ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢІЗ ЖАДЫМЫЗДА

Асыл жар, сегіз баланың ардақты әкесі, немере-шөберелерінің атасы және менің құрметті құдам Кұрманбаев Мүбәрак Юсупұлының өмірден өткеніне осы наурыз айында бір жыл толады.

Құдам Мүбәрак  1937 жылы 10 мамыр күні Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарабек елді-мекенінде Юсуп молда қарияның отбасында дүниеге келген.

Ата-анасынан ерте айырылған  Мүбәрак жастайынан  еңбекке араласады. Мүкең 1958 жылы Құйған совхозында жүргізуші болып еңбек жолын бастаған. Кейін 1964 жылы жаңадан құрылған Балқаш ауданы, Топар совхозында жүргізуші, одан кейін етке мал дайындайтын дайындаушы болып қызмет атқарды. 1980 жылы Топар совхозында орталық қойма меңгерушісі болып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Совхоз экономикасының өсуіне үлес қосқан құрметті зейнеткер, әр жылдары совхоз басшыларының ұсынысымен мақтау қағаздары және сыйлықтармен марапатталған. Ауылдың сыйлы қариясы болды. Ұлы Отан соғысы кезінде, тылда еңбек еткен еңбектері үшін, Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдығына арналған мерейтойлық  медальдарымен және Д.Қонаевтың 100 жылдық медалімен марапатталған. Құрметті еңбек ардагері. Алматы қаласы, Алатау ауданындағы тыл еңбеккері ретінде құрмет көрсетіп отырды.

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші, Жиделі совхозында ұста-шебер болған, Қали деген қарияның Шәмария атты қызымен 1958 жылы  отау құрады. Шәмария құдағиым  екеуі алпыс жыл бірге өмір сүріп,  екі қыз, алты ұл тәрбиелеп, олардан немере-шөбере сүйген үлкен отбасының атасы болды. Балалары мен немерелері әр салада абыроймен қызмет атқарып жатқан азаматтар. Құдам Мүбәрактың артында қалған сүттей ұйыған, береке-бірлігі жарасқан, үлкен шаңырағындағы жанұясына, бала-шағасына, аяулы жары, құдағиымыз Шәмария ақылшы болып отыр.

Шәмария құдағиымыз «Алтын алқа» иегері. Қарашаңырақтың шуағы, келіндеріне өзінің  қазақ ұлтының дәстүрін үйретуден жалықпайды, немере-шөберелерімді көргенде бір жасарып қаламын деп отырады. Ендігі арманым осы Алла берген немере-шөберелерімнің қызығын көрсем дейді Мүбәрактың шаңырағының шырақшысы Шәмария құдағиым.

Жаны жақсы адамдар жүректе сақталады. Қадірлі құдам Мүбәрак Юсупұлының жарқын бейнесі қашан да жадымызда. Жаңыныз жәннатта, иманыңыз мәңгі серігіңіз болсын, Мүбәрак құда!

Қасен  ШАЛАБАЕВ,

«Теректі» ықшамауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы,

Қарасай ауданының Құрметті азаматы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *