Жарық сәуле сыйлаған

Адам баласы үшін деннің саулығына, он екі мүшенің амандығына не жетсін. Дегенімізбен, Жаратқанның жазуымен, болмаса аяқасты болатын жазатайым жазымдардың салдарынан түрлі жағдайларға тап болып жататынымыз бар.

 Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Аурудың қай түрі болсын, адамның жанын ауыртатыны белгілі, ал соның ішінде көздің көрмей қалуы, жанардың көру қабілетінің төмендеуі сияқты сырқаттың салмағы тым ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар, үлкендердің көбіне маңдайымдағы жарығымнан айыра көрме дегенді көбірек айтатыны, бірақ дәл қазіргі уақытта көз дәрігерлері жыл өткен сайын адамдардың көру қабілетінің төмендеп, көз ауруының түрлері көбейіп бара жатқандығын жиі айтады. Әсіресе, жас балалардың көру қабілетінің төмендеп бара жатқандығына қазақстандық офтальмологтар қатты алаңдаушылық білдіреді. Оның түрлі себептерін айта келіп, маман дәрігерлер балалардың ұялы телефон мен компьютерді көп қолдануының әсері дейді. Мәселен, бұрын катаракта деген ауру жасы ұлғайған адамдарда көбірек кездессе, қазір үш-төрт жастағы балалар арасында осы көз ауруына шалдығу жиілеп кеткен. Туабітті жанардың көру қабілетінің төмендеуі де соңғы жылдары тым жиілеп кеткен дерттердің бірі болып тұрған көрінеді. Осы мәселені жан-жақты зерттеп, осы бағытта жоспарлы жұмыс істеп келе жатқан медицина ғылымының кандидаты, экономика ғылымының докторы Мәдина Құралқызы Нұрмұхамет басқаратын Көз микрохирургия орталығы 1–8 тамыз аралығында Алматы қаласының тұрғындары үшін арнайы Ашық есік күнін ұйымдастырып, тегін тексеру жүргізді. 8 тамыз Халықаралық офтальмологтар күніне орай ұйымдас­тырылған бұл іс-шара барысында орталық қызметкерлері мыңға тарта адамның көзін тексеріп, тиісті көмек көрсетті. Осы тексеру барысында жедел хирургиялық көмек қажет болған зейнеткерлер мен балаларға тегін ота жасалды. Ашылғанына жиырма үш жылдан асқан бұл орталық жылына мыңға жуық адамға жарық сыйлап, көздерінің көру қабілеттерінің қалпына келуіне себепкер болып келе жатқан, білікті де білгір көз дәрігерлері топтасқан үлкен орталық. Мәдина Құралқызының қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсеновтің соғыс зардабынан семіп қалған жанарын қалпына келтіріп берген саусағы епті, көңілі көреген, білгір маман екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Ал Мәдина Нұрмұхаметтің Қалмақ Республикасының тұңғыш президенті К.Илюмжиновқа ота жасаған Ресейдің белгілі офтальмологі Святослав Федоровтың шәкірті екенін бізде осы апталық бары­сында естіп, білдік. Қалмақ ханы қазақтың дәрігер қызына маңдайдағы қос жұлды­зының тағдырын сеніп тапсырғаны біздің медицинаның әлемдік деңгейін көрсетсе керек. Әйтсе де, жаныңдағының қадірін білмейтін дағдымызбен денсаулық іздеп шет ел асып жататынымыз бар. Мықты дәрігерлер бізде де бар дегіміз келеді, шет елге барып ем алуды жөн көретін жандарға. Осындайда даналарымыздың «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөзі ойға оралады. Өзімізді-өзіміз қадір­легенге не жетсін, ал Құралдың Мәдинасы жетекші­лік ететін Көз орталығы көптің сол сені­міне лайық орталық. Орталық ұйым­дастырып отырған қайырымдылық акция­сының қала басшысының бастамасымен Алматы қаласының шет аудандарында тұратын тұрғындар үшін өткізіліп жатқан «Денсаулық айлығымен» орайлас келуі де құптарлық іс болды.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close