Жаны жайсаң азамат еді…

Белгілі қаламгер, қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі, аудармашы, сан қырлы талант иесі Бекболат Әдетов өмірден озды

Бекболат Әдетов туралы замандас-достары, ізетті інілері өз ісіне адал, мамандығына әбден машықтанған мықты тұлға еді дейді. Ол кісі журналистика саласындағы талай буынды тәрбиелеген ұстаз да бола білген. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін қаламгер көптің, қоғамның көкейіндегі мәселелерді қозғап, оқырманның көңіліне қонатын дүниелерді өндірте жазған жан.

Еңбек жолын елден, нақтырақ айтсақ, Алматы облыстық «Ком­мунизм таңы (қазіргі «Жетісу»), Қостанай облыстық «Жаңа өмір – «Новая жизнь», Торғайдың «Торғай таңы» газеттерінен бастаған Бекболат Әдетов – очерктер мен суретте­мелер, әзіл-оспақ пен фельетондар, саяси тақырыптарға арналған бас мақалалар мен шолулар, экономикалық сараптамалар мен талдаулар сияқты, тағы басқа да жанрларда қалам тербеген сан қырлы талант иесі.

Ол, сондай-ақ, артына тамаша шығар­малар мен кітаптар қалдырды. Оның публицистикалық туындыларынан бөлек, көркем шығармалардан тұратын «Бәй­шешек», «Алтынай», «Жердегі жұлдыздар», «Іңкәр көңіл» атты төрт кітабы жарық көрген. Сонымен қатар, 8 романды қазақ тілінде сөйлеткен тамаша аудармашы. Атап айтсақ, қаламгердің  қазақшалауымен Виталий Коротичтің «Өшпенділік ұсқыны», Мигель Астуриастың «Жүгері адамдар», «Дауыл», «Көрдегілердің көздері», Драго Янчардың «Қашқын», Вальтер Скоттың «Пуритандар» романдары оқырмандар жүрегіне жол тапты.

«Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, ірілі-ұсақты газет-журнал беттерінде, әсіресе, қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Егемен Қазақстанда» қолтаңбамыз қалды. Қаламымыздың қарымы да, жүрегіміздің жалыны да сонда жатыр», – деп бір кездері ағынан жарылған ақжүрек қаламгер-әріптесіміздің пейіште нұры шалқысын дейміз.

Адамзатқа ізеттілік пен зиялылықтың үлгісін көрсеткен, жаны жайсаң азаматтың елге сіңірген еңбегі мен жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

     «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

АҒА ДЕГЕН ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЖАН ЕДІ

Жақсы адамды жоғалту қашан да адамға өкініш әкеледі. Бекболат аға өмірден озыпты дегенді естігенде, ет жақын бауырымды жоғалтқандай күй кештім. Шындығында Бекболат аға сондай бауырмал, кішіпейіл, қарапайым жан болатын. Ешқашан адамға дауыс көтеріп сөйлемейтін.

Ол кісінің қалам ұстап жүрген қыздарға деген құрметі де ерекше  еді. Білмегенімізді үйретіп, артық кеткен жеріміз болса, оны байсалды, сабырлы мінезімен түзеп, жөндеп жіберетін. Бекболат ағамен «Ауыл», «Дала дидары» газеттерінде  бірге жұмыс істедім, сондағы бір байқағаным, ол кісі өте білімді болды. Қандай сауал қойсаңыз да, соны жан-жақты түсіндіріп беретін. Үйге келген соң Бекболат аға айтқан тақырыпты іздеп, соны жан-жақты зерттеуге тырысатынбыз. Бекболат ағаның қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі зор. Сондықтан ол кісінің рухани әлемдегі өмірі енді басталады деп ойлаймын. Өйткені, ол кісінің журналистика саласындағы еңбектері зерттеуге, талдауға әбден лайықты, бүгінгі қалам ұстап жүрген жас журналистерге өнеге етер тұстары көп. Алланың әміріне ешкім қарсы тұра алмайды, пешенеге жазылған уақыты аяқталған кезде адамдардың барлығы да мәңгілік мекеніне аттанары хақ. Мәңгілік мекеніңіз жұмақтың төрінен болсын, иманыңыз серік болып, пейіште нұрыңыз шалқысын, аға деген құрметке лайық асыл аға!

 

Ділдар МАМЫРБАЕВА,

журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер  және

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *