Жапондар мойындаған қазақ ғалымы

Ғасырға жуық тарихы бар атақты №12 мектептен түлеп ұшқан түлектердің қолтаңбасын әр саладан көруге болады. Өзінің түлектерін қашан да бағалап, олардың шыққан биігі мен алған асуын әркез жас ұрпақ жадында жаңғыртып отыратын  мектеп ұжымы оқу жылы барысында бірнеше кездесу өткізген еді.

 Рая ЕСКЕНДІР

Сондай кездесулердің бірі – «Жылдың ең үздік кездесуі» осы мектепті бітірген, бүгінде дүние жүзі мойындаған қазақ ғалымы Темірғали Әбілдаұлымен болған кездесу кеші еді. «Ғасыр ғұламасы» атанған Темірғали Көкетайды, ең алдымен, жапон­дардың мойындауының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ештеңеге таңқал­майтын, ешкімді мойындай бермейтін, жаңалық ашуға жаны құмар жапондықтар Темірғали Әбілдаұлының білімін, ашқан жаңалығын, ғылымға қосқан жаңашыл­дығын ерекше қабылдап, серіктес ретінде бірлесе еңбек етуге белсене кіріскен еді.

Ғалым Темірғали Әбілдаұлының түрен салған саласы да екінің бірі бара бермейтін, жоғарғы энергиялы сәулеленулердің қатты денелермен өзара әсерлескеннен пайда болатын күрделі рекомбинациялық процес­тердің механизмдерін зерттеу. Қатты дене­де байқалатын құбылыстарға кристалдың құрылымының әсерін тұңғыш зерттеген де осы Темірғали Әбілдаұлы болатын.

«Ғасыр ғұламасы» атанған ғалымның балалық шағы Қарағандының Жаңаарқа ауданындағы Иманақ тауы бауырының етегіндегі Жеткеншек ауылында өтеді. Осы ауылда дүниеге келген болашақ ғалым ауыл мектебінен әріп танып, кейін Алма­тыға жол тартады. Алматыға келіп №18 мектепте, кейін №12 қазақ орта мектебінде білім алады. Қазақтың кіл тұңғыштары білім алған атақты №12 мектепке жолы түскен Темірғали Әбілдаұлының қазақ ғылымын дамытып, оның өркендеуіне үлес қосу туралы үмітін де оятқан осы киелі шаңырақ еді.

Сондықтан гимназия басшысы Рахима Сәкенова хабарласқан сәтте, атақты ғалым бұл шақыртуды бірден қабыл алып, кездесу кешіне асыққан еді. Атақты алтын ұяға келіп, сонау жылдар санасында жаңғырған ғалым көзіне жас алып, тебіренісін жасыра алмады. Дәліздегі шежіре тұнған сары суреттерге ұзақ үңіліп, балалық шағының белгісін іздеді. Тарихты «тірілткен» гимназия ұжымына алғыс айтумен болды.

«Аңызға айналған алтын ұя» атанған қазақ тарихының кені №12 мектеп шаңырағын ардақты арыстардың рухы кезіп жүргендей. Кешегі қазақтың ұлт болып қалыптасуына күш-жігерін салған зиялылардың өздері өмірден өтіп кетсе де, көздері қалған көне шежіренің шері тұнған мұражайға келіп, әрбір мұрағаттан, сарғайған сары суреттен сыр ұққан ғалым қатты толқыды. Сосын өзін күтіп отырған бүгінгі бақытты елдің ұл-қызына асықты. №12 мектептің өнерпаз балаларынан тұратын «Бала Шоқан» театры кешегі күнді тағы бір жаңғыртты.

Бала Темірғали мен оның сыныптас­тары туралы сахналық қойылым ғалымның жүрек пернелерін шертіп-шертіп жібер­гендей болды. Бала күнгі бейнесімен қауыштырған оқушыларға ризашылығын білдіріп, таза бұлақтан су ішкендей күй кешкен атақты ғалымның жаны жадырап, әңгімеге араласты.

Өзінің Абай атындағы Қазақ мемле­кеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін ойдағыдай бітір­генін, кейін Эстония ғылым академия­сының Физика институтының аспиран­турасына оқуға түскенін айтып, ғылым жолында Мәскеу, Ленинград, Тарту, Киев, Новосибирск сынды қалаларда өткен маңызды конференцияларға қатысып, ой-пікірін білдіріп, үн қосқаны туралы әңгімелеп берді. Нағыз ғылымға бет бұрған жылдары туралы да аса ризашылықпен еске алды.

– 1972 жылы Қарағандыда республи­камыз бойынша екінші университет ашылған еді. Сол университеттің ректоры Евней Арыстанұлы мені жаңадан құры­латын Қатты дене физикасы кафедрасына меңгерушілікке шақырды. Осылайша оқытушылықпен бірге зерттеушілік қызметім де басталды, – деді ғалым.

Мектептің «Жас физиктер» клубының дарынды оқушылары күнде кездесе бер­мейтін ғалымға көкейлеріндегі сан сауалды қойып үлгерді. Әсіресе, физика саласы үшін соны жаңалық болған «180 градусқа дейін қыздырылған кез-келген қатты дене сыртқа жарық бермей қоймайды» деп суық жарықты ойлап тауып, дененің оттай болып қыздырмай-ақ сыртқа жарық шығаратынын алғаш болып дәлелдеген ғалымның жаңалығы әлем ғалымдарының назарын аударғаны туралы да оқушылар қызығушылықпен сауал қойып, ғалымның бұған жауабын өз аузынан естіді.

Атақты ғалым Темірғали Әбілдаұлы №12 мектеп қабырғасындағы оқушы кезінен бастап бүгінгі ғылым саласындағы жетістіктері туралы жетік біліп отырған Рахима Бөлекбайқызына ризашы­лығын білдірді. Алтын ұя босағасын көрнекті ғалым болып аттаған Темірғали Әбілдаұлы өзін бір сәт оқушы сезініп, қимастықпен қоштасты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *