматылық тұрғын:

 

–       Сейфуллин-Жансүгіров көше­сінің қиылысында тұрамыз. 13 және 15 жастағы ұлдарым бар. Балаларыммен әзірге түсін­беушілік болып жатқан жоқ. Бірақ қазіргі жасөспірімдер біздің кездегідей емес. Бізге кезінде әке-шешеміз не үйдегі үлкендер болсын «жаным, күнім, ананы сөйте ғой, бүйте ғой, иә» десе болды, жүгіріп кететін едік қой. Менің балаларым естіп отырса да, ұшып тұрмайды. Естімеген адамдай отыра береді. Екінші рет айтқанда барып, кімнің аты бірінші аталды соған қарайды. Біз үйдің үлкендерін бірінші жұмсап, үйреніп қалғанбыз. Негізі, кішілерін жұмсау керек екен. «Сен бар, мен бар» деп екеуі өзара қыр­қысып жатады бала болған соң. Мүмкін, ұлда­рымдағы өтпелі кезең енді басталатын шығар. Басқа отбасылар­дағыдай алып бара жатқан әзірге проблема жоқ, шүкір.

 

Кенже ИМАНХАН,

көпбалалы ана, дәрігер:

 

–       Үлкен балам Аян 14-те. Бокспен айналысады. Аса қатты түсінбеушілік болмайды. Бірақ әр баланың өз «Мені» бар. Қалжыңбас, ақырын дауыс көтеріп, ұрса бастасаң адамды күлдіріп, қалжың­дайды да сөзді бұрып жібереді. Тамақты жақсы істейді. Жаз мезгілі болған соң тойхана­ларға шығып, той болған кездері даяшы болып істеп жүр. Тапқан ақша­сын өз еңбегім деп өзі жұмсайды. Кейде «балам, сенің тамағың дәмді, бүгін сен тамақ жасашы» десек, қанша төлей­сіздер деп қалжыңдайды. Бір күні баға­сын өзінен сұрадым. Өз еңбегін қаншаға бағалайды екен деген ойым. Содан арасында өзінің айтқан бағасының 50 пайызын береміз. Баламдағы бұл мінез өте жақсы қасиет. Адам өзінің құнын, бағасын білуі тиіс. Біздің кезімізде жас­өспірімдер мұндай әңгіме айта алмайтын едік қой әке-шешемізге. Қазіргі бала­лар­дың ақыл-есі ерте дамуда. Олар өзде­ріне не керек екенін біледі. Өздері­нің қалауы бар. Кейде бренд фирма­лардың киімі мен қымбат телефон ұстағысы келеді. Қатарынан көріп жүр, себебі. Біз елден қалдырмай жақсысын әперуге тырысамыз. Дегенмен, төлеп отырған кредитіміз бар деп түсіндіруге тырысамыз, бірақ кейде әңгіме осы жерден шығады. Байқағаным, бала­лардың ойлауы басқа деңгейде. Өзіміз әке-шешенің дегенімен өскен ұрпақпыз. Мүмкін, біздің ойлауымыз олардың ойлауымен сәйкеспей жатқан шығар.

 

Гүлнаш АСХАТҚЫЗЫ,

PhD doctor, көпбалалы ана:

 

–       Қазіргі жасөспірімдер мен біздің кездегі жасөспірімді салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі, біздің балалар жоғары технология дамыған жаһандану заманында өсіп жатыр. Біз бәріміз ауыл­да өскен баламыз. Ата-ананың айтқанын дұрыс деп санайтын, «үлкенді тыңдау керек» деген қағидамен олардың айтқаны дұрыс болсын, бұрыс болсын біз тыңдап өстік. Үлкендер­дің айтқаны біз үшін заң болатын. Ал бүгінгі бала­лардың, жасөспірімдердің ой-пкірімен санаспау мүмкін емес. Оған мынау интернет пен телеарнаның да қосып жатқан «үлесі» бар. Менің балаларым Жұбанов атындағы музыкалық мектеп­те оқып жүр. Әпке-сіңлі, туған-туыс­тардың балаларымен салыстырсам, мақтағаным емес, музыкалық мектептің балалары нәзік, сезімтал, кішкентайы­нан сахнада жүрген­дік­тен бе өте ұстамды, мәдениетті келеді. Бұл мінезін олардың өз ортасынан да көрдім. Жас­өспірімнің мінезін үйдегі әке-шешенің қарым-қатынасы, еңбекқорлығы да тәрбиелейді екен. Біз әкесі екеуміз төрт баланың қамымен азаннан кетіп, кешке үйге кіріп жатамыз. Байқасам, олар да біздің бір жағымызға шығысып тұруды ойлайды. Нұржан мен Ару-ай қазір жасөспірім шақта. Ұл мен қыздың мінезі екі түрлі болады екен. Кейде әуелі өзімізге «мынаны былай істейік» деп ақыл айтқан­да, ұялып қаламыз. Соңғы кездері үлкен балам Нұржанмен ақыл­дасып, оның пікірін сұрап жүрміз. Мүмкін, баламызға деген сенімнің жоғарылығы шығар. Жақында оны ертіп алып, «қатарыңнан қалма, саған іPhone алып берейін десем, «мама, сол ақшаны одан да саналы нәрсеге жұмсайық та» дегенде өзім таңғалып қалдым. Қазіргі балалар өзімізден ақылды. Ал Ару-ай қызым сәнқойлау. Әдемі киінгісі келіп тұрады. Бірақ айтқаныңды үйде тиянақ­ты істеп қояды.

 

Ақгүл ОРЫНБАСАРОВА,

визажист:

 

–       Үлкен қызым биыл мектеп бітірді. Екінші қызым Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге қосымшаға барып, дайындалып жүр. Қыздарымның мінезі екі түрлі. Үлкен қызым әдемі, сәнді киінгенді жақсы көреді. Қолына ақша ұстатып, базарға жіберсең, бәрін жаратып жібереді. Ал екіншісі ондай емес. Бәрін логикаға салып, ақылмен шешеді. Өзіне не керек екенін нақты біледі. Сабақ кезінде көрші­нің балала­рын мектепте жеткізіп салып, сол қызметі үшін аз-маз ақшасын алып тұрады. Біздің кезімізде мұндай жаста бәріміз бала едік қой. Ақша таппақ түгілі, оң-солымызды ажырата алмай жүрген кезіміз. Бүгінгі жасөспірімдер өте зерек, алғыр. Оны айтасыз, 3 жастағы баламен дүкенге барсаңыз, өзіне не керегін көрсетем деп қолыңнан сүйреп апарады. Бүгінгі ұрпақ негізі бақытты.

 

Сауалнаманы жүргізген –

Әсел ДАҒЖАН.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *