ЖАНЫ ТАЗА АДАМДЫ, ТАҒДЫР ӨЗІ САҚТАЙДЫ

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы

 

Өткен емес өмірден,

Жан қинамай, азапсыз.

Арымыз да, тәніміз,

Адал, таза қазақпыз!

 

***

Жақсы оттың басынан,

Қуаныш, ырыс кетпейді.

Дүниеде ауызбірлікке,

Ешбір байлық жетпейді.

 

***

Еңбек түбі – береке,

Болсаң да кедей жасыма.

Сабыр түбі – сары алтын,

Қонады бақ басыңа!

 

***

Ананың ақ жүзінен,

Төгілсе нұр шуағы.

Беріп қуат бойыңа,

Керемет ойлар туады.

 

***

Болсын жақсы ертеңің,

Кең жайылсын өркенің.

Көзде үлкен мақсатты,

Екі сөйлеу ерге мін.

 

***

Тәрбиесін баланың,

Жіберіп алсаң жасынан.

Тату, бірлік кетеді,

Ұйыған оттың басынан.

 

***

Айтқан тілді алмайтын,

Пендені жақсы санама.

Ел қадірін білетін,

Бер тәрбие балаңа.

 

***

Ізетті адам әрдайым,

Жасты желеп, жебейді.

Бойына қуат дарытып,

Қолтығынан демейді.

 

***

Бет-жүзіне қарамай,

Айтсақ сөздің тазасын.

Сыйықсыз жаман көрініс,

Алып жүр адам мазасын.

 

***

Қым-қуыт мына өмірде,

Тітіркеніп жүр денем.

Ғаламтордан көремін,

Не сұмдықты күнде мен.

 

***

Жетіп жатыр құлаққа,

Естімеген небір сөз.

Астаң-кестең тірлікті,

Көріп отыр екі көз.

 

***

Өзің өскен еліңнің,

Мәртебесін биіктет.

Отаныңа адал боп,

Ұрпағыңды сүйікті ет.

 

***

Сену қиын адамға,

Алдап, арбап кетеді.

Бірге жүріп жылмаңдап,

Сол түбіңе жетеді.

 

***

Жайнаған жақсы өмірдің,

Шырқын ешкім бұзбасын.

Туған елін көркейтіп,

Жарылқасын өз басын.

 

***

Байлық қолдың кірі,

Бір жуғанда кетеді.

Болсаң тойымсыз,

Түбіңе сол жетеді.

 

***

Шашпа елдің байлығын,

Кеуде керіп, талтаңдап.

Қаларсың ел алдында,

Сағың сынып, қалтаңдап.

 

***

Түрі жаман шулатып,

Ұмытты елін, жұртын.

Салып жүр мол байлыққа,

Алартып көздің құртын.

 

***

Ана менен баланың,

Қорқыңдар көз  жасынан.

Байлыққа қатты қызығар,

Мейманасы тасыған.

 

***

Ойнақшып көзің,  көлгірсіп,

Еліңді қалай сүйесің?

Бұзған соң  істің жүйесін,

Жүйкең тозып, күйесің.

 

***

Салса суға батпайды,

Отқа салса жанбайды.

Жаны таза адамды,

Тағдыр өзі сақтайды.

 

***

Бөстекі сөйлеп даттама,

Сыртынан арын таптама.

Көргені мәнсіз адамды,

Құр бекерге мақтама.

 

***

Қарасаң жеткізбейді,

басына шың,

Ісіне кей адамның

ашынасың.

Байлығын дүниенің

жинап алып,

Қалайша көре-көзге

басынасың.

 

***

Істі бастағанда,

Болмаса екпінің.

Босқа өтеді,

Есепсіз көп күнің.

 

***

Болмаса жұғымың,

Бір адам да қарамас.

Ішкен асың да,

Бойыңа тарамас.

 

***

Қызықсың өзің,

Таусылды төзім.

Көңілге қонбайды,

Аунақшыған сөзің.

***

Әйелдің шашы ұзын,

Ойы – қысқа.

Еркектің мысы басым,

Сөзі – нұсқа.

 

***

Балаң  ерке-шолжаң,

Болса жалғыз тозасың.

Екеуі  болса қанатың,

Қатарыңнан озасың.

 

***

Тұрмайды өмір қалпында,

Сақталар әдет-салтың да.

Еңбек зая кетпейді,

Қадірлейді халқың да.

 

 

***

Таза ауа пайдасын,

Келеміз әлі ескермей.

Мініп алған желкеге,

Көк жалқаулық дес бермей.

 

***

Бойына сіңген әдет,

жатыпішер.

Адамға жалбақтайды,

күні түсер.

 

***

Кемтарға мойын бұрып,

қарамайды.

Беруге қолдың ұшын,

жарамайды.

 

***

Тұрсаң қарап тірлігіне,

Су жұқпайды найзасына.

Ой жіберу мүмкін емес,

Есепсіз көп пайдасына.

 

***

Тым керемет зәулім үйді,

Салмаған соң айлығына.

Бар табылған оңай олжа,

Батырады қайғы-мұңға.

***

Болса жаман сүйгенің,

Отына өмір күйгенің.

Азаптың салып әлегі,

Таусылмайды күйбеңің.

 

***

Болмайды жүзі жылы,

Жаман адам жасық.

Қабағынан қар жауады,

Іші арам, өзі пасық.

 

***

Тірі жүрген кей адамның,

Тұр жарқырап бейіті.

Байлықты басқан белінен,

Осылай кескін-кейпі.

 

***

Сұғып басын

құлқынқұмар,

Тоймады қанша жесе де.

Өлмей жатып зәңкитіп,

Қойды салып кесене.

***

Гүлдену үшін аймағы,

Көбейсін елдің қаймағы.

Кетпесін шығып төріме,

Үймелеп қайда-жайдағы.

 

***

Тәрбиенің бір тіні,

Тарқатылып кеткендей.

Күллі бәле қарқыны,

Санамызға жеткендей.

 

***

Айтылсын сөз аталы,

Болсын басым баталы.

Еркекті тезге салатын,

Әйелдің жақсы қаталы.

 

***

Кеудені керу – індетің,

Үлкенді сыйлау –

міндетің.

Әрбір жүріс-тұрысқа,

Сал зейінді күнбе-күн!

 

***

Кісі есігі – мұз,

Кетсең құлап –

құз.

Соның тілін

табатын,

Биік тұлға қыз.

 

***

Әлдекімді

жамандап,

Ағылса сөз тиегі.

Ашынып ішің

күйеді,

Намысқа

қатты тиеді.

 

***

Қосылып

еді сүйіп,

Жүр отына күйіп.

Адуынды мінезі,

Басқа түскен күйік.

 

***

Істеген ісің шала,

Жабасың кімге жала?

Кеудені көп көтермей,

Көзіңе қара бала.

 

***

Жамандаған өз елін,

Қашып қайда кетеді.

Туған жердің қадірі,

Санасына жетеді.

 

***

Өмірде көп құпия,

Жолда жүрме жалғыз.

Жазатайым алдыңнан,

Кездеседі тау, құз.

 

***

Ізін аңлып байқатпай,

Жоқты инеге тізесің.

Жапсаң жала біреуге,

Қақпанға өзің түсесің.

 

***

Білсең уақыт құйың,

Түк бітпесе қиын.

Істің көзін таппай,

Кетсе өтіп күйін.

 

***

Көзді ашытар түтін,

Жүрген дұрыс бүтін.

Жан-жағыңа қарап,

Өзіңді-өзің күтін.

 

***

Игі іске сүйін,

Болса нашар күйін.

Салсын сәтін әр істің,

Болды осы түйін.

 

***

Тайса бастан күйің,

Оңай емес, қиын.

Тәуекелге бел буып,

Бір Аллаға сыйын!

 

***

Ақпейіл, ізет, ынтымақ,

Жарасар адам басына.

Жеткіздім ойды осылай,

Бәріңе, кәрі, жасыңа.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close