…Жартастан шал секірді терең суға

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

 

Таң елең-алаңда атқа қонған әкелі-балалы екі жолаушы Бүркітті тауының етегіндегі қара судың жағасына келіп тоқтады.

– Балам, аттар сәл солығын басқан соң суғарып, шідерлеп, отқа жібер. Біз де аздап дем­алайық, – деді жігіт ағасы болып қалған Құрман. Сөйтті де, су жағасындағы жалғыз қара ағаштың көлеңкесіне тоқымын төсеп жата кетті.

Енді көзі ілініп бара жатыр екен, ат тұяғының дүрсілінен оянып кетті. Артынша ұйқыны бұзған жолаушының өз даусы да естілді.

– Аттарыңның ақ сорпа болғанына қарағанда алыстан келесіңдер-ау шамасы. – Құр­ман күннен жасқанып көзін сығырайтып ашса, алдында есік пен төрдей торы ат мінген ақ сақалды шал тұр екен. Бұл кішілікпен орнынан қарғып тұрып:

– Ассалаумағалейкүм, ақса­қал, –  деп сәлем берді.

– Сәлемің сартқа, – деді шал мұның демеуімен атынан түсіп жатып. – Тәмпиген танауы аумайды, анау балаң ба? Мына­дай аптап ыстықта сусынсыз жүргендерің қалай? Қаратауда бұрынғыдай сылды­рап аққан бұлақ көп деп пе едіңдер? Жоқ, олардың бәрі әлдеқашан суалған, құрыған. Бұрын арқан бойламайтын мына өзенді көрмейсің бе, бүгінде шалшық қара суға айналған. Әй, бала, қанжы­ғамдағы қоржынды әкел.

Шал күйбеңдеп қоржынның аузын шешіп, әлі суып үлгер­меген шелпек нан, қымыз иісі аңқыған жанторсық шығарды. «Қане, балалар, отыра қалың­дар, аруақтарға бағыштап Құран оқып жіберейін». Бұлар енді байқады, биік құздан сәл төменірек төрт құлақ жалғыз бейіт тұр екен. Шал көзін жұмып мүлгіп отырып Құранды баппен ұзақ оқыды. Құран оқылып біткен соң шелпектен үзіп жеп, жалғыз ағаш тостақ­пен кезектесіп қымыз ішісті.

– Бұл – марқұм, менің бәй­бішемнің бейіті, – деді шал. – Қайтқанына он жыл болды. Сонда да әлі өлдіге қимаймын. Он бесімде қосылған қосағым еді, қысы-жазы әр жұма сайын басына келіп, Құран оқып кетем. Өліге тіріден осыдан басқа қандай шарапат тимек? Ал өздерің қай туған бола­сың­дар? Мына елсізде ат сабылтып не іздеп жүрсіңдер?

– Бәкен Серікбайұлының ауылынанбыз, – деді Құрман.

– Е-е, кешегі Керуен­ба­сының ұрпағы екенсіңдер ғой. Ата­ларыңды білем ғой мен. Шал шақшасын алып насыбай атты.

– Дәл солай, ақсақал. Ат басын тірейтін жеріміз – Айуан таудағы құдам Салғараның үйі.

– Е, Салғарамен құдамын де. Саржағал қатыны қызды көп туып еді. Соның бірі келінің болар, сірә!

– Дұрыс айтасыз, ақсақал, кенже қызы – мына баламның келіншегі. Осының әуресімен…

– Салғара менің туған бөлем ғой, – деді шал шырт түкіріп. – Шақабай шал сәлем айтты де.

«Салғараның бөлесімін» деген сөзге Құрман елең ете қалды. Осы шалдың бір көмегі тиер деген үмітпен асығыс жүрістерінің сырын ашты.

– Мына қасасынан қағынған қудың әлегімен ат сабылтып келем. Не әкетіп бара жатқанын білмеймін, үйленгені былтыр… Ыстық-суығы басылмаған… Осы көктемде көршіміздің бұрын екі байға тиген шошақай қызы тағы қайтып келген. Өзі түлкінің күшігіндей сүйкімді… Мына ант ұрған сонымен нетіп… жігіттік жасап… ойнап қойған ба, келін біліп қалып… Қысқасы, төр­кініне кетіп қалды. Енді құдаға жалынып, аяғына жығылып, ат-шапан айыбын тартып, кеші­рім сұрауға келемін. Құдам қатал кісі еді. Бөлеңіз болса, бір ауыз көмегіңізді айтыңыз. Тіпті, шаршамасаңыз, бірге жүріңіз.

Шақабай шал оның сөзін естімегендей таудың биік шыңына ойлана қарап отырды да, өз бетінше салдырлап сөй­леп кетті.

– Бұрынырақта, судың мол кезінде осы отырған жеріміз біздің ауылдың құтты қонысы, жайлауы еді. Ана аттар жайы­лып жүрген жер бие бау бо­латын. Ой, дәурен-ай десеңші, өтіп бара жатқан заман. Отыз жыл отасқан кемпірім осы жерде ауырып, қайтыс болды. Ұзақ өмірімде қуанышыма да, қайғыма да куә болған жер ғой бұл. Қуанышым – кемпіріммен шәй деспей, тату-тәтті өмір сүрдім. Қайғым – пұшпағы қанамай арманда кетті байғұс.

Қазақтың мінезін білесіңдер ғой, кемпірімнің жылы өтісімен-ақ ағайын-туыс, құда-жекжат, ішінде Салғара бөлем де бар, жиналып келіп ортаға алды. «Жалғыздық – құдайға ғана жарасқан, бір келген өмірден сабаулы қамшы болып жалғыз өтейін деп пе ең? Қаусап, қартайып тұрған жоқсың. Әлі бір қызды қартайтасың», – деп алқымдады. «Көп қорқытады, терең батырады». Көнбеске шарам қалмады. Алатын шал болса, тиетін қыз дайын екен. Қырыққа келгенше оң жақта отырып қалған бір қыз бар екен, соны әкеліп өздері үйге кіргізіп берді.

Пендеміз ғой. «Жас иіске» елітіп, барлық қайғымды ұмыт­қандай болып жүрдім. Бір түні кемпірім желегі түспеген жас кезіндегі бейнесімен түсіме кірді. Тура өңімдегідей: «Ләйлі мен Мәжнүндей шын сүйісіп едік. Оның бәрі жалған, бәрі өткінші екен ғой. Сен жатыр­сың бөтен қыздың құшағында. Талай сұмдығыңды кешіріп едім, тап мына опасыздығыңды кешіре алман. Егер маһшарда кездессек, жаныма жақын­датпаймын, жүзің қара. Қыз сипаған денең харам», – деп өкпе-наз айтып тұр.

Төсектен қалай атып тұрып кеткенімді білмеймін. Анау суға төніп тұрған жартасты көре­сіңдер ме, соның үстінде тұрғанымда есімді жидым. Ай сүттей жарық еді. Төмендегі терең су үрейді ұшыра толқып, жартасты ызалана ұрғылап жатыр. Су бетінен кемпірдің жас кезіндегі бейнесі көрін­гендей болды. Мені өзіне шақырғандай… Барлық өмірін маған арнаған, сыйлап өткен кемпіріме опасыздық жасаға­ным, қиянатым жүрегіме шаншудай қадалды. Мен сол сәтте кемпірімнің алдындағы кінәмді жууды ғана ойладым. Санама басқа ештеңе кірмеді. «Күт мені», – деп күбірледім-ау деймін, екі көзді тарс жұмып тұңғиыққа күміп бердім…

– Сөйтіп, суға кеттіңіз бе? – деді «қасасынан қағынған қу» ыржалақтап.

– Жо-оқ, – деді шал өкін­гендей. – Суға кете алмадым. Қой күзетіп жүрген жігіттер көріп қалып, шығарып алыпты. Мен бұл оқиғаны неге айтып отырмын? Әсте махаббатқа адал болу керек. Оның жолына ажал да қарсы тұра алмайды. Шынымен өлгім келген, бірақ құдайдың жазуы сол ма, өле алмадым.

– Ал әлгі әйеліңіз не бол­ды? – деді Құрман құмар­тып.

– Ә, ол әйел ме, ол – менің әйелім. Құдай да, кемпірім де кешірді-ау деймін, сол әйелден екі-үш қарадомалағым бар. Мен мына Жаңаарықта тұрам. Қайтарда жолдарың түссе, соғып түстеніп, қымыз ішіп кетіңдер. Ал қош болыңдар, балалар. Салғараға менен сәлем айт. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Балаңның балалығын бір жолға кешірсін…

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *