«Жас сахна» театры жаңа маусымның шымылдығын ашты

1837Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театрының жаңа маусымының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оған театрдың директоры және көркемдік жетекшісі Болат Шанин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сағызбай Қарабалин, Ирина Арнаутова, Юрий Цай тәрізді театрдың режиссерлары мен бірқатар БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында театрдың директоры және көркемдік жетекшісі Болат Шанин жиналған жұртшылыққа 2013 жылы 27 сәуірде ашылған өнер шаңырағының тарихынан сыр шертіп, театрдың актерлік құрамымен таныстырды. Кеште сөз алған театрдың режиссерлары өнер ордасын өркендету жолындағы жоспарларымен бөлісіп, жаңа маусымның репертуарына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, театр сахнасында қарияларға қатысты қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаған «Қос мұңлық» драмасы мен әнмен, бимен, күлкілі әзілмен көркемделген қызықты, тартыс- таласқа толы махаббат оқиғасына негізделген «Беу, қыздар-ай!» музыкалық комедиясынан үзінділер көрсетілді. Сахна төрінен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының студенттері мен түлектерінен құралған «Вravіssіmo» шығармашылық ұжымы дүниежүзіне әйгілі опералар мен мюзиклдеріндегі ең үздік арияларын орындап, кештің сәнін кіргізді. Театр актерларының құрамында Татьяна Рақышева, Қарлығаш Жакетаева, Нұржан Тұтов, Динара Әбікеева көрермендерге өз өнерлерін көрсетті.

Театрдың жаңа маусымының репертуары әр түрлі жанрды қамтыған, сондай-ақ кішкентай көрермендерге арналған спектакльдерден де құралған. Осы маусымда театр ұжымы пантомималардан бастап, би қойылымдары мен моноспектакльдерге дейін көптеген премьераларды өнерсүйер қауымның назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Жаңа маусым балаларға арналған «Сюрприз» атты спектакльмен және «Беу, қыздар-ай!» музыкалық комедиясымен ашылды. Өткен маусымда жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдаған француз драматургі Жан Жененің пьесасы бойынша қойылған «Служанки» драмасы биыл өз көрермендерін атақты актерлар құрамымен қуантпақ. Айнұр Ниязова мен Салтанат Науруз бастаған талантты актрисалардың қатарына биыл ҚР мәдениет қайраткері, белгілі актриса Венера Ниг­матулина қосылды. Қазақ және орыс тілдерінде дубляждалған спектакльдерден бөлек, бұл өнер ордасында қаламыздың ең үздік музы­канттарының классикалық және джаз әндерінің концерттерін өткізу дәстүрге айналған. Желтоқсан айында театр кішкентай көрермендерін Жаңа жылдық қойылымдармен қуант­пақшы.

Балнұр АХМЕТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *