ЖАПОНДАР МЕМЛЕКЕТТІК БАСЫЛЫМДАРДЫ ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРЫП, БАУЫРЫНА БАСЫП ОТЫР

Осыдан үш жыл бұрын Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі халықтың ақпарат құралдарына деген сенім деңгейін анықтау мақсатында он үш  жастан жетпіске дейінгі жапон азаматтары арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 1500 адам қатысқан. Оның  70,1 пайызы  газет сөзіне сенетінін айтқан. 2012 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан сауалнаманың мақсаты – ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің тиімділік деңгейін бағалау.   

Жапон сарапшылары «ғаламтор баспа­сөзді басып кететін болды» деп қауіптенуде. Өйткені, Жапонияда бас­пасөздің үлесі әрдайым басым болға­нымен, ғаламтордағы ақпараттар тасқы­ны қоғамға өз әсерін тигізуде. Ақпарат алу тәсілі бойынша Күншығыс елінде портал, сайттардың көрсеткіші газет­термен теңесіп, 2016 жылы 59,1 пайыз­дан 60,4 пайызға көбейіпті. Ал әлеу­меттік желілерді тиімді пайдалану­шылар саны 70 пайыздан асады.

Десе де, аға буынның ақпаратты негізінен газет-журналдардан алатыны айқын. Жас ұрпақтың ғаламторға әуестігі жалпы дүниежүзілік сипат алып бара жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерге тіркелген жапондардың саны көбейгенімен, баспасөз сенімді ақпарат көзі боп қала береді. Бүгінде ғаламтор негізгі ақпарат алаңы десек те, сауална­маға жауап бергендердің 33,8 пайызы ғана ондағы мәліметке сенетінін айтқан. Демек, жапонның баласынан қариясына дейін газеттерді сенімді ақпарат көзі деп біледі. Сараптамада жапондардың 70,1 пайызы газетте жарияланған мәліметке иланатыны айтылған. Ақпараттың нанымдылығы тұрғысынан теледидар 65,5 пайыз болса, ғаламтор содан кейінгі орында. Журналға халықтың 20,5 пайызы сенетін көрінеді.

Жапонияда әлемнің басқа елдері сияқты әлеуметтік желілерді қолдана­тын жастар қатары көбейген. Бір емес, бірнеше әлеуметтік желіге тіркелген жапондар бұрын 66,5 пайыз болса, соң­ғы уақытта бұл көрсеткіш 71,2 па­йызға жетіпті. Жапониядағы «Sankeіbіz» порталының мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы Күншығыс елінде негізгі сарап­тамалық 1,466 сайт болса, 2018 жылы олардың саны 4,018-ге жеткен. Яғни бұл елде он жылда сайттар 2,7 есеге өсті деген сөз. Күншығыс елінде газет-журналдар да көбейіпті. 2009 жылы 1708 болса, 2018 жылдан бері 1860 баспасөз құралы тіркеуде тұр. Алайда, газет-журнал саны артқанымен, олардың жалпы тиражы он жыл ішінде біршама төмендегені байқалады. Сайт мәліметі бойынша, 2009 жылы газеттердің тиражы 153 миллион 760 мың болыпты. 2018 жылы газет тиражы 19,8 пайызға төмендеп, 123 миллион 390 мыңды көрсеткен. Журналдардың да таралымы азайған.

Жапонияда басылымдар тақырыбы мен таралу аймағына қарай мемле­кеттік, аймақтық, спорттық, апталық, айлық басылымдар болып бөлінеді. Бұлардың ішінде айлық басылым­дардың тиражы біраз төмендепті. Апталық басылымдар тіптен 45 пайызға азайған. Жалпы, басылымдардың ішінде тиражын құлдыратпай ұстап тұрғаны – префектураларда шығатын аймақтық газет-журналдар. Баспасөз рейтингінің 2009–2018 жылдар арасындағы ахуалын анықтау үшін сараптама 505 газет-журналға жүргізілген. Оның ішінде 42 мемлекеттік басылым, 82 аймақтық, 26 спорттық, 35 апталық, 320 айлық газет-журналдар. Таралымын көп төмендетпей ұстап қалған басылымдар негізінен ай­мақтық және спорттық газет-журнал­дар.

Газет-журнал таралымының төмен­деуі жалпы бүкіләлемдік үрдіс екені белгілі. Мұның себебі, әрине ғаламтор­дың даму қарқындылығымен байла­нысты. 2008 жылы Жапонияда іPhone смартфондары сатыла бастады. Ел іші және әлемдегі жаңалықтарды жедел жеткізіп отыратын сайттар көбейді. Халықтың ақпараттармен смартфон арқы­лы танысу үрдісі белең алды. Жапон сарапшылары елде газет-журнал оқырмандарының төмендеуін осымен байланыстырады.

Жапон газеттері ғаламтор сайтында, әлеуметтік желілер арқылы да мате­риалдарын оқырманға ұсынуда. Осы орайда жапон басылымдарының сайт­тағы маркетинг жүйесі туралы бір ауыз сөз. Көптеген жапон газеті сайт­тағы материалдарды «ақылы» және «ақысыз» деп бөледі. Мақала ақылы болса, сайтқа оның басы жарияланады да, толық оқу үшін оқырман тіркеліп, ақша төлеуі керек. Сайтқа шыққан мақала бөлігінің таңба саны (иероглиф, кана) да көрсе­тіледі. Сонымен қатар, тіркелген соң оқуға болатын бөлігінде неше таңба бары да көрсетілген. Мақаланы толық оқу үшін қанша иен төлеу керектігі де жазылған. «Асахи­шинбун», «Майни­чи­шинбун» сияқты іргелі газеттердің сайты мақаланы оқудың ақылы жүйе­сімен істейді.

Жапонияда тек елге белгілі тұлғалар ғана емес, қарапайым азаматтардың арасында жеке блогын ашып, қысқаша ой-пікір, тұжырымдары ғана емес, көлем­ді материалдарын жариялай­тындары көп. Жапон блогерлері негізі­нен тағамдар, шет елге саяхат, табиғат, ұлттық өнер, белгілі бір салаға қатысты жазғандарымен бөліскенді ұнатады.

Сараптамаға назар салсақ, аға буын ұрпақ газет-журналды көп оқитыны байқалады. Осы тұрғыда Жапонияның газет индустриясын қариялар ұстап тұр деген пікір дұрыс сияқты. Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі 2017 жылы жүргізген қоғамдық зерттеуге назар салсақ, жасы алпыстан асқан газет оқырмандарының пайыздық саны 55,4 екен. Елу жастағы оқырман саны 41 пайыз болса, қырық­тың ішіндегілер 27 пайыз. Отыз жастағы оқырмандар 18,2 пайыз ғана.

Жапонияда қай салаға қарасаңыз да, бөлшек-бөлшек, минут-минутына дейін бәрін есептеп, қадағалап отырады. Маман­дар әр жапон азаматы газет-журнал оқу үшін күніне қанша уақыт жіберетінін де анықтапты. Бұл елде он жасар баладан тоқсандағы қарияға дейін газет оқиды. Жалпы, жапондардың күніне газет оқуға жұмсайтын уақыты – 36,1 минут. Ал кітап, журнал және комикстерге 61,7 минут, яғни бір сағат­тан сәл көп уақыт жібереді. Жапония тұрғындары орташа есеппен күніне бір сағат кітап пен журнал, жарты сағат газет оқиды деген сөз. Жапон азама­тының жасы ұлғайған сайын газет-жур­нал оқуға жұмсайтын уақыты да көбі­рек екені байқалады. Жапон жасөспі­рімдері күніне 11,7 минутын газет-жур­налға арнаса, алпыстан асқан ақсақал­дар 46,5 минут баспасөз беттерін парақтайды.

Дүние жүзі бойынша медиа сала­сында ғаламтор үстемдікке ие дегені­мізбен, Жапонияда газет-журналға тек ақпарат көзі деп қарамайды. Жеке басындағы һәм қоғамдағы мәселені шешуге серпін беретін күш деп біледі. Бұған дәлел – Жапония тұрғындары­ның 89 пайызы айына бір рет қандай да бір мәселеге қатысты газет редакция­сына хабарласады екен. Бұл жалпы жапон халқы баспасөз қызметкер­леріне сенім артады деген сөз. Жапон газеттері жаңалықты ақпарат агенттіктерінен де жылдам жеткізеді деген түсінік бар.

Адамзаттың санасын ғаламтор жаулап алды дегенімізбен, қазіргі таңда жапон газеттері әлемдегі ең тиражы көп басылым саналады. Іргелі жапон газет­терінің таңертеңгі және кешкі шыға­рылымдары миллиондаған тиражды құрайды. Мысалы, үздік бес ұлттық басылым санатындағы «Йомиури» газеті­нің күнделікті таралымы 10 мил­лионнан асады. Газеттерді үкіметке тәуелді емес корпорациялар басқарады, сондықтан жапон баспасөзі жалтақ емес, сөз қуаты мықты.

 

 Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы,

(«Егемен Қазақстан»

8 қазан, 2019 ж.)

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *