ЖАРТЫ ӘЛЕМНІҢ ОРТАҚ ДӘСТҮРІ

Тарихи тамыры ежелгі ғасырлардан таралған әз-Наурыз мейрамының ата салтын ардақ тұтқан түбі бір түркі халықтарының өміріндегі рухани маңызы мен тағылымы терең. Шуақты шаттыққа толы бұл мерекеде адамның жан-дүниесі де, айналадағы табиғат әлемі де әз-Наурыздың нұрымен арайланады. Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыздың нұрымен тіршіліктегі табиғат тамыры тірілген кезде кең-байтақ әлем әсемдіктің құшағында құлпыра түсетіндей. Жаңару мерекесі саналатын Наурыз мейрамы көңілдің кірін кетіріп, жүректі жібітіп, мейірімді молайтып, бауырмалдыққа баулып, жан-дүниесін тіршіліктің тозаңынан тазартады. Дала данышпандары болған бабаларымыз Жаңа жылда жан-дүниені рухани тазартып, өмірге жаңа құлшыныспен қадам басқан, ақ тілектерімен, ақ ниеттерімен бір-бірінің жүректерін жылытқан. Ізгіліктің нұры төгілетін әз-Наурыз мерекесі ел арасындағы бірлік, достық, татулық, ынтымақ тәрізді ізгі қасиеттерді нығайтып, жақсылықтың жолын кеңейте түсетін  мемлекеттік мереке. Ұлыстың ұлы тойы мәдени мұраларымызды ұлықтауға, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге құлшындырады. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы салт-дәстүрімізді одан сайын жандандыра түсіп, түбі бір түркі халықтарына ортақ дәстүрлерді дәріптеуге жаңаша жол ашып отырғанын атап өткеніміз абзал.

Балнұр АХМЕТ

Бірлікке баулып, ұлыстардың ұйы­суына ұйытқы болатын Наурыз мейрамы Қазақстан атты қасиетті шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақ, қырғыз, қарашай, құмық, өзбек,  түркімен, әзербайжан, тү­рік, күрд, тәжік, ноғай, татар, баш­құрт, шешен-ингуш тәрізді көптеген ұлт өкілдеріне ортақ мереке. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылында тұратын қарашай ұлтының өкілі, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Мәрзия Дәлішева тарихы терең Наурыз мей­рамының қарашай халқы үшін маз­мұны маңызды мереке екенін атап өтті.

– Адамның жүрегінде ізгі сезім­дерді ұялататын, адамгершілік асыл қасиеттерді діліне дарытатын әз-Нау­рыз тойын қарашай халқы да  қуа­ныш­пен, шаттықпен атап өтеді. Ұрпақ­қа ұлағаты мол, ғибраты терең бұл мейрам қарашай халқының өмі­рінде де ерекше рухани маңызды орын алады. Сан ғасырлардан бері ұрпақ­тан-ұрпаққа ұласып келе жатқан ұлы мереке бабалар салтын сақтап, даналар дәстүрін дәріптеуге үлкен ықпал ететін дәнекер. Қарашай халқы да тарихтан тағылым алып, өткен­дердің өнегесіне ізет білдіре құрметпен қарайды. Үйінің айналасын тазартып, Наурызға дайындалады. Ағайын-туыс пен көрші-қолаң бірін-бірі шуақты Наурыз мерекесімен құттықтап, бір дастархан басына жиналады. Наурыз мейрамына орай әр үйде бидай немесе жүгеріні бір қазан қылып қайнатады. Бұл мерекелік тағам «жырна» деп аталады. «Жаңа жыл құтты болсын! Хал­қымызда молшылық болсын! Жаңа жылда шаңырақтарың құт-бере­кеге толсын! Дастархандарың берекелі болсын, ырыс-несібе мол болсын!» деп ақ тілек айтып, Жырнаны айналадағы көршілерге, ағайын-туысқа тарату ежелден әдемі дәстүрге айналған. Осылайша Наурыз мейрамына арнайы әр үйде пісіріліп, таратылатын Жырна деген тағам мерекелік дастарханның дәмін, әдемі сәнін кіргізеді. Қарашай ұлты көңілдегі көктемгі керемет күймен, әдемі әнмен, мың бұралған бимен Наурыз мейрамын тойлайды. Айта кетерлігі, қыз бен жігіт айтысы қазақ пен қарашай халықтарына көне кездерден ортақ өнер. Ұлыстың ұлы күнінде гармон аспабы арқылы жыр жарыстыратын қыз бен жігіт айтысы Наурыз думанының мазмұнын ашып, маңыздылығын арттыра түсетіні анық. Түбі бір түркі халықтарымен  ежелден  бірге жасап келе жатқан Наурыз мейра­мы жұртшылықтың жүрегін жақындатып, жақсылық жолына жетелейді. Қонаққа барып, қонақ күтіп, мерекеде құшақ жайып, бір-бірімен қуана көрісіп жатады. Наурыз мейрамында көктегі күннің шуағы да халықтың жанын жылытып тұрады. Жүректерді мейірімнің шуағымен жылытудың керемет үлгісін көк жүзі­нен көрсетіп тұрғандай күн де Наурыз айында ерекше мейіріммен жер-жаһанды жылытып тұратын тәрізді. Әз-Наурыз мейрамы адамның жан-дүниесін рухани тазартып, адамды рухани тазалыққа тәрбиелейді. Адам­ның бойында жақсы қасиеттердің көбеюіне ықпал ететін Наурыздың нығметі мол, – дейді көңілі кіршіксіз Мәрзия әже.

Өмірде көргені мен көңілге түйгені көп ақ жаулықты ана қазақ пен қарашай халқының тілінде, ұлттық салт-дәстүрінде ұқсастықтар бар екенін айтты. Кавказ жерінде дүниеге келген Мәр­зия Дәлішева Ұлы Отан соғысы кезінде отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Өмірлік жолдасы Әбдірәсіл Дәлішевпен бірге 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі таңда 25 немере, 14 шөбере сүйіп отырған Мәрзия әже әулетінің алтын тамыры. Күндіз-түні Аллаға алақан жайып, егемен еліміздің тыныштығын, ұрпағы­ның тілегін тілеп отырған Мәрзия әже перзенттерінің панасы әрі таудай тірегі. Өмірі өнегеге айналған ақ жаулықты ананың Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында тәтті тілек айтып, айна­ласын ақ батасымен арай­ландырып жүре беруіне тілектеспіз!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *